
Фото: primeminister.kz
Қазақстанның конституциялық реформасы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Вашингтондағы S&P, Moody's және Fitch рейтингтік агенттіктері үлкен үштігі өкілдерімен кездесуінің негізгі тақырыбының біріне айналды, деп жазады primeminister.kz
Халықаралық рейтингтік агенттіктермен жыл сайынғы консультациялар дәстүрлі түрде ағымдағы макроэкономикалық жағдайды бағалау және елдің несиелік рейтингіне әсер ететін факторларды талқылау үшін өткізіледі. Көктемгі сессия барысында конституциялық реформаларға, инфляцияға, халық табысының динамикасына және сыртқы тұрақсыздық жағдайындағы экономикалық өсу көздеріне басты назар аударылды.
Серік Жұманғарин атап өткендей, қазіргі экономиканың тұрақты дамуы тек ресурстарды ғана емес, ең алдымен тиімді институттарды, болжамдылық пен сенімді талап етеді. Бұл қағидаттар еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген. Басымдықтар қатарында мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде білім беру, ғылым, инновация және адами капиталды дамыту бар. Шын мәнінде, еліміздің жаңа Негізгі заңында интеллект, технология мен кәсібилік арқылы бәсекеге қабілеттілік қалыптасатын білім экономикасының негізі қаланған. Сондай-ақ меншіктің барлық нысанын тең қорғау бекітілген. Бұл – инвестициялық ахуал мен бизнесті дамыту үшін маңызды.
ЖІӨ-нің жоғары деңгейдегі нақты өсуі сақталады. 2025 жылғы қорытынды бойынша экономика 6,5%-ға өсті. Биыл өсім 5-5,5% деңгейінде күтілуде. Биылғы бірінші тоқсандағы қорытынды бойынша мұнай өндірумен байланысты уақытша факторларды есепке алмағанда, 3%-дық өсу орындалды.
Экономиканың құрылымдық трансформациясының жалғасуы байқалады. ЖІӨ-дегі мұнай секторының үлесі 2010 жылғы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі екінші жыл қатарынан өсіп, ЖІӨ-нің 12,7%-на жетіп, өндіруші сектордың үлесінен асып түсті.
Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басымдығы әртараптандыру мен цифрландыруға бағытталған. Міндет – халықтың нақты табысы мен жұмыспен қамтылуының артуымен өсу қарқынын ғана емес, оның тұрақтылығын да қамтамасыз ету. Осыған байланысты инвестицияларды белсенді тартуға баса назар аударылды. Мұнай және газ, химия, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика, жасанды интеллект пен металлургия секілді негізгі салалар анықталды.
Экономикалық өсу мен инфляцияны тежеу мақсаттарын теңестіру үшін Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы үйлестіру күшейтілді. 2025 жылғы қарашада 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы бекітілді. Ол жыл сайын ЖІӨ-нің 5%-дан кемімей өсуін және халықтың нақты табысының инфляциядан 2-3%-ға жоғары өсуін көздейді.
Бюджетті шоғырландыруға ерекше назар аударылады. Серік Жұманғарин атап өткендей, соңғы жылдары Ұлттық қордан жыл сайын 5 трлн теңгеден асатын трансферт инфляцияға айтарлықтай үлес қосты. 2026 жылы Үкімет соңғы жылдары алғаш рет нысаналы трансферттен бас тартты (2025 жылы – 3,25 трлн теңге). Сонымен қатар бюджет шығысын оңтайландыру жүргізілуде.
Шектеудің бірі тұтыну тауары өндірісінің жеткіліксіз дамуы болып қала береді. Ынталандыру шарасы ретінде агроөнеркәсіптік кешен мен қайта өңдеуде сүт пен ет мал шаруашылығын, құс шаруашылығы мен балық саласын қосқанда, 200-ден астам жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, импортқа тәуелділікті төмендету үшін шикізаттық емес сектордың дамуы күшейтілуде.
Инфляция бәсеңдеуде. Ол 2025 жылдың қорытындысындағы 12,3%-дан бірінші тоқсандағы қорытынды бойынша 11%-ды көрсетті. Жыл қорытындысы бойынша экономика 5-5,5% өскен кезде 10%-дан төмен деңгей болжанады.
Рейтингтік агенттік өкілдері экономиканың белсенді өсуі жағдайында инфляция мен өсу арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу қиын міндет екенін атап өтті. Бұл ретте нақты табыс халық үшін негізгі көрсеткіш болып қала береді.
Қазақстан экономикасындағы ауыл шаруашылығының маңызды рөлін ескере отырып, ауыл шаруашылығын минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету және оның импортына тәуелділік мәселесі де талқыланды. Вице-премьер Қазақстанда 27 өндіруші, оның ішінде «ҚазАзот» АҚ және «Қазфосфат» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар жұмыс істейтінін атап өтті. Ішкі өндіріс минералды тыңайтқыштарға деген қажеттіліктің шамамен 56%-ын жабады. Негізгі импорт біздің еліміз Біртұтас экономикалық одақтағы Ресейге тиесілі.
«Біз тыңайтқышты қолдану көлемін едәуір арттырдық. Егер осыдан үш жыл бұрын біз небәрі 600 мың тонна пайдалансақ, бұл ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту үшін жеткіліксіз болды, ал өткен жылы 1,8 млн тоннаға жетті. Биылғы мақсат – 2,3 млн тонна», — деп атап өтті вице-премьер.