
Сурет: istockphoto.com
Заң кеңесшісі Фарид Әлиевтің түсіндіруінше, Қазақстанда қоғамдық орындарда сексуалдық сипатта тиісу бойынша жеке бап жоқ. Мән-жайға байланысты құқық бұзушының әрекеті ұсақ бұзақылық, бұзақылық немесе - кей жағдайларда - сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу ретінде саралануы мүмкін.
"Көбінесе мұндай жағдайлар ұсақ бұзақылық туралы бапқа жатады", - деді Әлиев.
Оның айтуынша, егер әңгіме қоғамдық орында тиісу, балағат сөйлеу немесе басқа да қорлайтын әрекеттер туралы болса, осындай саралау қолданылады. Егер тәртіпсіздік өрескел, агрессивті болып, зорлық-зомбылықпен ұласса, әрекет бұзақылық ретінде бағалануы мүмкін.
Алғашқы минуттарда не істеу керек?
Заңгердің айтуынша, ең бастысы - үндемей қалмай, айналадағылардың назарын аударуға тырысу керек.
Ол келесі алгоритмді ұстануға кеңес береді:
- Дауыстап және анық: "Тоқтатыңыз!", "Қолыңызды тартыңыз!" деп айту.
- Қауіпсіз жерге - басқа жолаушыларға, жүргізушіге немесе кондукторға жақынырақ бару.
- Мүмкіндік болса, телефонға дауыс жазуды қосу немесе болып жатқан жағдайды видеоға түсіру.
- Құқық бұзушының белгілерін, автобус немесе вагон нөмірін, оқиғаның уақыты мен орнын есте сақтау.
- Егер қауіпсіздікке нақты қатер төнсе - бірден 102 нөміріне қоңырау шалу.
Әлиевтің айтуынша, жұрт алдындағы реакция құқықбұзушыны әрекетін тоқтатуға мәжбүрлейді, ал видеожазба кейіннен маңызды дәлел болуы мүмкін.
Оқиғадан кейін қайда жүгіну керек?
Заң кеңесшісі Роман Желак құқық қорғау органдарына хабарласуды кейінге қалдырмауға кеңес береді.
Оның айтуынша, арызды оқиғадан кейін бірден де, кешірек те беруге болады, алайда бұл неғұрлым тезірек жасалса, қажетті дәлелдемелерді жинау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Төмендегілерге жүгінуге болады:
- 102 нөмірі бойынша полицияға;
- консультация беретін және құзыретті органдарға өтініш жолдауға көмектесетін 111 бірыңғай байланыс орталығына;
- жәбірленуші арыз бере алатын кез келген полиция бөлімшесіне.
"Істі бастау үшін жәбірленушінің өз арызы қажет", - деді Желак.
Не дәлел болады?
Роман Желактың айтуынша, куәгерлер жоқ болып көрінген күннің өзінде, бұл тиісу фактісін дәлелдеу мүмкін емес дегенді білдірмейді.
Дәлел ретінде мыналарды пайдалануға болады:
- ұялы телефондағы видеожазба;
- автобустағы, метродағы, аялдамалардағы және басқа да қоғамдық орындардағы бейнебақылау камераларының жазбалары;
- куәгерлердің айғақтары;
- сөйлесудің аудиожазбасы.
Заңгер мүмкіндігінше барлық материалды оқиғадан кейін бірден сақтап, жазбалар уақтылы алынуы үшін полиция қызметкерлеріне бейнебақылау камераларының бар екенін хабарлауды ұсынады.
Полицияға хабарласу неге маңызды?
Заңгерлер көптеген жәбірленушінің құқық бұзушы бәрібір жазаланбайды деп есептеп, арыз жазбауды жөн көретінін айтады. Алайда дәл ресми өтініш тексеруді бастауға, камералардан жазбаларды сұратуға, кінәлінің жеке басын анықтауға және оның әрекеттеріне құқықтық баға беруге мүмкіндік береді.
Тіпті құқықбұзушы оқиға орнынан бой тасалап үлгерсе де, уақтылы берілген арыз оның тұлғасын анықтауға және жауапкершілікке тартуға мүмкіндікті едәуір арттырады.
Еркектерді әйелдерге тиісуге не итермелейді?
Қоғамдық көлікте немесе басқа да адам көп жиналатын жерлерде әйелдерге тиісетін еркектер, тіпті олардың түр-әлпеті әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланса да, бұл әрекеттерін неге тоқтатпайды? Гештальт-терапевт және клиникалық психолог Галина Михнюктің айтуынша, бұл сұраққа біржақты жауап жоқ.
Психологтың сөзінше, мұндай әрекеттерге баратын еркектерді шартты түрде бірнеше типке бөлуге болады.
Неге кейбіреулер жариялылыққа қуанады?
Кейбіреулер кез келген жолмен көпшілік назарына ілігуге тырысады. Олар үшін тіпті жағымсыз жағынан танылу да өзін маңызды сезінудің бір тәсіліне айналады. Михнюктің айтуынша, олар әлеуметтік желілер мен жаңалықтардағы жарияланымдарды жаза ретінде емес, өзіндік бір "нарциссистік қолдау" ретінде қабылдауы мүмкін.
Оның айтуынша, тағы бір топтағылардың ұстанымдары қасаң әрі терең тамыр жайған. Мұндай еркектер әйелді жеке тұлға ретінде емес, нысан немесе ресурс ретінде қабылдайтын ортада өскен. Соның салдарынан қоғамдық айыптау олардың мінез-құлқына ешқандай әсер етпейді.
"Мұндай ұстанымдарды өзгерту үшін интернеттегі жарияланымдар жеткіліксіз. Бұл не ұзақ мерзімді психотерапияны, не адамның өзі сезінетін нақты заңдық салдарларды талап етеді", – деп түсіндіреді психолог.
Жазадан қорықпаса
Маманның айтуынша, тағы бір санаттағылар өздерінің жазасыз қалатынын сезеді. Көбіне мұндай еркектер адам лық толы автобустарды, метроны, базарларды және көпшіліктің арасында оңай "жоқ болып кетуге" болатын жерлерді таңдайды. Олар бейнебақылау камераларын немесе телефонға түсіріп алуды нақты қауіп ретінде көрмейді.
Психологтың пікірінше, бұған ауыр салдардың болмауы себеп болады.
"Егер адам оны ең көп дегенде интернетте сөгетініне немесе көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүрлейтініне, бірақ қылмыстық жаза болмайтынына сенімді болса, жазасыздық сезімі нығая түседі", – дейді ол.
Психолог адамдармен байланыс орнатудың бұзылуына қатысты жағдайларды бөлек атап өтті. Оның айтуынша, кейбір еркектер әйелдермен салауатты қарым-қатынас құруды білмейді. Бұған бала кезден қалыптасқан мінез-құлық үлгілері, жақын ересектердің іс-әрекетін қайталау немесе жеке психологиялық проблемалар себеп болуы мүмкін.
Психология ма әлде психикалық ауытқу ма?
Бірқатар жағдайда агрессивті мінез-құлықтың себебі психикалық ауытқулар болуы мүмкін. Алайда Михнюк бұл мұндай жағдайлардың аз ғана бөлігіне қатысты екенін және тексерусіз диагноз қою мүмкін емес екенін баса айтады.
Маманның айтуынша, бұл жерде адамның ойланбастан әрекет ететін, билігін көрсетуге тырысатын немесе құрбанға мүлдем жаны ашымайтын тұлғалық бұзылыстар туралы сөз болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда қоғамдық айыптау көбіне тиімсіз болып шығады.
"Ауыр психикалық ауытқулары немесе айқын тұлғалық бұзылыстары бар адамдар үшін әлеуметтік желідегі жарияланымдар іс жүзінде әсер етпейді. Бұл жерде заңдық шаралар және қажет болған жағдайда медициналық бақылау қажет", – дейді психолог.
Сонымен қатар мінез-құлыққа алкогольдік немесе есірткілік тәуелділік, сондай-ақ аддикцияның басқа түрлері әсер етуі мүмкін. Маманның түсіндіруінше, мас күйінде өзін-өзі бақылау төмендейді, сондықтан адам салдары туралы ойланбастан, тұтқиылдан әрекет етеді.
Неге әлеуметтік желілер тиісушілерді қорытпайды?
Михнюктің пікірінше, қоғамдық айыптау бәріне бірдей әсер етпейді. Кейбіреулер эмпатияның жоқтығынан оны елемейді, басқалары ауыр жаза болмайтынына сенімді, ал үшіншілері жағымсыз танымалдылықтан ләззат алады.
"Сондықтан мәселені тек әлеуметтік желілердегі жарияланымдармен шешу мүмкін емес. Көптеген адам үшін жалғыз тежеуші фактор – нақты заңдық салдарлар", – деп есептейді ол.
Неге құрбандар бірден қарсылық көрсете алмайды?
Психолог көптеген әйелдің тиісу кезінде неге сілейіп қалатынын және бірден жауап қата алмайтынын бөлек түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл жүйке жүйесінің "сілейіп қалу" (замирание) реакциясы ретінде белгілі табиғи жауабы. Ол автоматты түрде пайда болады және адамның әлсіздігін немесе қорқақтығын білдірмейді.
"Бұл сәтте ми адамның аман қалуын қамтамасыз етуге тырысып, қозғалысты блоктайды. Сондықтан шабуыл жасаушыны бірден итеріп жібере алмағаныңыз немесе оған жауап қайтармағаныңыз үшін өзіңізді кінәламауыңыз керек", – дейді маман.
Сонымен қатар психолог мүмкіндігінше өз шекараңызды сөзбен қатты білдіруге кеңес береді: "Маған тиіспеңіз!", "Ары тұрыңыз!", "Не істеп жатырсыз?" Бұл агрессор сенетін анонимдік сезімін бұзуға және айналадағылардың назарын аударуға көмектеседі.
Оқиғадан кейін Михнюк болған жайтты жасырып қалмай, психологиялық жарақаттың немесе посттравмалық стресстік бұзылыстың алдын алу үшін жақындарымен талқылауға немесе психологқа жүгінуге кеңес береді.
Неге куәгерлер араласпайды?
Психологтың айтуынша, куәгерлердің әрекетсіздігінің де бірыңғай себебі жоқ. Маман әйелдер көбіне өз қауіпсіздігіне қорыққандықтан араласпайтынын атап өтті. Ал ер адамдар кейде өз агрессиясынан және жанжалдың ықтимал салдарынан сескенуі мүмкін.
"Өз шекарасын дұрыс қорғай алатын және эмоциясын тізгіндей білетін адам көбіне араласып, көмек шақырады немесе полицияға хабарласады. Бірақ әр куәгердің өз өмірлік тәжірибесі, қорқынышы мен жарақаты бар, сондықтан бұған ортақ түсініктеме беру мүмкін емес", – дейді маман.
Бұл ретте психолог мұндай қылмыстардың тиімді профилактикасы жазаның бұлтартпастығынсыз мүмкін еместігін баса айтты.
"Қоғамдық айыптау маңызды, бірақ ол мәселені өздігінен шешпейді. Адамдар мұндай әрекеттер үшін сөзсіз нақты заңды салдар болатынын түсінуі тиіс", – деп түйіндеді Галина Михнюк.