10.01.2020, 15:58
Оқылды: 81

Мақала қоғамдағы мәселелердің шешу жолдарын айқындап берді

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті "Егемен Қазақстанда" жарияланған "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" мақаласын тұшына оқи отырып, Абайдай дара тұлғамыз туралы тереңнен толғаған пікіріне риза болдым.

Шалқайса тарих шыңы бар, еңкейсе иен елі бар қазақ халқының тарихы туралы көп толғаған данамыз Мұхтар Әуезов "Замана деген ұста бар, адам алмасын сол дархан шығарады", - деген екен.

2020_01_09_abay

Ғалымдар мынадай заңдылықты ашты.

Ұлы тұлғалар мынадай екі жағдайда, біріншісі ұлт (қоғам) өркендеген кезде, екіншісі ұлт (қоғам) күйзелген кезде көбірек дүниеге келеді екен.

Бірінші жағдайды түсіну, ұғыну оңай. Бұл ұлттың толысқанын, кемеліне келгенін, піскенін, қанатын кеңге жайғанын көрсетеді.

Ұлт күйзеліске түсіп, күйреп жатқанда ұлы адам туғызбақ тұрмақ халық өзінің басымен қайғы болып кетпеуші ме еді?!

Ғалымдардың түсіндіруінше, ұлт неғұрлым көне болса, оның қорғаныш қабілеті де мықты болады. Ұлт күйзеліп, күйреп, ұлт зиялыларының санасына "Осы біз ұлт ретінде жойылып кетпейміз бе?" деген қауіп-түйсік орнаған кезде, заманның астан-кестен аласапырандығы мен қиындығына қарамастан ұлттың қорғаныш қабілеті оянып, ширығып, дүниеге ұлы тұлғаларды алып келеді екен.

Яғни, ұлттың қорғаныш қабілет түйсігі ұлттың генетикалық қорына тапсырыс беретін көрінеді.

Осындай кезеңде, ұлтымыздың рухын ояту, тілін дамыту, өнерін өсіру, мәдениетін нығайту яки қазақтың өзіне деген сенімін бекіту үшін ел тілегімен дүниеге келген ұлы тұлғалардың бірегейі Абай Құнанбайұлы болатын.

"Жер – сенікі, билік – менікі" деген алмағайып кезеңде ел намысының найзағайы іспеттес парасат пен ақылды, білім мен білікті тең ұстаған дара тұлға Абай дүниеге келді.

Елдің еңсесінің тік, мұратының асқақ, мерейінің үстем болуы мемлекетті басқаратын басшы мен оның саясатын жүргізіп отыратын қосшыларына тікелей байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома десек, Абай өз заманында жүректен жарып шыққан өлеңдері мен қара сөздеріне қоғамдағы саяси оқиғалар мен әлеуметтік теңсіздікті, бұратана деп бұқтырылған, қараңғылықтың қойнауында, мешеуліктің ортасында қалған қайран қазағының мұңы мен мұқтажын, зары мен запыранын арқау етті.

"Болыс биді құрметтейін десең құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ" деген ғұламаның сөзінің ғасыр жарым уақыт өтсе де, өзектілігін жоймағанына таңқаласың.

Хакім Абайдың:"Мен боламын демеңдер, аяқты алшаң басқанға. Екі көзің алақтап, құр қарайсың аспанға" деген мысалының ішінара біздің қоғамымызда кездесетініне күйінесің.

Адамдықтың негізі имандылықта жатыр. Ұлы Абай: "...кімнің ұяты болса, иман сонда" деген. Мемлекет басшысы аталмыш мақаласында абайтану мәселесіне теориялық тұрғыдан ғана келмей, бүгінгі күн биігінен көз салып, нақты мәселелермен байланыстырып, оларды шешудің жолдарын қоса ұсынады.

 

Мирболат Ерсаев

БҚО тарихи-өлкетану

музейінің директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале