23.05.2023, 11:45
Оқылды: 977

Мектеп бітіргенімізге - 60 жыл

Әр адам үшін түлеп ұшқан ұясы, туып-өскен  ауылы мен білім алған мектебі ыстық болатыны  анық. Біз Жаңақала өңірінде дүниеге келіп,сол ауылдағы мектептен білім алғанымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Жаңақала ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Мажит Жүнісов атындағы мектеп (бұрынғы  С.  Киров  атындағы) ел аузында  «Қызыл  мектеп» аталып кетті.

1

Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқанымызға биыл 60 жыл болғалы отыр. Мектебіміз  – жай білім ұясы емес, Жәңгір хан іргесін қалаған, қазақ жеріндегі батыс өңірде 150 жылдан астам тарихы бар алғашқы мектептердің бірі. Осы білім ұясынан шыққан әйгілі түлектер, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер майталмандары өте көп.

Біз оқыған жылдары Қабадаш Нұрымғалиев ағамыз осы мектептің директоры болатын. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, өңірдегі білім саласының дамуына, мектептің оқу-әдістемелік және материалдық базасының жасақталып қалыптасуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған еді. Ол кезде мектеп жанынан 100 орындық балалар интернаты жұмыс істеді. Онда алыс ауылдарда тұратын, аз қамтылған, малшы-шопандардың балалары жатып оқитын. Интернаттың материалдық-техникалық базасын жабдықтауға, ауыз сумен қамтамасыз етуге мектептің әкімшілігі міндетті еді. Ол кезде газ да, су да жоқ. Бәрі 4-5 шақырым жерден көлікпен тасып әкеліп, суды қыста түйе шанамен, жазда ат арбамен таситынбыз.  Тамақ әзірлейтінбіз. Осы жұмыстарды оқушылардың өздері кезекшілікпен сабақтан бос уақытта істейтін. Пеш қатты отынмен, көмірмен жылытылатын. Ол кезде мектеп директорының қызметі жоғары жауапкершілікті талап ететін. Мектептің оқу-тәрбие жұмысына қоса, шаруашылық жұмыстарын жүргізу үшін білікті, білімді, тәжірибелі мамандарды тарту қолға алынды.

Нәтижесінде  «Қызыл мектеп» жемісті қызмет істеген, жас ұрпақты білімге баулуда зор еңбек сіңірген ұстаздармен толықты. Атап айтсақ, олар – Қазан революциясы орденінің иегері, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мұғалімі, мектеп директоры Қ. Нұрымғалиев, Ленин орденді К. Салиқов, Құрмет белгісі орденді Е. Салиқов. Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкерлері – математикадан дәріс берген Х. Түменбаева, Ж. Арыстанбеков,  Б. Арыстанбекова, К. Абдолкәрімов, Р. Құдайбергенов, тарихшылар – Б. Дәулетов, Н. Оразғалиев, физика пәнінен сабақ берген Ж. Қисмеденов, С. Абуов сынды мұғалімдермен толығып, жемісті  еңбек  етті.

Біз осындай керемет ұстаздардан білім алғанымызды мақтан етеміз. Өмірден өз орнымызды тауып, мамандық таңдауға, қоғамға, халыққа адал қызмет істеуге үйреткен, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымызға әрқашан  қарыздармыз.

1963 жылғы түлектер білім нәрімен сусындатқан, адам болып қалыптасуымызға, өмірден өз жолымызды табуға және арман-мақсатымыздың орындалуына ықпал еткен ұстаздарымызды сағынышпен еске аламыз. «Қызыл мектеп» қабырғасында интернатта жатып, өз тәрбиешілерімізден тәлім-тәрбие алғанымызды қалай мақтан етпеске? Оларды қалай ұмытуға болады? Интернат меңгерушісі Еслам Салихов, тәрбиешілер – Ханым Сәрсенғалиева, Забөк Өзбекова, т.б.  атауға болады. Олар бізді туған анамыздай қамқорлап, күн сайын сабаққа әзірлігімізді қадағалап, тәртіпке, ұқыптылыққа, тазалыққа үйретіп, жұма сайын моншаға түсіретін. Сонымен бірге достыққа, сыйласа білуге, татулық-бірлікте болуға үйретті. Қарапайым төсек-орнымызды мұнтаздай қылып жинауды  сол кісілерден үйрендік. Ер балалар интернат қабырғасында өзімізді әскер қатарында болғандай сезіндік. Біз олардан алған тәлімтәрбиемізді өз өмірімізде пайдалана  білдік.

Р. Құдайбергенов «Шежірелі бай білім ордасы» атты мақаласында  («Орал  өңірі»,  1993 жылғы 14 қазан)  «1952-1956 жылдар аралығында Киров орта мектебін 39 оқушы алтын, күміс медальмен бітірді» деп жазады. Шындығында, бұл жылдар мектептің қайқай жағынан да үлкен мәртебеге ие болған кезі еді. Біріншіден, осы кездегі мектептің даңқын биікке көтерген, ең алдымен, оның ұстазы еді. Әрқайсысы артына өшпестей із қалдырған майталман мұғалімдер еңбек еткен болатын-ды. Мысалы, көршілес Казталов ауданында қызмет еткен партия қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нәсекен Табылдиев, Тихон Әліпқалиев, Бақыт Жасқалиева, педагогика ғылымдарының докторы Бекіш Қаражанов, ғылым кандидаттары – Максим Нұрымғалиев, Аманкелді Ғалымов, Қуаныш Исмағұлов және мектеп директоры, ауыл әкімі Әдиет Қамиевті атауға болады. Еліміздің батыс өңірінде ғана емес, республикаға белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер саңлақтары, небір ғалымдар түлеп ұшқан мектебіміздің тарихына мектепті 1963 жылы бітірген түлектер де айтарлықтай үлес қосты. Ондаған сыныптасымыз елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосып, ел құрметіне бөленді. Мектеп бітірген түлектердің 70 пайызы арнаулы және жоғары оқу орындарына түсті. Бұл сол кезеңде жақсы көрсеткіш саналды. Еңбек жолын жас ұрпаққа бі-лім беруге арнаған, ұстаздық қызметті таңдаған сыныптастарымыз – Қазақ ССР халық ағарту ісінің озат қызметкерлері атанған, 3-дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегері  Г. Бисенғалиева, А. Жалмұқанова, Г. Ахметов, К. Тасқалиеваның есімдерін атауға тұрарлық. М. Байқуатов,  М. Ғабшакиров, К. Төлеуғалиева, Құрмет орденінің иегері Е. Ғұбайдуллин алған мамандықтары бойынша ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге өз үлестерін қосса, К. Ермекқалиев көршілес Казталов ауданында, аудандық партия, Кеңес кәсіподақ комитеттері мен аудандық мемлекеттік архив директоры қызметтерінде жауапты жұмыс атқарды. С. Қадырқұлов ауылдық кеңес, округ әкімі аппаратында ұзақ жылдар бойы жауапты жұмысын мінсіз атқарды.  Денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп, халық құрметіне бөленген ақ халатты абзал қыздарымыз да  жоқ емес. Олар – С. Күнтудаева, Г. Ермұханова, Г. Әдиетова.

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған, дүниеден ерте кеткен сыныптастарымызды сағына еске аламыз. Қаламы ұшқыр белгілі журналист, қоғам қайраткері Ұзақбай Рахматуллин Фурманов ауданында, аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшысы, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген. Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін аса жауапкершілікпен атқарды. Алма Жалмұқанова атты сыныптасымыз  ақжарқын мінезді, адамгершілік қасиеті жоғары, өмірге көзқарасы бөлек жан болатын.

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, мектеп директоры, Жаңақала аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшысы, аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарып, аудан халқының арасында зор сенім мен құрметке  ие  болған.

Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастаған, Құрмет және Парасат  орденінің иегері, сыныптасымыз Төлеген Мерғалиев аудан жаңадан құрылған жылдары партия комсомол комиттерінде жауапты жұмыстар істеді. Облыс әкімі оған үлкен сенім артып, 1992 жылы ау-дан әкімі етіп тағайындады. Осы қызметте табан аудармастан 18 жылға жуық жұмыс істеді. Ол басқарған жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жан-жақты дамып, жақсы көрсеткішке  қол  жеткізді.

Сыныптасымыз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан білім беру ісінің  құрметті қызметкері Серікқали Шарабасов институт қа-бырғасында ұстаздық қызмет ете жүріп, ғылыммен айналысып, кандидаттық диссертация қорғады. Ал сыныптасымыз, Құрмет орденінің иегері Нәсіпқали Дәулетов – педагогика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын  институтта оқытушылықтан бастап, республикаға  танымал, алдыңғы қатарлы облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің  директоры болып 25 жылға жуық жемісті еңбек етті.  Ақ Жайық өңірінің дарынды жастары мектептен өмірге жолдама алса, бүгінде олар – еліміздің сан саласында жемісті еңбек етіп жүрген заманымыздың зиялы азаматтары. Сыныптасымыз, еңбек ардагері, елге сыйлы зиялы азаматтардың бірі – Ғабдрашид Қарменов партия комитетінің хатшысы, совхоз директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Бөкей ордасы ауданының әкімі, облыстық деңгейдегі мекеме басшысы болып  жемісті  еңбек  етті.

«Қызыл мектебіміз» тозығы жетіп ескіргесін, 1970 жылы жаңа мектеп салу қолға алынды. 1973 жылы жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осы мектептің салынуына бастан-аяқ сол кездегі мектеп директоры Қ. Нұрымғалиев  еңбек  сіңірді.

1973 жылы жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, пайдалануға берілгенде қатты қуандық. Біз оқымасақ та, кейінгі толқын еңселі білім ошағынан жақсы тәлім-тәрбие алып, жан-жақты жеті-ліп шығатынына сендік. Мұндай ғимаратта жұмыс істеу ұстаздарға зор ынта мен шабыт беретіні анық. Сонымен бірге біздер қазір өмірде жоқ ұстаздарымызды және сыныптастарымызды еске ала отырып, олардың ұрпақтарына және М. Жүнісов атындағы мектеп ұжымының ұстаздар қауымына зор денсаулық, баянды бақыт тілейміз. Алдағы уақытта ұстаздар сенімін ақтап, білім мен ғылым жолында жарқын жетістіктермен қуантатын түлектердің қатары көбейіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырады деген сенімдеміз.

 

Қуаныш Ермекқалиұлы,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале