23.03.2019, 14:29
Оқылды: 24

БҚМУ ұжымы Елордамыздың Нұр-Сұлтан аталуын қолдайды

Самғау биігіне көз тіккен елордамыздың Нұр-Сұлтан аталуын Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы қолдайды.

Screenshot_2019-03-22-14-03-25-1-1

Егемен елдің бірлігін нық ұстап, ширек ғасырда қалың жұртқа бейбітшілік пен тыныштық сыйлау кез-келген мемлекет бсшысының қолынан келе бермейтін күрделі қызмет. Артта қалған отыз жылда Елордамыз бой көтерді. Қай елді алмасақ та, алдымен, оның тәуелсіздігінің кепілі – елордасы болып табылады. Ал біздің бейбітшілігіміздің, достығымыздың, еркіндігіміздің белгісі осы елордамыздың күннен-күнге айбынды қарыштап өсуінен көрінері сөзсіз. Сонымен бірге әр елдің елордасы сол елдің өткені мен бүгінгі күнгі тарихын бағдарлайтыны анық.

Астананың Сарыарқаның төсіне қоныс тебуінің өзі қазақ елінің тарихында елеулі оқиға болды. Бұл - біздің Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі еді. Әр елдің, әр мемлекеттің тарихында Астанасын ауыстыру – тарихи маңызды қадам. Бұған дәлел – АҚШ президенті Джордж Вашингтонның жарлығымен жаңа астанасын Вашингтонға ауыстыруы. АҚШ үшін астананың саяси мәнге ие болуы британдық биліктен босатылудың символындай болды. Финляндия елі ХІХ ғасырдың басында астанасын Туркудан Хельсинкиға, Норвегия елі Тронхеймнан Ослоға, Үндістан астанасын Калькуттадан Делиға ауыстырған болатын. Ресейдің Астанасын екі рет ауыстыруы үлкен тарихи мәнге ие. Ал Қытай елі өз астанасын алты рет ауыстырса, Түркия 1923 жылы Стамбулдан Анкараға елордасын ойыстырды. Германияның қосылғаннан кейінгі ең алғаш қадамы астанасын Берлинге көшіруі Герман мемлекеті жалғастығының символындай.

Ал біздің жас тәуелсіз мемлекетіміздің алдында маңызды қадам боп өз астанасын ауыстыру тұрды сол кезеңде. Ұлт Көшбасшысының саяси да салиқалы шешімінің арқасында Сарыарқаның төрінде сәулеті мен сәні келіскен кемел шахар бой көтерді. Жай қала емес, қазақ елін әлемге танытқан, мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарынан бері әр жетістігіне куә болған Астана. Самғау биігіне көз тіккен, дамудың даңғыл жолына түскен елордаға қарап барлық жас қарыштап дамуды көздейді. Әр қала да бас қалаға қарап бой түзейді. Біздің Орал шаһары да бүгінгі күні әлеуметтік-экономикалық, индустриалды-инновациялық жағынан қарқынды өсуде. Қаланың көркіне айналар мәдени нысандар да бой көтеруде. Бұл Елбасы негізін қалаған Елорданың көркеюге ұмтылған өзге қалаларға үлгі болғанының анық көрінісі.

Төлқұжатқа қарап әр азаматтың есейген шағын білсек, Елордамызға қарап, негізін берік қалап, кемел болашаққа қадам басқан астанамыздың даму белесін анық көреміз. Болашақ ғалымдар үшін де ғылымның ордасы іспетті. Астана төрінде сан мыңдаған түлекті білім алуға құштар еткен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Орта Азиядағы алдыңғы қатарлы бірегей жоғары оқу орны Назарбаев университеті, Президент орталығы, Ұлттық академиялық кітапхана, ғылыми-зерттеу институттары, әрбір жасты арманға жетелейтін білім мен ғылым ордалары бой көтерді. Бұл - біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын қолтаңбасы. Оған тарих та куә.

«Еуразия жүрегіне, қазақ жерінің кіндігіне Ақордасын тіккен Астана – Қазақ елінің өз қалауымен жасаған дербес таңдауы. Біз оны байтақ даланың шын иесі кім екендігін алыстың да, жақынның да есіне салу үшін жасадық. Бұл арқылы біз қазақтың осы бір құйқалы өңіріндегі ұлттық дәстүрді, тілді, өнерді, әдетті, әдепті шайылудан, жоғалудан сақтап қалу үшін, еркін еліміз үшін жасадық», - деген болатын ел ардағы Елбасы. Ал осы құндылықтардың сақталуы, басқа да тарих парақтарын еске түсірер ғимараттардың салынуы біздің тарихымызды күллі әлемге танытатыны айдан анық.

Аздаған жылда Елордамыз таңырқайтын әспетке жетті. Елордада қаланған әр тастың өзіндік тарихы мен құпия сырлары бар. «Астана – Бәйтерек» ғимаратының өзі тұнық сырға толы. Бұл нышан – бейбіт ел мен достықтың нышанындай егіз ұғым. Бүгінгі Елордамыз тәуелсіз мемлекетіміздің нығайып, көркеюінің тетігі, құжаты іспеттес. Аз уақыттың ішінде елордамыз жас та жасампаз, аяғына нық тұрған әсем қалаға айналды, кемелдікке ұмтылды. Осының ең шыңында тұратын Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен, атқарған қызметі орасан. Ол тәуелсіздікпен құрдас әрбір жастың көрген Тұңғыш Президенті, орта буынға өшпес ерік жігер сыйлап, ұлы даланың жеті қырын ардақтап, ұлағатын танытқан ұлы тұлға, өз замандастарына халық деп жүрегі соққан, ұлтын сүйген біртуар азамат, күллі қазақ үшін күрделі кезеңде күрмеуі шешілмеген қиындықтарға қарамай, ел астанасын аяғынан нық тұрғызған, кемел келешекке көз тіккізген Елордасының негізін қалаған қаһарман. Елбасы тек азаттықтың ғана емес, астананың да аритекторындай. Елбасының өзі негізін қалаған Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыру да – тарихи шешім. Біздің бұл тарихи шешімді қолдау арқылы Елбасыға деген алғысымызды ғана емес, Елбасымен бірге дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің нығаюына да берген бағамыз боп табылары айқын. Сондықтан Елордамыздың Нұр-Сұлтан аталуы жарасымды ғана емес, лайықты. Оған Елбасының ерен еңбегі дәлел.

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы мен жастары елдіктің негізі болған, самғау биігіне көз тіккен ендігі Елордамыздың Нұр-Сұлтан атымен әлем көз тіккен, көркейген астана ретінде тарихта қаларына сенімді.

Махамбет Өтемісов атындағы
Батыс Қазақстан мемлекеттік
университетінің ұжымы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале