22.12.2022, 9:00
Оқылды: 100

«Мемлекеттің қаржысын талан-таражға салуға жол бермеймін!»

Биылғы 11 айда өңірімізде 533  000 шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұған қоса әлеуметтік нысандарды салу, жөндеу жұмыстары да жүруде. Бірақ кей білім ошақтарын көтеру, жөндеу жұмыстары созылып, сақалды құрылысқа айналған нысандар да баршылық. Осындай мәселелер облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің басшылығымен өткен өңірдегі тұрғын үй, ауылдарды сумен жабдықтау, әлеуметтік нысандар құрылысы талқыланған жиында айтылды. Кезек күттірмейтін және ел Президентінің тікелей қадағалауындағы мәселелер қаралған жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, Орал қаласы және аудандардың әкімдері, құрылысқа жауапты мердігерлер қатысты.

3e621259-8a43-43f9-bd5b-0f48040b96e1

Жиын барысында облыстағы ауыз су, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы саласына жауапты мемлекеттік құрылымдар мен мердігер компанияларды мазалаған түйткілдерді шешу, кешеуілдеген құрылыс мәселелерін реттеу жайы қаралды.

11 айда тұрғын үй құрылысына 170 миллиард теңге бағытталған, жыл соңына дейін бұл қаржы 204 миллиардқа жетеді. Бой көтерген баспаналардың біраз бөлігі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында тұрғызылған. Облыс орталығы мен жеті аудандағы үйлерді қажетті инфрақұрылым­мен қамту жайы да назардан тыс қалмапты. Оған қазынадан 5 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы құрылыс қарқыны жаман емес. Жыл ішінде біраз әлеуметтік нысан тұрғызылып, пайдалануға берілген. Бірақ әр түрлі себептермен тұралап қалған құрылыстар да бар екен. Ол жайтты жиын барысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев жеткізді. Облыстағы құрылысқа жауапты басшының сөзінше, құрылыстың сиырқұйымшақтанып кетуіне өңірдегі ауа райының қолайсыздығы себеп екен. Яғни алты айға созылатын қыс құрылыс жүргізуге кедергі келтіретін көрінеді.

Сонымен қатар Әлібек Сайынұлы сырттан келген мердігерлердің мәселелері де көлденең тұрғанын жеткізді. Өңірдің бас құрылысшысының айтуынша, биыл ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша қолға алынған 25 нысанды өзге өңірлерден келген мердігерлер ұтып алыпты. Олардың барлығы өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды деу де қиын. Кейбірінің техникасы, кейбірінің жұмыс күші болмай, жергілікті компанияларды субмердігер етіп алатын жайттар да кездеседі. Ақыр соңында іске асырылуы керек нысандар тұралап қалуда.

Облыстағы тұрғын үй, әлеуметтік нысандарды салу қарқыны мен өзекті мәселелер жайында кеңінен мағлұмат берген Әлібек Антазиев төтенше жағдай кезінде Қаратөбе ауданына қарасты Шалғын, Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауылдарында жарамсыз болып қалған баспаналардың орнына салынған үйлердің құрылысы аяқталып, тұрғындарға баспана кілті табысталғанын да айтты. Сонымен қатар келер жылға жоспарланған жұмыстарына да тоқталған облыстық құрылыс басқармасының басшысы 2023 жылы қалада 12 көпқабатты, ауылдық елді мекендерде 33 кредиттік тұрғын үй, сонымен қатар ауылдық елді мекендерде 9 жалға берілетін үй салу  көзделгенін  баян  етті.

Облыс әкімдігімен 2023 жылға облыс үшін белгіленген пәтер лимиті – 171. Қазіргі таңда 1,6 млрд теңге қарастырылып, 10 үй, 148 пәтер салынатын болады. Қалған 23 пәтерді сатып алуға бюджеттік өтінім жолданып, алдын ала қолдау тапты. Сондай-ақ 2023 жылға ауыспалы кредиттік үйлер құрылысын аяқтауға және жаңа тұрғын үйлердің құрылысын бастауға 17,4 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаз шығару жоспарланып отыр. Жергілікті бюджеттен несиелік (кредиттік) үйлер құрылысын қоса қаржыландыруға 2,3 млрд теңге қарастырылған. 12 инженерлік коммуналдық инфрақұрылым нысандарының құрылысына 6,8 млрд теңге бөлінген. Оның 6,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен болады. 26 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтау нысандарын салуға және реконструкциялауға 5,1 млрд теңге бөлінсе, оның 3,5 миллиарды республикалық бюджеттен келеді. Ал 1,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен қаралады. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» білім беру нысандарының құрылысына ел бюджетінен 17,9 миллиард теңге бөлінбек, – деді Әлібек Антазиев.

Кейін облыс әкімі Нариман Төреғалиев құрылыс қарқыны көңілден шыққанымен, кей нысандардың кешеуілдеуіне ауа райы мен басқа да көлденең келетін кедергілер емес, бақылаудың жоқтығы мен жоспарлау кезіндегі қателіктер себеп болатынын баса айтты.

Аудандардағы құрылыс сиырқұйымшақтанып кетпесін!

Жиында өңір басшысы тек қалада ғана емес, аудандарда да сағызша созылған құрылыс нысандары бар екенін баяндап, жергілікті әкімдерден есеп алды. Алдымен, өңір басшысы Жаңақала ауданы әкімінен ауданда бірнеше жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған тұрғын үйді аяқтауға не кедергі болып отырғанын сұрап білді.

– Жаңақала ауданының орталығында бой көтеріп жатқан тұрғын үй құрылысы аяқтала келді. Желтоқсанның 28-інде барлық жұмыс толықтай аяқталады. Қазір құрылысшылар күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Күні бүгін  тұрғын үйдің ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалды, – деді Жаңақала ауданының әкімі Дархан Закарин.

Өңір басшысы үш жылға созылған үй құрылысының көзделген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауға алу керек екенін ескертті. Жұмысы созылып кеткен құрылыс Казталов ауданында да бар. Бірнеше жылдан бері аталған аудандағы үш мектептің құрылысы бітер емес. Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев олқылыққа инфляция мен ұйымдастырудағы кемшілік себеп болғанын айтты.

– Казталовтағы мектептерді салуға инфляцияның ешқандай қатысы жоқ. Дұрыс қадағалау болмады. Оны мойындауымыз керек. Сол себепті балаларымыз әр мекемені аралап, білім алуда. Ол жерде қажетті жағдайдың жасалмағаны айдан анық. Жазда аудандарды аралағанымда, оқу жылы басталғанша мектептерді іске қосамыз деген едіңіздер. Содан бері бірнеше ай өтті. Ешқандай нәтиже жоқ. Жұмысты жеделдетуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Ақжайық ауданында да үш мектептің құрылысы аяқталмай қаңтарылып тұр. Аудан басшысы Қалияр Айтмұхамбетов білім ошақтарының құрылысын өз міндетіне алған мердігерге қажетті қаржы толық берілгенін жеткізді.

Теректі ауданында да жағдай мәз емес. Бір емес, бірнеше нысанның құрылысы аяқталмаған. Өңір басшысы ауданда бітуі керек нысандардағы жұмыстар толық аяқталмайынша, Теректіге қатысты жаңа жоба мақұлданбайтынын жеткізді. Бұл ескерту сақалды құрылысы көп барлық ауданға қатыстылығы  жиында  сөз  болды.

Әлі келмейтін мердігер әлек болмасын!

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев құрылыстарды мойнына алып, жұмысын уақтылы аяқтамай жүрген мердігерлерге де орынды шүйлікті. Алдымен, Казталов ауданындағы мектеп құрылысын аяқтай алмай жүрген «Жиенбай» ЖШС-ның басшысы Александр Қарағойшиннің уәжін тыңдады. Аталмыш ЖШС басшысының айтуынша, жобада шыққан қателер білім ошағының уақтылы аяқталмауына кедергі келтірген.

– Тендер ұтып алдыңыз. Қатысқан  кезде сіздің жобамен толық танысқаныңыз анық. Егер қателіктер болған жағдайда, оны құрылыс басталмай тұрып ескертуіңіз керек еді, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Ақжайық ауданында үш мектеп құрылысын мойнына алып, міндетін атқара алмай жүрген «Градстройсервис» ЖШС-ның аймақтық директоры Бейбарыс Манашты сөзге тартқан облыс әкімі жоба-жоспар бойынша желтоқсанның 19-ы күні тапсырылуы керек болған білім ошағындағы жұмыс не себепті тек қана 30 пайызға орындалғанын сұрады.

Мердігердің айтуынша, ауа райының қолайсыздығы мен ауылға құрылыс материалдарын жеткізудегі қиындық жұмысты толыққанды атқаруға мүмкіндік бермей тұр. Әрі монтаждау кезінде шыққан қателіктер де қолбайлау көрінеді.

Облыс әкімі мердігерге мектеп құрылысын келер жылдың мамыр айына дейін аяқтауды тапсырып, олай болмаған жағдайда жауапты компания сотқа тартылатынын ашық мәлімдеді.

– Құрылысты бастап, аяқтай алмай отырған мердігерлердің барлығын заңға сәйкес сотқа тарту үдерісі қазірден бастап қолға алынатын болады. Әр мердігер өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Ісіне жауапсыз қарайтын мердігермен одан әрі жұмыс істемейтін боламыз. Мемлекеттің қаржысын талан-таражға салуға жол бермеймін! – деді Нариман Төреғалиев.

Не болса, соны желеу етпей, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану қажет екенін айтқан өңір басшысы жер учаскелерін тиімді бөліп, инженерлік желілерді тартуды сауатты ұйымдастыру басты міндет  болатынын жеткізді.

Жиын соңында Нариман Төреғалиев құрылыс жұмыстарының сапасын, мерзімін және жұмсалған қаражатын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале