Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Президенті Іс басқармасымен бірлесіп, әйгілі қазақстандық Апорт алма бақтарын қайта жаңғырту жөніндегі Жол картасын жүзеге асыруды жалғастыруда.

Фото: gov.kz
Бекітілген жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін бұл бірегей сұрыптың жаңа екпелері тағы 100 гектарға ұлғайып, бақтардың жалпы көлемі 110 гектарға жетпек. Қазіргі уақытта мамандар алдағы алқаптарға алма ағаштарын отырғызуға қажетті сапалы көшет материалдарын дайындау үстінде.
Апорт сұрпын кең ауқымда қайта жаңғыртуға қазақстандық ғалымдардың көпжылдық іргелі зерттеулері негіз болды. Отандық мамандар Іле және Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінен жабайы алма ағаштарының 30 түрлі үлгісін жинап, зертханалық (in vitro) жағдайда вирустық аурулардан таза көшеттер алды. Молекулалық талдау нәтижесінде ДНҚ-профильдері сәйкес келетін 11 сұрып-телітуші комбинациясы анықталып, 2015 жылы 5 гектар аумақта тәжірибелік бақ отырғызылды. Ол бақ 2022 жылы алғашқы өнімін берді. Ғалымдардың ең маңызды жетістіктерінің бірі — ДНҚ талдауы арқылы Сиверс алмасының бактериялық күйік пен қотыр ауруына табиғи төзімділік гендері бар ерекше формаларын анықтауы болды. Осы зерттеулердің негізінде өткен жылы Талғар өңірінде 10 гектар аумаққа жаңа бақ егілді.
Қазақстандық алманың мәртебесі мен бірегейлігі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отыр. Жақында «Апорт» бренді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) беделді «Бір мемлекет – бір басым дақыл» халықаралық бастамасы аясында Қазақстанның басым дақылы ретінде ресми түрде ұсынылды.