ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл басынан бері Агенттік ІІМ және Шекара қызметімен бірлесіп жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан заңсыз шығарудың 712 әрекетінің жолын кесті және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасы фактілері бойынша 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Фото: gov.kz
Мәселен, Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері есепке алынбаған 28,5 мың тоннадан астам мұнайды өңдеп, өнімді мазут ретінде рәсімдеп шетелге шығарып келген заңсыз шағын мұнай өңдеу зауытының қызметі әшкереленді. Ал Түркістан облысында мемлекеттік шекара астынан арнайы қазылған тоннель арқылы Өзбекстан Республикасына бензин контрабандасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылып, кінәлі тұлғалар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар Қырғыз Республикасына құны 37 млрд теңгеден жоғары болатын 190 мың тоннадан астам АИ-92 маркалы бензинді заңсыз тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Осы іс аясында кезекті заңсыз тасымалдау әрекеті кезінде «Түрксіб» стансасында шамамен 500 тонна бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталып, құны 138 млн теңге болатын тәркіленген жанармай мемлекет кірісіне айналдырылды.
Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу мақсатында Агенттік мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау схемаларын анықтау және жолын кесу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.