14.02.2022, 9:10
Оқылды: 89

Қаңтардың сол бір түнінде...

Биылғы қаңтардың сонау алғашқы күндерінде елімізде орын алған оқиғаларды өз басым тәуелсіздігімізге төнген  зор қауіп деп есептеймін. Оның дүмпу-толқулары біздің Батыс Қазақстан облысын да айналып өткен жоқ. Мен облыс орталығы Орал қаласында болған сол оқиғалардың ортасында жүрдім.  Сондықтан өз көзіммен көргенімді,  басымнан кешкендерімді бүгін ортаға салғалы отырмын. Біреулер: «Өтіп кеткен жағдайды қайталап айтудың  қажеті қанша?» деуі мүмкін. Бірақ сол төңіректе алып-қашпа, түрлі әңгімелер болмау үшін, болашақта үлкен  мәселелерді жиналып келіп, көшеге шығып талқыларда неден абай болу керектігіне, өзімізді қалай ұстаған жөн  деген қарапайым мәселеге назар аудару үшін қажет деп есептеймін. 

34FCAD47-86E3-4B89-B4D5-8C3B5271059F

Жаңа жылдың алғашқы күндерінен еліміздің батыс өңірінде басталған бейбіт ереуіл тек қана әлеуметтік-экономикалық мәселені көтерді. Халық мұны бірауыздан қолдады. Бірақ  бейбіт басталған елдегі ереуілдің негізгі мұраты мен мақсатын қара ниеттілер басқа жаққа бұрып жіберді. Сөйтіп, облыс орталықтарын­да, мәселен, Алматы қаласына қоса, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе және Талдықорған қаласындағы ереуілдер  тонау, өртеу, бүлдіру өз алдына қанды қырғынға ұлас­ты. Қарапайым, бейбіт тұрғындар қаза тапты. Бұл қалай болды, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Қазақстандағы осындай жағдай неге орын алды деп біз бұдан нақты қорытынды шығаруымыз керек.

Иә, митингі бізде, Орал қаласында да өтті. Осы жолдардың авторына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде  сол түнгі оқиғаның ортасында  болуға тура келді.

Біріншіден, біздің Орал қаласында өткен митингіде өрескел тәртіп бұзушылық, жаппай бұзақылық, өртеу, қирату, ұрып-соғу, Құдайға шү­кір,  болған жоқ.  Алдымен  маған «Дина» көтерме-сауда супермаркеті маңайында наразылық білдірушілердің жина­лып жатқандығы туралы хабар жетті.  Содан көп ұзамай олардың  Әбілхайыр хан  даңғылымен  шерулетіп, орталыққа қарай келе жатқандығы жайлы суыт хабар түсті. Жасым 75-ке келгеніне қарамастан, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы бола тұрып, үйде дым білмеген, ештеңе естімеген адамдай жата беруге, әліптің артын бағуға арым жібермеді. Жеке көлігімді тізгіндеп, шерушілерді қарсылай шықтым. Мақ­сатым – оларды  бейбіт әңгімеге шақырып, тыныштандыру, талаптарын тыңдап, оны тиісті орындарға жеткізу жайлы келісімге келу еді. Қалай болғанда да басбұзарлық пен тәртіпсіздікке жол бермеуге шеруге шыққан  үлкен­дер мен жастарды келістіруді ойладым.  Депо көпірі маңайында менің көлігімді полиция тоқтатты, әрі қарай жібермеді. Өйткені көпірден түсе бере, полициялардан құралған шеп пен шерушілердің тобы бетпе-бет тұр екен.  Жолындағысын жапырып өтердей қатулы да, қаһарлы топтың тегеурінін полиция ше­бі зорға ұстап тұрды. Жағдай әбден ширығып, сәл нәрседен бұрқ етіп, бой бермей кетуі мүмкін еді. Менің байқағаным, бізде шеруге шығудың мәдениеті жетіспейді. Шетелдерде шеруге шыққандардың арасынан ұйымдастыру комиссиясы сайланып, ең бастысы, оның басшылығына, көбіне кәсіподақ ұйымының жетекшілері тағайындалады. Олар, ең алдымен, шеру кезінде тәртіпсіздік болмауына, іріткі салу мен арандатудың алдын алуға бірінші кезекте  күш салады. Билікке өздерінің талаптарын мәдениетті, бейбіт түрде жеткізуге көпті жұмылдырады. Ал мен өзім көрген шерушілер, мұндай бейбіт топқа келіңкіремеді.

Мен өзім 1965 жылы Алматыда шеруге қатысқан адаммын. Медициналық институтта оқып жүрген кезіміз. Сабақ тек орыс тілінде ғана өтетін. Біздер қазақ жастары дәрістер ана тілімізде оқылсын деп талап қойдық. Ел билігі ол уақытта тұтасымен Компартияның қолында. Рес­публикалық партия ұйымын Д.А.Қонаев басқарады.
Сірә, сол кісінің көреген, із­гілікті ұйғарымының ықпалы шығар, оқиғаны ушықтырмай, өршітпей, жастарды ыңғайға иліктіріп таратты. «Сендерге қиын мәселені үйлестіріп шешеміз, мединститутта сабақ қазақ тілінде жүргізілетін болады» деп уә­де етті. Бізге мұның пайдасы көп тиді. Өзге оқу орындарынан қазақ тілінде лекция оқитын тәжірибелі ұстаздар шақырылды. Мысалы, біздің фармацевтика факультетін­де жоғары математикадан ҚазМУ-дың оқытушысы қазақ тілінде дәріс оқыды. Орыс тіліне орашолақ, дұрыс білмейтін, түсінбейтін студенттерден топ құрып, бір семестр бойы сабақ қазақ тілінде жүрді. Осылайша біздің сабақ үлгеріміміз ілгеріледі. Тіліміз сынып, білетінімізді орыс тілінде түсінікті айтатындай  халге  жеттік.

Ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді, күні кешегі қаңтардағы шеруге қатысушылардың ар-намысына да тигім жоқ. Бірақ лекпен келе жатқандар шерушілерден гөрі тобырға ұқсап кеткені рас. Ал үлкен тобыр бірін-бірі қыздырып, көзінің алдындағыны ғана көреді, әріні көрмейді, мінбер (трибуна)  болса, оны ешкімге бермейді. Айқайға басады.  Ондай тобырға жол көрсетер көсем де болмайды.  Оның орнына шоқты көсеп-көсеп, өртке айналдыруға тырысатын көсеулер шыға келеді. 

Көпірден төмен түсіп, лықсып тұрған топты көргенде мен осылай ойладым. Айқайдан құлақ тұнды. Маңайыма қарасам, облыс әкімі Ғали Есқалиев, оның орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадырәлиев, қала әкімі Абат Шыныбеков, қала әкімінің орынбасары Мерболат Нұржанов, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Дулат Имашев, облыс­тық полиция департаменті­нің басшысы, генерал Махсұтхан Аблазимов осы жерде екен. Олардың да мен сияқты толқып тұрғаны кәміл еді. Адам адамды түсінбейді, біреу біреуді тыңдамайды, бірінен бірі дауысын асырып, айқайға басып жатыр. Қарсылай шыққан басшылар түгі­лі, өздерін өздері тыңдамай,  кеңірдектері жыртылғанша айқайлай берді. Біздерді айтпағанда, алдарында тұрған облыс әкімі Ғали Есқалиевті танымай тұрған сияқты. Облыс әкімі: «Жүріңіздер, жастар орталығына барып, сөйлесейік, кеңесейік» деді ереу­леп тұрған шерушілерге. Бірақ бұл ұсынысқа құлақ асқан жан болмады. Ашығын айтайын, олар біреуді тыңдамақ түгілі, өз өздерін тыңдап жатқан жоқ. Нені талап етіп жатқандары белгісіз. Көпірдің қапталындағы шойын қалқаншаға шығып алып, айқайлап тұрған бір қазақ әйеліне: «Сенің талабың қандай, не сұрап тұрсың?» дедім. Сонда ол: «Үкімет кетсін! Назарбаев кетсін! Ауыл шаруашылық министрін, Денсаулық сақтау министрін  ату керек!» – дейді. «Шырағым-ау, олар бұл жерде жоқ қой, сен айтты екен деп, оларды бұл жерге әкеліп атпайды ғой» деп едім, әйел «Сен кімсің?» деп маған дүрсе қоя берді. «Мен дәрігермін, сені мына айқайыңа қарай жүйкесі сыр берген адам ретінде есепке қою керек» деп едім, аздап сабасына түсті. Жалпы айқайға айтақ қосылған жерде адамдар өздерінің сөздері мен істеріне есеп бермейді деген осы ғой. Әйтеуір, айқайдың жөні осы екен деп, дауыстары қарлыққанша айқайлаған топты  мамыражай әңгімеге тартқанмен,  көндіре алмадық. Тыңдата алмадық. Әрі қарай шерушілер облыстық әкімдіктің алдындағы алаңға барамыз деді. Сөйтіп, арада тағы біраз  уақыт өткенде Абай алаңына жиналдық. Осы арада облыс әкімдігіне кіріп, сөйлесуге ұсыныс болып еді, шерушілер оған келіспеді, көнбеді. Арада тағы бірер сағаттай уақыт өтті. Шерудегілердің талабы бойынша Ғали Есқалиев Абай ескерткішінің жанына келді. Баяғы айқай, ешкім ешкімді тыңдамайды.  Облыс әкімі дауыс зорайтқыш арқылы: «Азаматтар, бұл айқайдан ештеңе бітпейді, одан да араларыңыздан делегация жасақтап, сосын сіздер айтатын мәселелерді бірге отырып шешейік»  деді. Азат деген азамат сөйлеп, газдың бағасын арзандату, үкімет басшысын отставкаға кетіру деген талаптарын айтты. Бірақ айқай басылмай, жағдай тіпті ушығып бара жатты. Мен одан әрі шыдай алмай, дауыс зорайтқышты қолыма алып: «Уа, халайық, ағайындар! Заңды білмеген жауапкершіліктен құтылмайды. Тәртіп бұзбайық!» дей ке­ліп, сөз­ді көп созбай: «Айналайындар, бұл жердегі айқайдан ештеңе шықпайды. Талап-тілектеріңізді айтатын 20-25 адамнан тұратын делегация шығарыңыздар! Солармен әкім­дікке барып, кең отырып кеңесейік», – деп жалындым. Осы сөздерімді шерудің басында жүрген жігітке де айттым.

Ұзын сөздің қысқасы, Азат делегация жинап,  20-25 кісі қала әкімдігіне барып, ша­ғын залда кездесу өтті. Бұл кездесуге облыс әкімі Ғ. Ескалиев, генерал М.Аблазимов, үкіметтік емес ұйымнан Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Б. Ғабдулов, БҚО азаматтық альянс президенті Аслан Тапишев, Таулы Қарабақтағы соғыс ардагерлерінің төрағасы Марлен Иманғалиев және облыстық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы – мен қатыстым. Азаттың айтуы бойынша, газдың бағасын арзандату керек, үкімет басшысы, облыс әкімі қызметтен, Назарбаев биліктен кетсін дей келе, алаңға киіз үй тігу, биотуалет орнату керек және бұл талаптар бір сағаттың ішінде, бүгін орындалсын деген шарт қойылды. Әрине, сұрақтар мен талаптар мұнымен біткен жоқ. Оның ішінде орындысы да бар, бірақ буынсыз жерге пышақ ұрғандары да болды. Тіпті, бір зейнеткер жер сұрады, үй сұрады, оған қоса, жұмыс та сұрап жатыр. Қала әкімдігіндегі кездесу осылай өтті. Кешкісін алаңда жиналып тұрғандармен облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов аяқтай барып кездесті.

Қадірлі  оқырман, мен өз көзіммен көргенімді, бастан кешкенімді  ғана айтып отырмын. Сол бір ұстараның жү­зінде қылпылдап тұрған қиын сәттерде шерушілермен кездесуге шыққан жоғарыда айтқан облыс әкімі Ғали Есқалиев бастаған азаматтарға риза болдым. Қас пен көздің арасында қауіп-қатерлі сәттердің болғаны рас. Өздеріңіз білесіздер, басқа облыстар­да әкімдіктерге жойқын шабуыл жасалып, қырғын болды, қан төгілді. Адамдар қаза тапты. Біздің облыс одан аман! Бұл жерде шерушілердің алдынан шығып, олардың талап-тілектеріне құлақ түргеніміз, бейбіт әң­гімеге шақырып баққанымыз, ақыр аяғында шерушілердің біздің сөзімізге құлақ асып, аяғы немен тынары белгісіз бұзақылыққа, басбұзарлыққа жол бермегенін атап өткен жөн. Күштік құ­рылымдар да жиналғандарды ұрып-соғып, болмаса, шеттерінен тұтқындап, күштеп таратуға бармады. Осындай ойлы іс-әрекеттердің нәтижесінде қаңтардың, сол бір халықтың шамыр­қанған қаһарлы күнінде облыс орталығындағы тыныштық пен бейбітшілікке селкеу түскен жоқ! Адамдар аман, ғимараттар бүтін, өмір-өзен өзінің ағысынан жаңылған жоқ. Со­ған қуандық, ағайын!  Ал айтпай кетуге болмайтын мәселе де бар. Ол – сол күні шерушілермен кездесуге қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттары, «Нұр Отан» партиясының белсен­ділері, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері мен облыстық, қалалық басқармалардың басшылары тү­гілі, қосшыларының  да төбе көрсетпегені қалай?..

Атақты актер Кингтің «Мына дүниенің бұзылуы залымдардың зұлымдығынан емес, жақсылардың үндемеуінен» деген сөзі бар еді. Ел, мемлекет, бірлік, тыныштық, бейбітшілік мәселесі бәрімізге де ортақ екенін ешқашан ұмытпауымыз керек.

Бүгіндері Президенті­міз Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы алуан пікірлер айтылып жатыр. Қолдап жатқандар баршылық. Біреулер қару қолдануға рұқсат берге­нін айыптайды. Оу, аға­йын, қаңтардың сол бір күндерінде елдігімізге, тәуелсіздігімізге, мемлекетімізге  орасан зор қауіп-қатер төнгенін ұмытпайық! Елдің іш­кі-сыртқы қауіпсіздігіне жауап беретін лауазым иесінің өзі сатқындыққа барғанда, қандай қауіпке, қандай ауқымды апатқа киліге жаздағанымызды сезесіз бе? Ал бейбіт басталған митингіні Алматы қаласы мен кейбір облыс орталықтарында қаскөйлердің қантөгіске бұрып, көшеде жолай ке­зіккендерді атып, ұрып-соғып, пышақтап, өртеп, қырып-жойып келе жатқан тобырды не тоқтататын еді? Әрине, қаһарлы қару, қатал шара ғана тоқтатады. Президент дұрыс шешім қабылдады. Мен мемлекет басшысының бұл қадамын қолдаймын.

Отыз жыл бойы тамырын жайған жолсыздықтарды жою, түп тамырымен құрту оңай емес. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев қазірден бастап батыл қадамдарға кірісті. Біз осындай күрделі кезең, қиын күндерде Мемлекет басшысын қолдауымыз керек. Мен ардагерлерімізге қоса, бүкіл облыс халқын осыған шақырамын.

Мақсот Берген,

Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале