28 маусым Қазақстанда БАҚ қызметкерлері күні ретінде кеңінен атап өтіледі.

Фото: zhaikpress.kz
Бұл айтулы күннің тарихы 1991 жылғы 28 маусымда қабылданған Қазақ КСР-ының «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» тұңғыш заңымен тікелей байланысты. Отандық баспасөз тарихында ерекше орны бар бұл дата ұзақ жыл бойы Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні ретінде тойланып келді. Кейіннен, 2019 жылы Үкімет қаулысымен бұл мереке ресми түрде Журналистика күні болып бекітілсе, 2023 жылы БАҚ саласында еңбек ететін барлық маманның мәртебесін айқындау мақсатында атауы «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні» болып қайта өзгертілді.
Бүгінгі таңда еліміздегі медиа саласы үлкен қарқынмен дамып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 5 мыңнан астам ресми тіркелген бұқаралық ақпарат құралы бар, олардың басым бөлігін (шамамен 80%-дан астамын) мерзімді басылымдар мен интернет-ресурстар құрайды. Сондай-ақ ел аумағында 150-ге жуық телеарна мен 80-нен астам радиостанция тұрақты хабар таратады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, отандық медиа кеңістіктегі БАҚ-тың 70%-ға жуығы жекеменшік секторға тиесілі, бұл елдегі ақпараттық бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетеді. Сала мамандарының есебінше, қазіргі таңда республика бойынша журналистика, телерадио, PR және баспа ісі бағытында 20 мыңнан астам кәсіби маман еңбек етіп, мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір қызметін атқаруда.
Аяужан Кереева,
zhaikpress.kz