5.10.2017, 14:38
Оқылды: 69

Рухты шығарма («Он төрт» романы хақында)  

 

Жуырда жарық көрген «Он төрт» атты туындыны қызыға қолымызға алуымыздың бірінші себебі өлке тарихының ақтаңдақтарына арналғандығы болса, екіншіден, зерттеу тақырыбымыздың нысаны ХХІ ғасыр қазақ романының дамуы тенденциясына қатысты болғандықтан, жаңа замандағы жергілікті қаламгерлердің туындыларын мүмкіндігінше қамту мақсаты болды. Сондай-ақ автордың әлеуметтік желі арқылы кітап шықпастан бұрын-ақ, «Он төртті» роман деп атап, болашақ шығармасының сұлбасымен таныстыруы оқырмандық әуесқойлық қызығушылығымызды ынтықтыра түсті.

Кітаптың тұсау кесеріне бара алмасақ та, авторға хабарласып, кітапты өз қолтаңбасымен алдым. Онда автор өз қолымен былай деп жазған екен:

«Айдарбек бауырыма ақ жүрекпен! Қазақтың бостандығы жолында шыбын жандарын пида еткен есіл ерлердің ерлігіұмытылмайды. Солардың өр рухы сізбен бізде болсын!

Кітапты алғаныңызға көп рахмет! Алла жар болсын!!!»

Бізде алла жар болсын деп, кітаптың алғашқы парағын ашып, оқуды бастап кеттік. Оқырман ретінде айтсам, ең алғашқы парақтарын ашқаннан-ақ, көркем шығарманың өр рухы, авторлық ұстанымның шығармашылық процеспен, тіпті тарихи кейіпкерлерінің рухымен астасып кеткендей әсерде қалдырды. Сондықтан тақырыптың өзектілігімен қоса, нағыз рухты, намыс пен жігерді қаламына серік еткен шығармашылық процесс иесімен, оның тарихи қаһармандарымен сырласқандай болдым.

Себебі, қазіргі қазақ прозасында көркемдік тұтастық мәселесі өте күрделі мәтіндік құрылымға ие. «Көркем шығарманы біртұтас етіп тұратын бірлік автордың өзіндік адамгершілік ұстанымы» деген Л.Толстойдың пікірін ескерсек, аталған романдағы мәтіннің құрылымындағы авторлық сананың айқын көрініс табуы заңдылық.

Автордың өзі айтқандай «тарихи деректерге сүйене отырып жазылған әдеби әңгіме, көркем дүние, тағдырлы хикаят» деп қарапайымдылық танытса да, шығарманың көлемі тұрғысынан қарасақ, аталған туындыныроман жанрына жатқызуға болады.

Әдебиеттану ғылымында тарихи романды «тарихи роман, көркем-тарихи роман, тарихи библиографиялық роман»деп бірнеше түрге бөліп қарастыру үрдісі қалыптасқан. Әрине, бұл жіктеудің де белгілі бір дәрежеде шарттылығы барын ескергеніміз жөн. Себебі, осы аталған роман түрлеріне ортақ мәселе тарихи деректілік.

Бірінші, тарихи роман - ел өмірінде маңызды оқиғалар мен кезеңдер жайлы жазылып, сол тарихи кезеңдердігі ұлы тұлғалардың саяси-қоғамдық тұлғасы кейіпкер ретінде сомдалады. Екіншісі – көркем-тарихи романда негізінен тарихи оқиғалар мен кезеңдердің шындығын жеткізуде ойдан шығарылған кейіпкерлер алынады. Ал үшіншісі – тарихи-библиографиялық романда барлық оқиға ел тарихында аты қалған тарихи тұлға туралы сыр шертіп, сол кейіпкердің төңірегінде өрбиді. Осы тұрғыдан келсек, автордың жанры тарихи-библиографиялық роман деуге толық негіз бар.

Автор сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы жас өркендердің өз идеяларына қаншалықты берік болғандығын, қазақ халқының қайғы-қасіретін жас жүректерімен сезіне білуін толыққанды аша білген. Он төрт боздақтың темір құрсаулы кеңестік империяның шеңгелінен қазақ жұртын бөлек ел ретінде көруге деген азаматтық ұстанымдары сол кезде орындалмаса да, бүгінгі күнгі ұрпақтың көруін автор тарихи кейіпкерлердің ауызына сөз сала отырып, бірге толғанады.

Қаламгер туындысы бірнеше қысқа-қысқа эсселік сипаттағы тараушаларға бөлініп, оларға атау қою арқылы оқырманын жалықтырмай, сюжеттік арнаға бағыттап отыруы дәстүрлі классикалық прозаның үлгісін, осы бағыттағы жанрда жазылған кейбір ғұмырнамалық романдарды еске түсіреді. Мысалы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Қ.Ысқақтың «Келмес күндер елесі» т.б. Бірақ автордың өзіндік тың ізденістік танытып, тарихи деректерді тізбектемей, көркемдей сөйлете отырып, сол кезеңдегі жалындаған жастардың балаң болса да, әбден пісіп жетілмесе де, елдік деңгейдегі азаттық мәселесін қолға  алуын өзіндік ұғынықты тілімен жеткізе білген.

Жалпы автордың поэзиясынан және прозасынан байқағанымыз ұлттық этнофольклорлық дәстүрді өз шығармашылығында берік ұстанатындығы. Бұған мысал ретінде романның өн бойында Ғұбайдолла Әнесовтың өңі мен түсінде қатар өрілген көкжал образын сонау көк бөрінің ұрпақтары, ерлік намыс отының үзілмеген жалғасы іспетті,  соны өз шығармашылығы арқылы жеткізуге тырысқан авторлық көркемдік ізденісі, лейтмотиві десек болар.

Автор аталған шығармасында пейзаждық суреттеулерге сараңдық танытады. Санаулы ғана тараушаларда кейіпкерлерінің сол мезеттік көңіл-күйлері мен әлеуметтік-тұрмыстық жайларды суреттеуде қысқа қайырып отырады. Мысалы:

«Тыста қатты ызғырық жел екен. Сынық ай да жыртық бұлттан қалқа таппай, зымғып бара жатқандай. Ағаш басы жалаңаштанып сойдиған бұталары бір-бірін сабалап, олай-бұлай ырғалады. Әудемде иттердің үргені естіледі. Былай ауыл тыныш. Жігіттер тез-тез өз көшелеріне тарқасты».

Бірақ аталған мәселені авторлық кемшілік деуден гөрі, автордың жанрлық таңдауына сәйкес ұстанған қағидаты деуге болатындай. Себебі тарихи деректерді қанша көркемдік деңгейде суреттесе де, деректілік әдеби шығармада кейде кеңінен көсілуге мүмкіндік бермейтін тұстары болатыны ақиқат.

Қорытындылай келсек, «Он төрт» романының бас кейіпкері Ғұбайдолла Әнесов пен он үш боздақтың сұрапыл жылдардағы азаттыққа ұмтылған іс-әрекеттерін тарих тұңғиығынан шығарып, көркем әдеби туындыға айналдыруға ұмтылған автордың көркемдік ізденісі қуанарлық жағдай. Автордың таңдаған жанры тарихи дерекке негізделгендіктен, кейбір тұстарда автордың көркемдік тұрғыдан гөрі, публицистикалық сарынға ұрынатын тұстары болғанымен, жалпы шығарма тарихи танымды көркем шындыққа айналдыруда кеңестік сайқал саясатты қанын тамызып жеткізуде біршама табысты болғанын, оқырманының намысын қайрап, рухын оятуға күш салған авторлық сана, дүниетанымның айқындылығымен бүгінгі ұрпақ үшін құнды болмақ.

                       Айдарбек Ахметұлы

М.Өтемісов атындағы БҚМУ аға оқытушысы,

С.Ғ.Шарабасов атындағы «Ғылыми ізденіс» жас әдебиеттанушылар бірлестігінің жетекшісі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале