12.04.2018, 18:19
Оқылды: 0

Енді ауыл халқы газеттерге онлайн жазыла алады

«Жайық Пресс» медиахолдингінде аудан газеттері редакторларының қатысуымен жиналыс өтті. Басқосуда атқарылған жұмыстарға есеп беріліп, алдағы жоспар-міндеттер талқыланды.


- Өткен жылы zhaikpress.kz сайтының мобильді қосымшасын іске қостық. Облыс тұрғындары бүгінде қосымша арқылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье», 12 аудандық газеттің жаңалықтарын бір жерден оқып отыр. Ендігі жобамыз - электронды жазылу жүйесіне қосылу. Онлайн жазылу арқылы газеттің әр жаңа шығарылымы оқырманның электронды поштасына келіп тұрады. Бұл өз кезегінде оқырманға ыңғайлы. Қазір электронды пошта қолданушылары облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттеріне онлайн жазыла алады. Ал аудандық газеттерге онлайн жазылу шілде айынан бастап іске қосылады. Электронды жазылу – заман талабы. Бұл – Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына, Үкіметтің мобильді мемлекетті дамыту, цифрландыру стратегиясына сәйкес жоба, - деді ұжымды жаңа жобамен таныстырған «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы Жантас Набиоллаұлы.

«Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов газеттерге онлайн жазылу жолымен таныстырды. Мұндай мүмкіндік zhaikpress.kz сайтының «Online жазылу» бөлімі арқылы жүзеге асады. Енді әрбір адам үйінен не офистен газеттің электронды нұсқасына жазыла алады. Банк картасы немесе «24касса» терминалдары арқылы газетке жазылуға төлем жасауға болады. Сондай-ақ «Қазпошта» арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылуда. Айта кету керек, баспа және тарату шығыны болмағасын онлайн жазылу арқылы газет арзандау болады. Қазір онлайн жазылу жүйесі іске қосылды, бұл жиында оны дамыту жолы талқыланды.

Жиында сонымен қатар ақпараттың жедел, мазмұнды берілуі, сыни материалдардың жазылу сияқты мәселелер көтерілді. Қазір Ақжайық, Қазталов, Зеленов, Қаратөбе аудандары жедел ақпарат таратудан алдыңғы қатарда тұр.

Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

zhaikpress (1) zhaikpress (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале