17.04.2026, 17:45
Оқылды: 15

Облыстағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

WhatsApp Image 2026-04-08 at 12.17.47

Жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қарасты  біздің  облыстағы Әдеп жөніндегі  кеңестің  кезекті отырысы өтті. Оған кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов төрағалық етіп, жиынға кеңес мүшелері мен департамент қызметкерлері қатысты.

Сессия отырысындағы шу

Алдымен Жаңақала ауданы Пятимар ауылдық округінің әкімі Бауыржан Рамазановқа қатысты тәртіптік іс материалдары қаралды. 2025 жылдың 29 желтоқсанында Жаңақала ауданының мәслихат аппаратында өткен сессия отырысында округ әкімі Рамазанов қатысушыларға бейәдеп сөздер айтқан. Бейнежазбаларды зерделеу нәтижесінде оның сессия қатысушыларымен дауыс көтере жанжалдасып, «Кетшей!», «Басты қатырмаңдар!» деп айтқаны расталды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаменттің бас маманы Дулатбек Молдағалиев Рамазановтың осы орынсыз сөзі мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебі мен мінез-құлық талаптарына қайшы келетінін айтты. Сондай-ақ ол Рамазановтың әлгіндей әрекеті өзі өкілі болып табылатын мемлекеттік құрылымның абырой-беделіне нұқсан келтіретін әрекет деп есептейтінін жеткізді. Жаңақала ауданы әкімі ұсынған қызметтік мінездемеде Бауыржан Сәкенұлы округ әкімі лауазымында 2023 жылдың 27 қыркүйегінен бастап қызмет ететіні айтылған. Жалпы еңбек өтілі 26 жылды құраса, оның 17 жылы мемлекеттік қызметтің еншісінде.

Ал округ әкімі Бауыржан Рамазанов аталған сессия отырысының жарты сағаты ұрыс-керіспен өткенін айтып ақталды. Оның айтуынша, аудандағы округтерге бюджет бөлу мәселесі талқыланған осы маңызды жиналысқа белгісіз азаматтар да қатысқан. «Олар сессия отырысының өтуіне кедергі жасады. Ашумен, аңдаусыз сөйлеуімнің де басты себебі осы», – дейді округ әкімі.

– Мен жиналыс қатысушыларының ешбіріне дауыс көтермедім. Менің табиғи дауысым осындай. Жеті-сегіз кісіден құралған топ Жаңақаладағы әр жиналыста шу шығарады. Олар сессия отырысына шақырусыз, негізсіз қатысты деп есептеймін. Сағат 12:00-де басталған жиналыстың жарты сағаты жанжалмен өтті. Менің округ әкімі болып сайланғаныма екі жылдан асып барады. Қызметтік лауазымымның да шегі таяп келеді. Сессия отырысында ауылымның дамуына қатысты бірнеше ұсыныс айтпақ едім. Бірақ әлгі азаматтардың «сөз соғысының» әсерінен уақыт текке кетіп жатты. Күйінгеннен, абайсызда орынсыз сөйледім.  Осы сөзімді сессия отырысында болған аудандық қоғамдық кеңес пен мәслихат депутаттары растайды. Сіздерге жазған үш түсініктемемде де сол жиынға қатысқандардан пікір алуларыңызды сұрап, өтіндім, – деді Б. Рамазанов.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов ұзақтығы үш сағатқа созылатын бейнежазбаны толық қарап шыққанын айтады. Сессия отырысында Б. Рамазановтан өзге айқайшу шығарған азаматтарды аңғармағанын тілге тиек етті кеңес төрағасы.

– Жиын кезінде әріптестеріңізбен сыпайы сөйлеспедіңіз. Түсініктемеңізде жазған ұсынысыңызды
елеп, сессия қатысушыларынан пікірлер де алдық. Осыған дейін де сіздің тәртіптік ісіңіз қаралып, талқыға түсті. Ол кезде де «Менің табиғи дауысым осылай қатты шығады» деп ақталып едіңіз. Кез келген жерде мемлекеттік қызметші әдеп қағидаларын сақтауы тиіс. Сіз айтып өткен «белгісіз адамдар» аудандағы қоғамдық ұйымдардың мүшелері болуы мүмкін. Олардың жиынға қатысуы немесе қатыспауы жөніндегі шешім шығару сіздің құзырыңызда емес. Бейәдеп сөздер айтып, дауыс көтеруден ештеңе оңалып кетпейді. Дәл осы кеңес отырысынан кейін нәтиже шығарады деп үміттенемін, – деді ол.

Мұрат Байсалов тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидаларының талаптарын ескере отырып, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелеріне Б. Рамазановқа қатаң сөгісберуді ұсынды. Байсаловтың бұл ұсынысын кеңес мүшелері толық қолдады.

«Балағаттады деп бәле жауып отыр»

Одан кейін Бәйтерек ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Баяхатовқа қатысты тәртіптік іс материалдары қаралды. Ол туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаменттің бас маманы Әлия Киреева толық баяндады. Бәйтерек ауданының Б. есімді тұрғыны 2026 жылдың 26 ақпанында өткен жер комиссиясының отырысы барысында бөлім басшысы Баяхатов әдепке сәйкеспейтін сөздер айтты деп шағым түсірген. Шағымданушы мемлекеттік қызметшінің балағат сөз айтуы Әдеп кодексінің қағидаларына қайшы келетінін де тілге тиек еткен. Бірақ Артур Мақаш-ұлы қызметіне қатысты тағылған айыпты жала ретінде қабылдайтнын мәлімдеді.

– Мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргеніме 20 жылға жуықтады.  Мен қызмет кезінде және күнделікті өмірде біреуге дөрекі сөз айтып, балағаттап көрген емеспін. Шағым түсірген азамат араңдату мақсатында жала жауып отыр деп есептеймін. Мен басқаратын бөлімге жер мәселесіне қатысты кү-ніне бірнеше өтініш түседі. Аудаға қарасты Мичурин және Байқоныс ауылдарынан жер алғысы келетіндер көп. Азаматтардың құжатын жан-жақты тексеріп, талапқа сай емес өтініштерге жер беру туралы келісім бермейміз. Осыған байланысты үстімізден түрлі шағым да түсті. Біз олардың өтініштеріне не себепті келісім бермегенімізді түсіндіріп, заң аясында жауап береміз. Шағым беруші айтқан сөзімді дау-дамайға айналдырып, мені тығырыққа тірегісі келеді, – деді А. Баяхатов.

А. Баяхатов 2025 жылы Бәйтерек ауданы әкімінің өкімімен қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылған. Мұрат Байсалов егер мемлекеттік қызметші бұрын тәртіптік жаза алып, оны қайта қайталаса, онда жаза күшейе түсетінін айтты.

– Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының» №27 тармағына сәйкес, теріс қылық – елеусіз, елеулі, өрескел болып үшке бөлінеді. Баяхатовтың осы теріс қылығы «елеулі теріс» қылық болып есептеледі. Сол үшін мұндай мемқызметшіге қызметіне толық сәйкес емес екені туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түріде жаза қолданылады, – деп атап өтті М. Байсалов.

Кеңес төрағасы Артур Баяхатовқа қызметіне толық сәйкес емес екені туралы ескерту жасау жөнінде ұсыныс айтып, дауысқа салды. Мұны Әдеп жөніндегі кеңестің бес мүшесі қолдаса, екеуі қарсылық білдіріп, нәтижесінде Баяхатовқа қатысты әлгіндей шара қолдану жөніндегі ұсыныс Бәйтерек ауданы әкіміне жолданатын болды.

Нұрым Ғұмар,

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале