10.05.2020, 21:02
Оқылды: 179

Орал қаласында бірқатар көше жөнделуде

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Орал шаһарындағы бірқатар жол төсеу, тұрғын үйлер салу мен ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

28965dd8-1b52-41b6-b146-f9beb521d516

Бүгінде Зашаған кенті аумағындағы Сарытау шағын ауданында алты көшенің жолы жөнделіп, 6,5 шақырым қатқыл жол төселуде. Сол маңдағы Айтқұлов, Шайхиев, Күлтегін, Ақан Сары, Сұлтан Бейбарыс, М.Мөңкеұлы атындағы көше тұрғындары жыл соңына дейін жол азабынан құтылатын болады. Сонымен қатар жөндеуден өткен көшелермен қорғамдық көлік қатынап, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмақ. Аталған көшелерге ені 4,5 – 9 метр аралығында тас жол салынып, жаяу жүргіншілер жолы төселуде. Құрылыс жұмыстарына 1,2 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Өткен жылдың күзінде басталған жол салу жұмыстарын осы жылдың соңына дейін толықтай аяқтау жоспарланып отыр. Бүгінде жаяу жүргіншілер жолы 90%-ға аяқталған болса, ұзындығы екі шақырымды құрайтын Айтқұлов көшесіне 1,7 шақырым тас жол төселген.

9815635f-9e41-4d86-b6d5-d6d1059f8b44

Сондай-ақ қаламыздағы Жөндеу зауыты деп аталып кеткен шағын аудандағы Лесозащитная көшесінде де күрделі жөндеу жұмыстыры жүргізілуде. Ұзындығы 1,5 шақырымды, ені 7 метрді құрайтын көшеде күрделі жөндеуді «Ануш Құрылыс» ЖШС атқаруда. Тас жол салынып, жаңғырған көше бойына жаяу жүргіншілер жолы да төселуде.
Осы ауданнан қалалық мәслихатқа депутат болып сайланған Тұрарбек Тілемісовтің айтуынша, жұмыстар талаптар мен мерзімге сай жүргізілуде.

7ecc0ff9-4bdf-4059-922a-d235febb8ec8

-Жобалық құжаттамаға сәйкес бұл көшеге жауын-шашынның суы жиналатын арықтар жасалуы тиіс болатын. Бірақ көшенің тарлығына байланысты арық сыймай қалды. Мердігер компанияның басшысымен ақылдасып, арық салынуға кететін қаражатқа қатқыл жол төселген екі көшенің арасын жалғауды ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жайт, қала ішіндегі шағын көшелерге қиыршықтасты маститті асфальт төсеудің қажеті қанша? Тас жолдың бұл түрі уақ қиыршықты асфальтқа қарағанда екі есеге жақын қымбат. Бұл жолдармен ауыр жүк көліктері жүрмейді. Осы жағдайды қайта қарап, үнемделген қаражатқа басқа көшелер жөнделсе жақсы болар еді,- деді Т.Тілемісов.
Шаһар басшысы Абат Шыныбековтың айтуынша, биыл қала көшелерін жөндеу жұмыстарына еліміздегі түрлі бағдарламалар аясында 9,3 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржы ұзындығы 61,45 шақырым құрайтын 55 қала көшелерін жөндеуге жұмсалмақ.

607d46c4-f879-4059-a989-d473b579cf53

Сондай-ақ өңір басшысы Саратов бағытындағы тас жол бойына салынып, тапсырылуға дайын тұрған №44, 45, 46 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын көрді. Бүгінде бұл үйлерге ауыз су, электр жарығы, жылу құбырларын тару секілді жұмыстар аяқтала келген. Үйлердің айналасына тас жол төсеп, абаттандыру жұмыстары да қарқынды атқарылуда. Екеуі 90, біреуі 117 пәтерді құрайтын бұл көп қабатты тұрғын үйлер осы мамыр айында пайдалануға беріліп, 300-ге жуық отбасын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспанамен қамтымақ.

Сонымен қатар биыл қаланың Құрманғазы көшесінен бастау алып, Назарбаев даңғылы, Ғ.Қараш, Алмазова көшелерінің бойымен өтетін арық жүйесін жөндеу де қолға алынуда. Жалпы ұзындығы алты шақырымды құрайтын арық жүйесіне айдалатын су аталған көше бойларымен өтіп, Шаған өзеніне қайта құйылатын болады. Бұл өз кезегінде қала ішінің микроклиматын жақсартуға, атмосфералық ауаны ылғалдандыруға зор септігін тигізбек.

60459192-8856-460c-801b-782c4cbad690

-Сарытау ауданының тұрғындары біраз жылдан бері қоғамдық көлікке жүк көлігі жүретін айналма жолдың бойынан мінуге мәжбүр болды. Қатқыл табанды жол болмаған соң ауыл ішіне автобустар кіре алмады. Мектеп оқушыларына да ауа райының жауын-шашын күндері көлік ағымы өте көп осы жолдың бойымен жүруге тура келетін. Бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Алты көшеге тас жол төселіп, енді қоғамдық көлік шағын аудан ішімен жүретін болады. Жол құрылысының сапасын осы аудандағы ардагерлер қатаң қадағалауда ұстауы керек. Сондай-ақ жол төселген көшелердің тазалығын сақтап, тал-терек отырғызуды да ұйымдастыру қажет. Жол бойына салынатын аялдама алаңқайларын кеңейтіп салып, кәсіпкерлердің шағын дүкендер ашуы үшін де жағдай жасауымыз керек. Осы маңдағы үш көп қабатты тұрғын үйлердің де құрылысы аяқталып, жақын күндері пайдалануға берілмек. Әр үйдің айналасынан тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Кірме жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, аулаларға балалар алаңдары қойылып, абаттандырылуы керек. Қала ішімен ағып өтетін арық жүйесінің де маңызы зор. Әрине, жаз айларында ауаны ылғалдандырып, таза күйінде ұстау үшін алты шақырым арық аздық етеді. Болашақта тиімді жағын есептеп, шаһардың басқа да көшелеріне арықтар тарту жайын қарастырған жөн,- деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

351c772b-1707-4f63-a522-c1d302a37b36

Нұрбек Оразаев,

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале