7.07.2019, 13:06
Оқылды: 148

Бүгін - Ұлттық домбыра күні

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», - деген еді.

7
Нарын құмындағы Жалпақшағыл Жиделіде дүниеге келіп, қара шанақтан саулатқан күйімен күллі әлемді ұйытып, домбыра мен қазақтың егіз ұғым екенін, екеуін айырса ажал ғана айыратынын дәлелдей білген жерлесіміз Құрманғазы Сағырбайұлы пассионар тұлға болатын.

Жазушы, өнертанушы Ақселеу Сейдімбек белгілі тұлғалардың тарихтағы орнын безбендей келе: «Еуропа ренессансының Данте мен Джоттодан басталып, Байронмен аяқталатыны сияқты, қазақ ренессансы да Құрманғазыдан басталып, Абаймен тұйықталғандай. Бұл жай ғана әсіре теңеу емес, терең зерттеп тануды қажет ететін тарихи ақиқат. Мұндай тарихи ақиқатты неғұрлым терең таныған сайын, соғұрлым тарихи тұлғалардың болмыс-бітімі жан-жақты ашылып қана қоймайды, ең бастысы, ұлт мәдениетінің тарихи парқы танылып, тек-тамыры тұлғалана түседі. Сонда бүгінгі және болашақ ұрпақты XIX ғасырда Құрманғазы мен Абайдың дүниеге келуі таңқалдырмайды. XIX ғасырдағы қазақ халқының мәдени-рухани тегеуріні Құрманғазы мен Абай сияқты құдіреттерді дүниеге әкелмей қоймайтынына ден қоятын болады.

Құрманғазы – қазақ ренессансының алғашқы іңгәсі, жез қанат қарлығашы. Оның құдіретті күйлері қазақ даласындағы протекторат кезеңімен үндес шығып, ел ішіндегі жаңғыра түлеген көшпелі өмір-салт стихиясымен біте қайнасып дүниеге келді. Патшалық Ресейдің тұзағы алыстан орап жатқан кезеңдегі аз ғана тарихи толас кезеңі көшпелі қазақтың әлеуметтік-тарихи рухын мейлінше асқақтатып үлгерді. Құрманғазының барша дарын-тағдыры халық болмысымен шендесіп, аз аязда шығандап үлгерген өршіл рухы отаршылдықтың кейінгі зардабымен бітіспес күреске шықты. Бұл ретте, Құрманғазының күрескерлігі өлетін мал, тозатын дүние үшін емес, шын мәнінде заманалық құбылыстармен шарпысу арқылы көрініс тапты. Көшпелі қазақ қоғамының жаңғыра сілкінген тарихи толғағы Құрманғазының ұлы сүре күйлерін дүниеге әкелді».

Құмды алқаптағы таңғажайып табиғаттың сиқырлы симфония іспеттес тынысын көкірегіне түйіп, белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген, қасарысқанның қабырғасын сөгіп, айқасқанның апшысын қуырған, батырлықпен мерт болса да сертіне, адалдығына кіршіксіз қылау түсірмеген садақты сахара сардарлары жорытқан өлкеден шыққан Құрманғазы бабамыз өз күйлерімен жауының мысын қайырып, халқының намысын қайрады. Исатай мен Махамбет бастаған Кіші жүздегі ұлт-азаттық күрес тұсында «үлкен ағам Исатайға кіші інісі Құрманғазыдан» деп бабамыз «Кішкентай» атты күйін шығарды.
«Қиядан қиқу төгілсе, атының басын тартпаған. Қисапсыз жау көрінсе, түршігіп беті қайтпаған. Батыр туған қалпынан, қазақ атты халқымның» ұрыс алдындағы рухын оятып, намысын жаныған да домбыра мен оған тіл бітірген Құрманғазы бабамыздың күйлері.

Күй атасы тарихтың дүбірлі дүрмегіне өзіндік үлесін қосқан, қойнауы құт, тарихы шежіреге бай, ұлылар мен жайсаңдарды киелі топырағына бас идірген, «күлдір, күлдір кісінетіп, күреңді мінген, күдеріден бау тағып, ақ кіреуке киген» оғландар мен жампоздарды тарту еткен қасиетті қазақ топырағында дүниеге келіп, Ресейдің Астрахань облысының Володар ауданындағы Алтынжар ауылында мәңгілік тыныс тапты.

1997 жылы осы ауылда Құрманғазы бабамызға сәні мен салтанаты келіскен кесене ашылып, Елбасы Н.Назарбаев арнайы барып, Еділ бойының қазақтары мен көп ұлтты Астрахань жерінің тұрғындары алдында тебіреніспен былай деген болатын: «Теңдесі жоқ күйші, қазақ музыкасында тұтастай бір бағыттың негізін қалаушы Құрманғазы Сағырбаевтың есімі әрбір қазаққа ғана танымал және қымбат деу аз. Оны орыстар мен поляктар, татарлар мен немістер, өзбектер мен украиндар, алуан түрлі ұлттардың өкілдері естен шығармай, сүйіп тыңдайды. Сондықтан да бүгін біздер мен сіздер, ресейліктер мен қазақстандықтар есімі әлемдік тарихқа мәңгілікке жазылған адамды қастерлеп еске алып отырғанымыз мәдениеттің халықтарды жақындастырудағы рөлінің қаншалықты зор екенін тағы да айқын көрсетеді».

Иә, өнерімен, өр мінезімен ұлтының ұйытқысы бола білген Құрманғазы Сағырбайұлының есімін ұлықтау жолында облысымызда толымды жұмыстар жүргізілуде. Орал қаласында даланың дархандығын бойына жиған құдіретті күйшіге арналған ескерткіш тұрғызылып, көшеге есімі берілді. Күллі қазақ өнерінің қас шебері, күй атасы атанған Құрманғазы бабамыздың ЮНЕСКО көлемінде 200 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мерейтой қарсаңында БҚО тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты арнайы жасақталған экспедиция күйшінің басына тəу ету мақсатында оның ізі қалған жерлерге арнайы барып, зерттеу жүргізуі рухани сілкініс әкелген оқиға. Экспедиция мүшелері осы жұмысы арқылы домбыраның қазақтың жаны екенін тағы бір мәрте дәлелдеп келді.

Кез келген мемлекеттің, сол елдің атын иеленген халықтың ұлттық болмысын айғақтар, танымын даралап, талғамын сараптайтын, сол халықтың менталитеті туралы хабаршы болар идеологиялық қуатты құралы не десек, ауызға алдымен музыкасы мен сол әуенді аударманы да, тілді де қажет етпей жеткізетін аспабы түсері хақ. Қазақтың қалпын танытатын, нағыз қазақ – Домбыра.

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен былтырдан бастап шілде айының бірінші жексенбісінің Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Бұл қазақтың ары мен жаны, рухы мен намысына айналған ұлттық аспабымыздың дәрежесін биікке көтеріп, мәдени құндылықтарымызды жаһандық деңгейде ұлықтап, ұлттық айбынымызды асырып, халықтық қалпымызды даралап, тіліміз бен тарихымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, музыкамыз бен салт-дәстүрімізді сақтап қалу жолында заманауи, жалпы ұлттық сипат қалыптастырып, ұлттық реңк берді.

Былтыр қыркүйек айында күй атасының 200 жылдық мерейтойына орай «Саз пернелі Сарайшық» деген атаумен халықаралық күй фестивалі өткізілді. Осынау өнер додасында халқымыздың болмысы мен мінезін, бет-бейнесі мен табиғатын, сенімі мен сезімін, жігері мен еркін айғақтар, қазақты әлемге танытар домбыраның сәні мен салтанаты одан әрі биіктеді. Арал маңынан табылған домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден бұрынғы IV ғасырға тамырын жайса, Алтайдан табылған домбыра біздің дәуірімізден бұрынғы V ғасырға тиесілі екен. Бұл осы уақыт аралығында сан ұрпақ осынау құдіретті үнмен оянып, өмір сүріп келе жатыр деген сөз. Ендеше, күй де күйші де қазақпен бірге мәңгі жасай берсін.

Мирболат Ерсаев, БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале