10.10.2022, 9:31
Оқылды: 137

Қырық жыл өтіпті-ау, дидарыңды уақыт бүркегелі...

Жүйрік жылдар байқатпай зымырайды екен... Сонау бір дариға дәуренде ойнап-күліп бірге жүрген Қадыр достың дүниеден көшкеніне де 40 жылдың жүзі болыпты. Досты көңіл қия ма, қанша жыл өтсін ғазиз досым осы қазір жарқылдап кіріп келетіндей елеңдеймін. Бірақ... Сосын естеліктің шоғын үрлеп, кейінде қалған сонау бір жарқын жылдарға саяхаттап кетемін.  

InShot_20221010_085219370

«Жігіттер кең болайықшы» деп отыратын. Осы сөзін өзіміз құралпы жігіттер жиналып отырсақ, жиі айтатын. Айтып қоймайтын өзі де сол сөзіне лайық еді. Жүзі қандай ашық болса, көңілі де сондай дархан, кең болатын. Жақсылық жасағысы келіп тұратын. Сол кездің өзінде-ақ, Қадыр маған айналасына тек жақсылық жасау үшін туған жандай болып көрінетін. Енді мен дидары сағынышқа айналған досымыздың өмірі жайлы баяндайын.

Қадыр Ғабдырахимұлы Усағалиев 1944 жылы Орда ауданының Теректі ауылында дүниеге келіпті. Әкесі – Ғабдырахим соғыс ардагері, ұзақ жыл  колхоз басқарған, кейін де талай лауазымды қызметтерде болған. Елге сыйлы жан-тұғын. Майданнан кеудесі орден-медальға толып келіп, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда шаруашылық басқарды. Бейбіт еңбектің алғы шебінде жүріп, Ленин орденімен марапатталды. Осындай әкеден туған ұл нашар бола ма, Қадыр жас күнінен әкесіне еліктеп өсті десек, еш қателеспегеніміз. Чапаев атындағы орта мектепті жақсы оқып бітірсе де, бірден жоғары оқу орнына бармады. Шаруашылықта қалып, екі жыл қатарынан жылқы бағып, жылқышы атанды. Содан кейін Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірді. Онымен тоқтап қалмай, Оралдың ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, зоотехник мамандығын алып шықты. Осы аралықта әскер қатарында болып, өзінің азаматтық борышын өтеп келді. Әскерде үлгілі сарбаз болған. Сонда жүріп, еркін күреспен айналысып, спорт шеберлігінен үміткер дәрежесін алыпты. Осы күреспен кейін де шұғылданып, талай жарыстарда жауырыны жерге тимеген палуан атанды. Тағы бір айта кететіні – күреспен қатар ат спортымен қоса айналысып, оған өзі қатарлы жігіттерді үнемі тартып жүрді. Төрт доңғалақты арбаға үш ат жегіп, тройкамен және екі доңғалақты арбаға желіс аттарын жегіп жарысатын бәйгелер бар ғой. Ондай жарыстар сонау 70 жылдары Оралда, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні жылда өтетін. Сол жарыстарға Қадыр аттарды баптап, үнемі қатысып жүрді. Бәйгенің алдын бермейтін. Ал анау жүйріктерге жегілетін арнайы арбалар мен ат-әбзелдерін өзі Мәскеуге барып, іздеп тауып әкелуші еді. Спортты жанындай сүйген Қадыр өте еңбекқор еді. Оқуын бітіргеннен кейін «Восход» кеңшарында, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында зоотехник болып еңбек етті. Ірі қара малын өсіріп, оны асылдандыру жұмыстарында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ылғи мақталып, өзгелерге үлгі тұтылды. Шаруаның тетігін білген маман жерде қала ма, Орал облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Қадыр сол кездегі облыстағы ірі шаруашылық – «Ілбішін» асыл тұқымды мал өсіретін зауытына бас зоотехниктік жұмысқа жолданды. Бұл 1982 жыл болатын. Қадыр осы шаруашылықта өмірінің соңына дейін еңбек етті. Жәй еңбек еткен жоқ, іскерлігі мен алғырлығының арқасында зауыт директорының бірінші орынбасары болды.

Марқұм досымның сол жылдардағы еңбек жетістіктерін тізіп айта беруге болады. Дегенмен оның адамгершілік, азаматтық, достық келбетіне де тоқталып кеткім келеді. Ол ағайын-тума, жора-жолдастарына ылғи қамқор болуға, көмек қолын созуға келгенде алдына жан салмайтын. Аса қайырымдылығымен қатар, ақжарқын мінезді, жасар жақсылығын жарқылдаған көңілімен мәз-мейрам болып жасаушы еді. Қолындағы барымен қалайда бөліскісі келіп тұратын. «Сірә, жақсылық жасағаннан оның дархан жаны ләззат табады-ау» деп ойлайтынбыз. Мына бір оқиға әлі көз алдымда тұр. Жоғарыда айтқан тройкамен және арбаға жегілген желіс атымен бірінші орындар алып, бәріміз қуанып жатқан сәт. Сонда оған сыйлыққа дорожка-кілем сыйланды. Әлгі кәдімгідей ұзын. Соны сол бойда, қалтасынан бәкісін шығарды да екіге бөліп, бірін қояр да қоймай маған сыйлағаны есімнен кетпейді. Басымыз қосыла қалса, ортамызда мәз-мейрам, көл-көсір қуанып отырушы еді. Ондайда жиі айтатын мәтелін «Әй, жігіттер кең болайықшы, кең болсақ, кем болмаймызды» аузынан тастамайтын. Сөйткен досымыздан қапияда айырылдық... Ажал түгілі, қылдай жамандыққа қимайтын қайран достың, жарқылдап жүрген жасын азаматтың ғұмыры жол үстінде, жол апатынан үзілді. Мынау кең дүние қас-қағымда қаңырап қалғандай қатты қайғырдық. Соңында жан-жары Гүлзада, төрт перзенті аңырап қалды. Қатал тағдырға амал бар ма? Бүгінде арада қырық жыл өтсе де, Гүлзада Қадырдың шаңырағын шайқалтпай ұстап отыр. Немере-жиендер өсіп жатыр. Асыл азаматтың көре алмай кеткен қызықтарын Жаратқан ие, енді соларға бұйыртқай!

Теміреш Исқақов,

құрылыс саласының ардагері,

Орал  қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале