27.07.2023, 9:45
Оқылды: 66

Қара қылды қақ жаруға тырысатын құрылым

Еліміздегі саяси-әлеуметтік ортаның өзгеруі қазіргі заман талабы – алқабилер сотын өмірге әкелді. Бұл құрылым дамыған елдердің сот жүйесінде демократиялы және әділ түр ретінде қалыптасқан.

прокуратура

Еске сала кетсек, бізде «Алқабилер туралы» заң 2006 жылдың 16 қаңтарында қабылданды. Сол кезеңнен бастап алқабилер сот жүйесіндегі әдiлдікті жүзеге асыруға қатысып келеді. Жалпы алқабилер соты заңда көрсетілген өте ауыр қылмыстарға араласса, мұндай істер БҚО қылмыстық iстер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қарауына жатады. Әрі олар айрықша құзыретке ие. Десек те, бұл барлық аса ауыр қылмыс алқабилердің қатысуымен қаралады деген сөз емес. Нақтырақ айтсақ, iсті болған айыпкердiң өз таңдауына байланысты жүзеге асырылады. Сонымен бірге ол азаматтардың конституциялық құқықтарын толықтай іске асыруға мүмкіндік туғызады. Және бір айта кетер жайт, «Алқабилер туралы» ҚР заңының 10-бабына сай алқабилер құрамына 25 жасқа толмағандар, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы барлар, қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғандар енгізілмейді. Бұдан бөлек сот ісі жүргізілетін тілді білмейтіндер, жасы 65 жастан асқандар және діни қызметшілер оған кірмейді.

Иә, бұл институттың әлі де жетілдірілмеген тұстарына қатысты қоғамда пікір қайшылығы барын жасыруға болмайды. Біріншіден, алқабилер кәсіби заңгер емес. Шешім қабылдар кезде олар тек «Жақсылық» пен «Зұлымдық», «Ар-ұят» пен «Әділдік» ұғым-түсініктерін басшылыққа алады. Сол себепті құқықтық нормаларда бекітілген жалпыға бірдей міндетті ережелер кейде қалыс қалып жатады. Ал заңды терең білмеу әрі мағынасын толық түсінбеу – сот ісінде елеулі қиындық туғызады. Қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау заңда белгіленген нормалардан басқа, айыптаушы мен қорғаушы тараптарға белгілі бір міндеттер жүктейді. Мысалы, алқабиге үміткерлер арасынан тура шешім қабылдауға қабілетті тұлғаларды таба және тани білу, сотқа тартылған адамдарға анық, түсінікті және нақты сұрақ қоя білу, ондай сауалдар алқабилерге түсінікті болу, т.б. Прокурордың шешендік қарым-қабілеті – қылмыстық істі қарау мен сот жарыссөзі барысында маңызды элемент болып табылады.

Қысқасы, ата-бабамыз негізін қалаған билер соты – дала демократиясының шынайы үлгісі, түрлі дау-дамайларды әділ шешіп, қара қылды қақ жаруға тырысатын құрылым десек, артық болмас. «Әділ бидің елін дау араламайды, әділ ханның ауылын жау жараламайды» деген қазақы нақылдың астарында терең сыр жатқандай. Шынында, әділдік жоқ жерде бәрі бекершілік. «Халыққа бай құт емес, би құт» деген Төле би бабамыздың сөзі де есті адамға үлкен ой салары хақ. Осы қағидаларды терең зерделесек, ел-жұрт алдында судья қызметінің салмағын  бағамдау қиын емес.

Дина Ізтілеуова,

облыс прокуратурасының басқарма прокуроры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале