12.09.2019, 18:09
Оқылды: 833

«Капустин Ярдан» жер телімі қайтарыла ма?

1950 жылдары Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының шектескен тұсында «Азғыр» әскери полигоны құрылды. «Азғырда» ядролық жарылыстардан сынақ жасалды. Кейін полигон «Капустин Яр» деп аталды. Қауіпті жарылыстар легі кеңестік кезеңде тоқтатылғанымен, сынақ алаңын Ресей Федерациясы әлі күнге жалға алып, әскери мақсатта пайдаланып отыр.

20190912_110157

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы Атырау өңірімен шектеседі. Бөкей ордасының 943 608 гектар жері әскери полигон аумағында. Ауданның жалпы аумағы – 1 921 445 гектар, оның ішінде 1 376 488 гектары жайылымға жараса, 180 725 гектарына шабындық өседі.

Бөкей ордасында 22 елді мекен бар. Жалпы саны 16 072 адам тұрады. Тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Аудан бойынша ірі қара саны – 69 857 бас. Оның ішінде жылқы 25 308 бас, қой мен ешкі 92 198 басты құрайды. Бөкей ордасында 513 шаруа қожалығы тіркелген. Шұрайлы жердің едәуір бөлігі әскери полигон қарауында. Ал ен жайлатып мал өсіріп отырған шаруа қожалықтарының жайылым өрісі тарлық танытуда.

– 117 шаруа қожалығы әскери полигон аймағында мал жайып отыр. Әрине қожалықтардың одан бөлек аудан аумағында заңды түрде рәсімдеп алған жер телімдері бар. Полигонды жалға алғандармен бір жылдық келісімшартқа тұрамыз. Соның негізінде оның аумағында мал жаюға, шөп шабуға болады. Бірақ ол жерге қыстақ салуға, құрылыс нысандарын тұрғызуға рұқсат етілмейді. Әскери полигонды пайдалану үш санатқа бөлінген. Полигон аймағының негізгі бөліктерінде әскери бөлімдер орналасқан, оқу-жаттығу жүргізіледі. Ал үшінші санаты бойынша белгіленген полигон бөлігі пайдаланылмай жатыр. Соған байланысты 270 мың гектар жерді Ресейден қайтару жұмысы бойынша былтырдан бері бері екінші тараппен келіссөз жүргізуге әзірлік жұмыстары басталды. Облыс басшылығы тарапынан еліміздегі құзіретті органдарға, салалық министрліктерге ұсыныс хаттар жолданды, - деді Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов БҚО өңірлік коммуникация қызметтері ұйымдастырған брифингте.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале