18.01.2024, 10:30
Оқылды: 323

Ғайса-Ғали поэзиясындағы ұлттық таным

Ғайсағали ақын поэзия есігін 1987 жылы бір топ өлеңдерімен ашқан екен. Ақынның алғашқы шығармалары «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енгені мәлім. Әр жылдары «Маңдай» («Жалын», 1990), «Аман бол, атамекенім» («Дастан», 1996), «Нарынның нар ұлдары» («Жазушы», 1998), «Ай-арудың алқасы» («Өлке», 2001), «Тек пен тамыр» («Арыс», 2005), «Жақыным менің – жалпақ ел» («Сөздік-Словарь», 2007) жыр кітаптары жарық көрген. Біз осы туындылардың ішінен «Маңдай» жыр жинағынан мысалдар алдық. Ақын тіліндегі теңеулер, бейнелі сөздер, антонимді қолданыстар, тағы басқа тілдік бірліктерді мұнда сөз етпейміз. Біздің мақсатымыз – ақын шығармашылығының бір парасы болатын метафоралық қолданыстар мен ақын шығармашылығындағы ұлттық танымды талдау.

357479250_6323822634332802_814800958231497715_n

Ақын тілін зерттеп-білу оңай шаруа емес. Ол үшін ақын тілінің айшықтарын зерделеуіміз керек. Тіл адамсыз, ал адам тілсіз өмір сүре алмайтындықтан, тілді тану, оның әлемдік дәрежесін адамнан бөлек алып сипаттауға да болмайды. Адам қоршаған ортаны танытады, оны атадан балаға жеткізеді, адамды қалыптастырады, оның мінезін айқындайды, өмірлік көзқарасын, өскен ортаның ұлттық негізін көрсетеді. Мұндай маңызды жағдайлар  көркем шығармаларда көрініс табады. Қай адамның болсын сана-сезімі ортаға байланысты жіктеледі. Осылайша ұлттық мәдениеті, өмірге деген өз көзқарасы, мінезі, тәрбиесі қалыптасады. Тіл халықтың бүкіл болмысын, мәдениетін көрсетеді және тілді жеткізуші тұлғаны қалыптастырады.

Жалпы, бір адамдарға қаламың жүреді де, енді біріне жүрмейді, себебі қарапайым адамдарға қаламың жүргіш келетіні – олар сынамайды, неге десең қарапайым. Ақын өлеңдерінің ең басты ерекшелігі өзі сияқты қарапайым қазағын суреттеуге құрылған және адам келбетін дәл көрсетеді.

Ақын Ғ. Сейтақ өлеңдері көркемдік негізге құрылған тілдік құралдарды қолдана отырып, ұлттық болмыстың ой-санасын айқындап көрсетеді. Әлемдік деңгейдегі ұлттық, тілдік құралдар жоғары көркемдігімен ерекшеленеді. Бұл – тіл қисындылығына бірден-бір әкелетін жол.

Ақынның тіл шеберлігі сөзді бейнелі етіп қолдануына байланысты айқындалады. Мұндай шеберлік, А. Байтұрсыновтың пікірі бойынша, (адам санасының үш негізіне сүйену барысында жүзеге асады: 1) ақыл; 2) қиял; 3) көңіл. «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңдеу, яғни ойдағы нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау, көңіл ісі – түю, талғау» болады.

Осы үшеуіне сүйену негізінде ақын өзін толғандырып отырған затты не құбылысты жеткізеді. Сонымен қатар ақынның жаңа қолданыстарының пайда болуына негіз болатын осы үш нәрсені білеміз.

Сөзге метафоралық тәсіл арқылы ауыс мағына жамайтын сөз біткеннің бәрі емес, тілдегі заттар мен құбылыстардың атын, іс-әрекетін, сапа мен белгілерін білдіретін сөздер. Бұлар сөзге нақтылы мағына қосып, семантикалық аясын дамытып, үнемі кеңейтумен болады. Сөзге қосылған үстеме (туынды) мағына заттың, құбылыстың бойында бар сан алуан ерекше белгілердің негізінде ауыстырып қолдану арқылы жасалады деп шамалаймыз. Сондықтан бір сөзден тараған қосымша мағыналар бір сөз табына да, кейде әр сөз табына да қатысты болып келеді.

Мысалы:

Жылы сөз күтіп әркімнен,

Қош айтпан қалың қауымға.

Буланса көгім, бәлкім, мен

Жауатын қайта жаңбырмын,

Әзірге, Жайық, қалдырдым... («Астанаға көшкен жігіттің сыры», Ғ. Сейтақ, 128 б.).

Орал,

Сен – көздегі қарашық,

Атыңа жұрт таласып,

Өзінше әркім бал ашып,

Кеткендей әбден ел есі, міне. («Орал», Ғ. Сейтақ, 124 б.). «Жаңбыр» деген дәстүрлі сөз ауыстырудан, ақын қаланы «қарашықпен» алмастыруға дейін жеткен. Бұл ақынның дерексіз ойының жоғары дәрежеде екенін байқатады.

Ақын ойы, бір байқағанымыз, контраст пен коллизиядан тұрады. Басқаша айтқанда, «бірде мамық, бірде тас, бірде кәрі, бірде жас» сипатта келеді. Осы қайшылық келіп метафораға ұласады. Оларды көрсету үшін, ақынның мына «Алтын орда» жырын оқиық:

Алтын орда ,

Дана – жерде,

Хан – төрде, 

Халқың – жолда...

Шындық ұлдың шырқырап даусы келер,

Жете алмай жүр жағаға малтып ол да. («Алтын орда», Ғ. Сейтақ, 5 б.).

Алтын орда,

Сөз – жүректе, көз – сенде, антың – қолда,

Өз жерінде нық тұрған жан бақытты,

Енді құлай көрмесін халқың орға!  («Алтын орда», Ғ. Сейтақ, 5 б.).

Міне, осындағы «Дана – жерде, Хан – төрде,  Халқың – жолда..., жүректе, көз – сенде, антың – қолда» сияқты метафоралар дәстүрлі емес, ауторлы метафоралар екені аңғарылады. Тіпті, бұл метафораларда когнитивтік сипат басым болып тұрғаны тағы да бар.

Тіл білімінде метафоралық қолданыстардың лингвистикалық болмысын анықтауға, олардың құрылымдық семантикалық ерекшеліктеріне сай классификациялау талпыныстары жасалынып келеді. Шын мәнінде, сөзжасамдық заңдылықтарды пайдалану арқылы жазушы, ақындар жаңа метафоралық сөз ауысуларды енгізіп жатыр десек, қате болмас. Мәселен, ақын өлеңінен мысал алалық:

Тұрса егер Сарыарқаның самалы есіп,

Әп-сәтте көктем – көңіл қалады өсіп.

Жап-жасыл жөргегіне орап алып,

Сәбиін тербегендей дала – бесік  («Кіндікқала», Ғ. Сейтақ, 13 б.).

Заман – мұз, болашақ – Күн, бірлік – таға,

Көк шыңға шығаратын шындық қана.

Азатпын, мен – қазақпын деп туатын

Әкелер ұрпақты да Кіндікқала!  («Кіндікқала», Ғ. Сейтақ, 14 б.).

Міне, осындағы «көктем – көңіл, дала – бесік, заман – мұз, болашақ – Күн, бірлік – таға» метафорасы сөзжасамдық тәсілден туып, тілдік айналымға еніп, сіңіп кеткен.

Ғайсағали ақын тілінде қарапайым дәстүрлі метафоралар поэтикалық метафоралар тәрізді қолданылады. Мысалға, ақынның «Бас пен доп» атты өлеңінен мысал келтірелік:

«Болады халық әлі от көргендей,

Түлемес кәрі дала көктем келмей.

Қазақтың басы жерде қой қарап жүр,

Аспаннан Құдай емес,

Доп төнгендей. («Бас пен доп», Ғ. Сейтақ, 24 б.).

Осы жолдардағы «кәрі дала» деген дәстүрлі метафораларды қолдану арқылы ақын өзінің осы әсем дүниеде қазақ үшін «дала – қасиет» деген қасиетті ұғымнан қалай тәрбие алып жаратылатынын жазады.

Тағы да мысал алалық:

Қаба алмай арғымақты, ит өледі...

Ұрпақтан өзге нендей сый көреді!

Танытып Құрманғазы құдіретін

Құлаққа бейіттен де

Күй келеді. («Бейіт басындағы күй», Ғ. Сейтақ, 30 б.).

Осында «күйшінің құдіреті» метафорасы ақынның даралығын көрсетеді.

Серкелері жармасқан соң әр талға,

Елді қорғар қалмағандай қалқан да.

Көсемдердің көптігінен не пайда?

Бар жағынан жүрмеген соң халқы алда!?

(«Халқым менің надан емес», Ғ. Сейтақ, 35 б.).

Осындағы «серке» деген тілдік метафора дәстүрлі қалыпқа сай қолданылса,

Жарым қалып барады жаудыраған,

Көздің жасы жаңбырдай жауды маған.

Қас қаққанша от-өмір өткені ме –

Тау құлаған алдымда, жау құлаған... («Шоқанның соңғы сөзі», Ғ. Сейтақ, 36 б.) деген өлеңінде «От-өмір» тілдік метафорамен беруі ақынның аяушылыққа толы сезімін танытады.

Ақында астарлы ой «шындықтың басын өтіріктің алуы» деген дәстүрлі метафоралармен беріліп отырады. Мысалы:

Кездер өтті қу түлкі қашып алдан,

Өтіріктер шындықтың басын алған.

Майдан қайнап Мұхтардың маңдайында,

Заманды ойлап, талайдың шашы ағарған («Маңдай мен майдан», Ғ. Сейтақ, 38 б.).

Сол соқпақты сан адам шиырлаған,

Байлық қанша қазаққа бұйырмаған!?

Қос аяқты қасқырлар қаптап кетіп,

Жан бұйымға айналды, тиынға – мал («Маңдай мен майдан», Ғ. Сейтақ, 38 б.).

Ал «Қос аяқты қасқырлар» сөзін ол, негізінен, дәстүрлі қалыптан аса алмай, «Жан бұйым-
ға айналды, тиынға – мал
» т. т. сол сияқты дәстүрлі метафоралармен  береді.  Мәселен:

Арыстандай мертіккен құлап Айдан

Күн кешкенде, тұра алмас жыламай жан.

Көздей ме ылғи мылтығын уақыт-мерген,

Бітпейтін де секілді мына майдан («Маңдай мен майдан», Ғ. Сейтақ, 39 б.).

Ақын өзінің жырларында дәстүрлі метафораларды жиірек қолдану арқылы өзінің қазақ ұғымына жақын екенін үнемі танытып отырады. Мысалы:

Бәйтерекке айналар бала қайың,

Бұла ұлдарын беруге бала дайын.

Бұл мектептің бүгінде бәсі биік,

Бауырлары көбейген ағадайын («Сәкен мектебі», Ғ. Сейтақ, 41 б.).

Ақын осы өлеңде баланы «қайың» сөзімен ауыстырады. Осы жолдардан оның қазақы туыстықты бәрінен де жоғары қойып, қадірлейтіні байқалады.

Тағы да мысал алайық:

Елшісін жібергендей дала мұнда,

Кіршік жоқ аспанның да қабағында.

Өмірде қылыш емес, өлең қымбат,

Тұрса әлем ақындардың жанарында («Жыр бағы», Ғ. Сейтақ, 52 б.).

Ақын осы туған жерге арнаған өлеңінде туған дала оған «елшісін жібергендей» болып көрініп, «әлем ақын жанарында тұрар» деген дәстүрлі метафоралармен алмастырып, қолданады.

Ақында алуан типтегі ауторлы метафоралар әртүрлі тақырыптарда келеді. Мысалы:

Жүректен ақын кейде сырды ақтарар,

Ел үшін сапарға ұзақ ұл аттанар.

...Арудай қоштасарда кө-зін сүртіп,

Орынбор орамалын бұлғап қалар...  («Орынбор», Ғ. Сейтақ, 9 б.).

Көз алдыңа бейне әкелген қандай жарасымды сурет дейсің.

Ал енді ақын бойындағы ұлттық танымға келсек, оның көрінісі ұлтжандылық сезімнен үнемі байқалып отырады. Негізінен, осы ұлттық таным мен өмірге деген ерек көзқарас басты шабыт көзі. Ғ. Сейтақ когнициясындағы басты ерекшеліктер арқылы мықты өлеңдер туып отырғанын айтуымыз қажет. Ақынның өзіндік сәби кезінен келе жатқан дүниетаным үдерісінде басты әсер етуші күштер нелер деген сұрау туады емес пе?

Бұған біздіңше, ақын дүниетанымындағы фрагменттер мен үзік суреттер тікелей өз әсерін тигізеді. Осы ойларға сүйене отырып, осыларды белгілеп, жүйелесек, 1) қарапайым сәбилік түйсік; 2) ананың аялы алақаны мен әкенің еңбекқорлыққа толы насихатын көру; 3) ақын көз алдындағы қазақтың ұлттық көріністері, яғни той, садақа, шілдехана өтуі, т. т. келіп шығады. Міне, осылардың негізінде ақын санасында дүниенің қарапайым бейнесі қалыптасты. Қарапайым бейнеден соң, дүниенің ұлттық бейнесі адам санасында негізделе бастайды. Ақын санасындағы дүниенің ұлттық бейнесінің көрсеткіші толық қалыптасқанын байқататын шумақтар осыған дәлел болады. Мысалы, ақын «Құм мен мұң» өлеңінде кез келген ауылдағы суретті бейнелейді. Мәселен:

Жер бетінен мың сызат білініп тұр,

Жарық күнге жүрміз бе жылынып құр.

Жүрегімді тосамын жел өтіне,

Тұрса-дағы көзіме тығылып құм!  («Құм мен мұң», Ғ. Сейтақ, 62 б.).

Ақында бірқатар концеп-тілер жүйесі байқалады. Атап айтқанда, «Туған жер», «Табиғат», «Ғашықтық» т. т. Міне, осылардың барлығы дерлік шығармашылығында басты кезекке шығады. Ең бірінші кезекте ақын поэзиясында «Туған жер» ұғымы қасиетті, қастерлі болады. Осыған орай, ақын өз туған жерін жырлауды жігіттік кезеңінде де, жігіт ағасы, тіпті, қартайған кезде де бір тоқтатпайды. Мысалы:

Сабырлы, баяу көшер біз – құмнанбыз,

Нарынды айқыш-ұйқыш із қылғанбыз.

Уақыттың өтінде әлі тұрғандай ма

Табанын топыраққа қыздырған қыз!? («Біз – Нарыннанбыз», Ғ. Сейтақ, 61 б.).

Ол – анық,

Бәріміз де Нарыннанбыз,

Тәңір деп туған жерге табынғанбыз.

Ердің де кетпес, сірә, мәңгі есінен:

Қоңыр күз,

Сары дала,

Сағынған қыз... («Біз – Нарыннанбыз», Ғ. Сейтақ, 61 б.).

Осы өлең жолдарындағы «Туған жер» концептісінің тек бір ғана қыры берілген. Бұл концептідегі ойсурет деген ой үзігі болса керек. Осы концептідегі басты құрылымдық үлгілер мыналар: «өз топырағы – Нарын құмы; туған жер – сары дала; бірінші махаббат – сағынған қыз».

«Туған жер» концептісін көрсету үшін ақыннан мысалдар алалық. Мысалы:

Етегін қалың елдің құм жапқан ба,

Керіліп келіншек төс қыр жатқанда,

Қызылы  жарқ-жұрқ  етіп,

Сол қабақтан

Кетердей қызық көшіп күн батқанда

(«Құм мен мұң», Ғ. Сейтақ, 63 б.).

 

Бұл Нарынның өзгеше үні бардай,

Безілдеген желі мен құмы қандай!

Ботасынан айырылған аруанадай

Боз төбелер боздайды тыным алмай

(«Бұл Нарынның», Ғ. Сейтақ, 66 б.).

Осы жолдардағы концептілік жүйені негіздеп тұрған басты құрылымдық үлгілер туған жер сияқты қасиетті ұғымға ғана бағытталған. «Туған жер» концептісіндегі басты ойсуреттер де осы «Кәрі Орданың тамырынан үзілген, мөлдіреген тамшымын ғой мен де бір» суретімен бейнеледі. Бұндағы негізгі құрылымдық үлгілерді келтіріп өтелік. Мысалы: «Нарыным-ай, шежірелі жұртым» т. т. Тағы бір айтып кететін жайт, Ғ. Сейтақтың осы бір өлеңі – қазақ поэзиясындағы көп буынмен жазылған сирек кездесетін өлеңдердің бірі. Ақын «Туған жер» концептісіне сол туған жердегі Орданың қарағайлы орманын да енгізе  жырлайды.

Сарғыш тартқан жапырақ күз демінен,

(Қайран Нарын қадірін біз бе білер).

Үйдегілер үн-түнсіз отыр неге

Кеткен шақта азайып түздегілер?! («Құм мен мұң», Ғ. Сейтақ, 62 б.).

Осы жолдардағы туған жерге деген құрмет «Туған жер» концептісінің басты құрылымдық үлгісі болады.

Сөз соңында, ақын поэзиясынан көктем желімен тамағыңды қытықтаған жас сұлудың сүмбіл шашы, қып-қызыл қызғалдақты далада гүл терген ару мен тұлпар жетектеген жігіт, жас көкке тойынған бұйра қошақан мен сағым ойнаған сар дала байқалады да отырады. Одан басқа күз келген күрең шақтардағы қараша қазбен бірге аспаннан жауған құсаяқ жаңбыр мен ақ сүт сияқты құс жолының қасында шашылған меруерт-жұлдыздарды көресің.

Өмірді сүйесің бе? Өлең жаз, өлең оқы. Аруды сүйесің бе? Поэзияға ғашық бол, сол жауһар жырмен жаныңды емде. Елдің мұңы жаныңды жесе де өлеңге жүгін. Абай айтпақшы, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең». Міне, кез келген ақынның басты кредосы осы. Ақын Ғайсағалидың да поэзиясындағы ұлттық таным, қызарып ұясына қонып бара жатқан күн мен жұлдызды мақпал түн, сол жусанды, сүттігенді сары дала, түтіні шұбатылған малды ауыл, қарағайлы орман және ару-қайыңды тоғайы бар қыр суреттерінен қаланғаны анық.

Ғабит Хасанов,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан

университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале