20.12.2019, 13:38
Оқылды: 290

Президент: «Партияларға және сайлауларға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгерту керек»

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық кеңес отырысының екінші отырысында партияларға және сайлауларға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгерту керек екенін айтты.

tokaev

«Қазіргі кезде саяси партияны тіркеу үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы қажет. Бұл норма ұзақ уақыттан бері сақталып келеді. Енді жаңа саяси жағдайда, бір жағынан азаматтардың талап-тілектеріне, екінші жағынан ықтимал тәуекелдерге лайықты үн қатуымыз керек. Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңіне өтетіндей дәрежеге жетті», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынды.

«Бұл айтарлықтай маңызды өзгеріс. Бұл азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, біз партияларға және сайлауларға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселелер бойынша шұғыл шешімдер қабылданғанын айтты.

- Бірінші отырыста үлкен мәселелер көтерілді. Барлық ұсыныстар мен бастамалар есепке алынып, қазір жұмыс жалғасып жатыр. Осындай пікір-таластар арқылы ғана оң нәтижелерге қол жеткіземіз. Біздің бірінші міндетіміз өзекті экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелер бойынша жүйелі әрі тиімді, ұзақ мерзімді шаралар қабылдау керек. Мен халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымын жария еттім. Өз қызметімде ең алдымен қарапайым адамдардың ұстанымы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуым қажет. Халықтан жоғары және биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Ұлттық кеңес бірінші кезекте қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылды. Біз осы сенімді ақтауымыз тиіс. Азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселенің бәрін бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен бірқатар мәселе бойынша алға ілгерілеп, шұғыл шешімдер қабылданды. Жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді, - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале