17.05.2020, 14:54
Оқылды: 218

Мерей ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеуден өтуде

Кеше Тасқала ауданына барған облыс әкімі Ғали Есқалиев Мерей ауылындағы мәдениет үйінің ескі ғимаратын көрді. Ғимарат апатты жағдайда. 2018 жылдың 18 шілдедегі «EvoCom» ЖШС қорытындысы бойынша Мерей ауылдық мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеу жүргізуге орынсыз деген қорытындыға келген. Одан соң 1985 жылы салынған фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынымен танысты.

IMG-20200517-WA0025

«СВС Батыс» ЖШС жүргізіп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жоба құны 34 501,0 мың теңге. Күрделі жөндеу жұмыстарына тоғыз жұмыс орны ашылып, соның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 4 адам жұмысқа тартылды.

- Осы ауылдық округіне қарасты 1700 адамды қамтитын болады. Айнабұлақ, Аққайнар сияқты елді-мекендердегі тұрғындар да осында келіп денсаулықтарын тексертеді. Қазіргі уақытта округ бойынша 3 жасқа дейінгі 197 бала бар.  Бұл күнде 24 жүкті әйелдердің де денсаулықтары қадағалануда. Осылардың бәріне қызмет көрсетіп отырған ғимаратқа жөндеу жұмыстарының басталғанына қуаныштымыз,- дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлсайран Кенжешова.

Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы осы аталған жұмыстардан қаржы үнемдеп мердігерлердің көмегімен ФАП-тың ішіне қажетті жаңа құралдар- жабдықтармен қамтуды ойластыру керектігін тапсырды. Аталмыш ауылдағы балабақша кешеніне табан тіреген өңір басшысы қазіргі таңдағы бөбекжай кешенінің жұмысын көрді.

IMG-20200517-WA0024

- 2006 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Дегенмен қазіргі таңда кәріздердің жасамауы және төбеден су кетуі бізді қатты алаңдатады. Сонымен қатар электр жүйесінің әбден тозығы жеткен. Оның үстіне жылыту қазандығы мектеппен бірге болғандықтан, балабақшаны қыс мезгілінде жылыту қиынға соқтырады. Қазіргі уақытта 40 бала тәрбиеленіп келеді. Негізінде бұл ғимарат 1989 жылы салынған, -дейді бөбекжай меңгерушісі Ақбөбек Демесінова.

Аталмыш округ әкімі Мэлс Нәріковтың мәліметінше, өткен жылы ауылға 70 млн теңгедей қаражат тартылған. 12 отбасы несие алса, 10 отбасы мемлекеттік грант иегері атанған. Одан бөлек үш шаруа қожалығы келіп жұмыстарын жасап жатыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың саны - 288. Бес үйден өзгесінің бәрінде мал бар көрінеді.

IMG-20200517-WA0026

Аталған ауылдағы 50-55 пайыз адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Зейнетақы қорына қаражат түспейді. Шаруа қожалықтарына берілген жерден түсетін салықты дұрыс жолға қою керек. Қазіргі таңда шаруа қожалықтарындағы жұмысшыларда еңбекақысын қолма-қол алатындығын білеміз. Ол дұрыс емес. Егер салық тұрақты түсіп тұрса жағдай қазіргіден өзгеше болар еді. Облыс басшысы аталған мәселелерді де кезең-кезеңімен шешуге болатындығын баса айтты.

 

Темірболат Тоқмамбетов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале