10.01.2020, 22:23
Оқылды: 92

Мәжіліс депутаттары БҚО-дағы медицина саласының қызметкерлерімен кездесті

Парламенттің төменгі палатасының депутаттары өңірлерге сапарын жалғастыруда.

20200110_221728

Облысқа жұмыс сапарымен келген депутаттар Аманжан Жамалов, Шавхат Өтемісов және Снежанна Имашева бүгін Орал қалалық көпбейінді ауруханасында медицина қызметкерлерімен кездесті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ең алдымен Сырым, Тасқала, Теректі, Бөрлі, Жәнібек және Қазталов аудандарында болып, сайлаушылармен кездескенін және жұртшылық тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің болашақта қаперге алынатынын айтып өтті.
-Бесінші сессияда жалпы 77 заң жобасы қаралып, оның 34-і Сенатқа жолданды. 17 заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қол қойды. Ең алдымен, халықтың әл-ауқатын күшейтуге ерекше назар аударылды. Соның арқасында тікелей әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар заң қабылданып, оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасалды. Соның бірі – көптің көкейінде жүрген педагог мәртебесі жаңа заңмен бекітілді. «Педагог мәртебесі туралы» Заң педагогтардың кәсіби қызметтегі құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі көрсетеді және материалдық жағынан қамтамасыз етеді. Бұған қоса мұғалімдердің кәсіби қызметіндегі құқықтары мен міндеттерін сипаттайды. Сондай-ақ ұстаздарды материалдық қамсыздандыру, ынталандыру шаралары мен әлеуметтік кепілдіктер туралы нормалардан тұрады, - деген Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын дәйекті іске асыру шеңберінде азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау басты мақсат екенін атап өтті.
Снежанна Имашева қазіргі таңда мәжіліс депутаттары мен сарапшылардың талқылауындағы «Денсаулық туралы Кодекс» жобасында көтерілген мәселелер туралы әңгімелеп берді.
-Жұмыс тобы бұл мәселе бойынша күніне екі мәрте бас қосады. Барлық талқылауларды онлайн желісі арқылы кез келген адам көре алады. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің, тәжірибелі дәрігерлер мен сала ардагерлерінің аталмыш кодекске қатысты ұсыныс-пікірлерін күтеміз, - деді депутат.
Жаңа жылдан бастап қолданысқа енген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін халық әлі дұрыс түсінбей жатқанына тоқталып өткен Аманжан Жамалов жиынға қатысушылардан осы бағыттағы жұмысты жетілдіру және денсаулық сақтау саласындағы өзге де мәселелерді ашық талқылау үшін еркін пікір алмасуға шақырды.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының директоры Бекет Бадашев педагог мәртебесінің заңмен айқындалғанындай, талқылаудағы «Денсаулық туралы Кодексте» дәрігерлердің құқығын жан-жақты қорғайтын норма енгізуді ұсынды. Дәрігерлер жалақысының төмендігі, салалық мамандардың, әсіресе, балаларды емдейтін салалық дәрігерлердің тапшылығы, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі туралы өзекті мәселелерді көтерді. Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің директоры Қамидолла Ирменов өңірде дәрігер кадрлар тапшылығы өткір екенін айта келе, әсіресе, аудан-ауылда бір дәрігердің үш маманның жүктемесін қатар алып жүруге мәжбүр екенін мәлімдеді. Жалақының аздығынан білікті кадрлардың жеке клиникаларға жаппай ауысып кетіп жатқанына, жастардың дәрігер мамандығына қызығушылығы жыл санап кеміп бара жатқанына тоқталып, дәрігерлер мәртебесін заңмен бекіту қажеттігін баса айтты.
Мәжілісмендер өз кезегінде басқосуда айтылған барлық ұсыныс-тілектердің ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Динара Жұмабекқызы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале