3.08.2022, 11:30
Оқылды: 87

Сағынышқа айналған сағым жылдар...

Қаланың қақ ортасындағы осынау нар үйге бара қалсам, міндетті түрде үшінші қабатқа көтерілемін. Нар үй деп отырғаным, орыстың атақты көпесі Карев (қазақша білген дейді) салған, бірақ өзі қызығын молынан көре алмаған, халық «Карев үйі» атап кеткен зәулім ғимарат. Қазір онда облыстық кітапхана мен филармония орналасқан. Сыртқы зәулім есіктен кіре бергенде-ақ менің бойымды бір сезім билейді. Ол сонау жарты ғасырға жуық (45 жыл бұрынғы) кейінде қалған, «Орал өңірі» газетінде қызмет істей бастаған 70-ші жылдардың аяғы, дәл айтсақ, 1977 жылы бастан кешкен хәл-сезімге бастай жөнеледі. Ойша сол жылдарға ала қашады.

косанов нуртасов (1)

Міне, жұмыс орныма жақын орналасқан Плясункова көшесіндегі жалдап жатқан 31-ші үйден келіп, жүгіре басып осы есіктен кіре беремін. Ол кезде кіреберіс дәліз көптен жөндеу көрмей, жұпыны, ажарсыздау, сұрықсыздау көрінетін. Есімде қалғаны, аса биік төбедегі сонау патша заманынан қалған ілме шамның (люстра десеңіз болады) шаңырақтай шеңбері  ашылған есіктен соғатын орай желден тербеліп тұратын. Соның астынан «Төбемізге құлап кетпей ме?..» деп жүгіре басып өтіп кететінмін. Бұл уақытта сағат тілі 9-ға ілініп қалған. Жоғарғы қабаттарға бастайтын қос баспалдақтың оң жағындағысымен алқын-жұлқын көтеріліп келе жатырмын. Екінші қабаттан аса  бергенде екі иінінен ентіге дем алып тұрған Болат ағайды (Қалиев) қуып жеттім. Нар үйдің әр қабаты өте биік, соған сай оған шығаратын баспалдақтары да анау-мынау жанды ентіктіріп тастайтын. Бір қолында жуан қарын қоңыр портфелі, екінші қолымен баспалдақтың қоршауынан мықтап ұстап алған, ағай демін алып тұр. Қолдаса амандасып, бір сәт ағаның алдына түспейін деп аялдап қалдым. Ентіге тыныстаған Бөкең «Тарта бер, тарта бер» дегендей қолын сілтелеп, басын изеп жатыр. Мен тұра жөнеліп, екі-үш баспалдақтан ырғып өте бердім де кілт бұрылып, қайтып келдім. Бөкеңнің қолындағы жуан қарын портфельге жармасып жатырмын. Ағай қуанып кетіп, зілдей сөмкені менің қолыма ұстата салды. Оның ішінде не бар екенін ашпай-ақ та білемін. Міндетті түрде 3 литрлік банкіге толтыра құйылған көже немесе айран-шалап болады. Пленум-конференциялардың материалдары жарияланған газеттер. Сосын «Портреты заговорили» немесе сол уақытта тап сондай қолға түсе бермейтін кітаптар. Әйтеуір, Бөкең күнделікті тастамай алып жүретін дүниелер. Бәрі жиналып келгенде өзі толық, етжеңді кісіге біраз жүк болатын заттар. Бірақ Бөкең сол азапқа көніп, тастамайды. Әсіресе, анау үш литрлік көжені арқалап, не мазам деуі мүмкін біреулердің. Болат ағай қан қысымымен, сусамыр (диабет) деген пәлелермен ауыратын. Сусамыр болған кісі жиі шөлдеп, аузы кеуіп, тамағы құрғап, мазасы қашатын көрінеді. Сондайда қара суды құлата бергеннен гөрі, Болат ағайдың үйіндегі Сағынғаным жеңгей көже немесе айран-шалап ішсін деп, мұқияттап отыратын болса керек. Болат ағайдың портфелін көкпардай іліп әкетіп, үшінші қабатқа көтерілдім. Қос газет - «Орал өңірі» мен «Приуральенің» ұзын дәлізіне енетін тағы бір есікті аша бергенде, сартылдаған машинканың үні құлаққа келді. Бұл – телетайп бөлмесінің ашық тұрған есігінен сыртқа ақтарылған телетайп машиналарының сарыны. Сірә, Мәскеу немесе Алматыдан суыт материалдар түсіп жатса керек. Телетайп бөлмесінің алдында жымиып Жұмағыз тұр. Ресей жағында туып-өскен, сол жақта оқыған, Оралға ағайындарын сағалап келіп, жұмысқа орналасқан кезі. Менімен шамалас, орыстың арасында өскендіктен, ашық-жарқын, екі тілге бірдей, бірақ біздерге әдейі орысша сөйлейтін әдетімен: «Молодой человек, почему опаздываете?.. Время уже десятый час» деп жори тиісіп  жатыр.

Болат ағай – партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі. Портфельді апару үшін ол бөлмеге кірсем, Ғалиасқар, Жүсіпкерей ағайлар баяғыда жұмыстарына кірісіп кеткен. Жағалай амандастым. Ғалекең – соғысқа бастан-аяқ қатысқан адам. Ал Жүсіпкерей ағамыз – соғыс кезінде  ауылда жаяу пошта тасып, қолды-аяққа тұрмай зымыраған жасөспірім. Арасында ауылдағы хат танымайтын ағайындардың майдандағы әкесіне, баласына, жарына олардың айтуымен хат жазады. Сонда біреулер сәлемдерін өлеңмен жолдайды екен. Жүкең қолы боста сол есінде қалған өлең жолдарының бірер шумағын өзінен-өзі оқып жібереді. Біз ол кезде жаспыз, алып-ұшып тұрған кезіміз: «Аға,  қара сөз ғой, өлеңге келіңкіремейді» дейміз байыбына бармай. Жүкең саспайды, таңдайын қаққандай дыбыс шығарып, көзілдірігін түзеп қойып: «Соғыстағы солдаттар да хатты осындай өлеңдермен жазып жібереді. Оны мен мәністеп тұрып оқимын... Сонда жиналғандар жылап отырып тыңдайды...». Жүкең осылай дейді де сәл үнсіз қалып, қағазымен болып жатқан, бірақ құлағы біздің әңгімеде, Ғалиасқар ағайға қарап: «Ал мына бала, Ғалеке, оны қара сөз ғой деп отыр» дейді. Қосанов Ғалиасқар ағай – ешкімге қарсы келмейтін, біреудің көңілін несие қалдырмайтын жан. Бізді балаларындай көре ме, сөзіне «айналайынды» араластырмай айтпайды. Адамға қарағанда көзілдірігіне дейін мейірім шашып тұратындай көрінеді. Сол әдетіне салып, Жүкеңе де, маған да күлімсірей қарап алады. Сосын: «Жүке, бұл айналайындарға ренжімейік, бұлар ондайды көрген жоқ қой» дейді.

*   *   *

Болат ағайдың портфелін бөлмесіндегі үстелінің жанына қойып, өзімнің бөлмеме келемін. Мұнда ауыл шаруашылығы мен  құрылыс және су шаруашылығы бөлімдері отырады. Ауыл шаруашылығын Базарғали Қуатов, мен жұмыс істейтін құрылыс пен суды Ғилаж Наурзин (Ғилақаның фамилиясы құжат бойынша осылай) ағайлар басқарады. Ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысы күні бойы алатопалаң болады да жатады. Өйткені газеттің күнделікті нөміріне өмір толастамайтын науқандық жұмыстардан ақпар, қысқа хабарлармен қатар, осы бағыттағы басқа да материалдарды үздіксіз беріп отыру керек. Көзілдірігі жылжи-жылжи мұрнының ұшына барып, ілініп қалған Ғилаж ағай маған қабағының астымен қарап, сәлемімді салқындау қабылдады. «Жұмысқа кешікпей, бес-он минут ерте келсең қайтеді?» дегенді мен бірден ұқтым. Ол кісінің сәл ренжісе, тамағын кеней беретін, тіпті ашуы күшейіп бара жатса, арасында кекіргендей дыбыс шығаратын, сосын отырған орнынан көтеріліп-басылып отыратын әдеті болатын. Бұл жолы да солай, ашуланып отыр. Ал Базарғали ағай болса, телефоннан алыс аудандардың зытымда жатқан шаруашылықтарының бірімен сөйлесе алмай, айғайға басып жатыр екен. Мұндайда Базекең өзі темекіні үсті-үстіне тартатын жан, одан сайын бірінен-соң бірін гулетеді. Ғилаж ағай – шылым шекпейтін, арақ-шараппен жұмысы жоқ, тақуа адам. Базекеңнің айқайы мен темекісіне менің сәл-пәл кешігіп келгенім қосылғасын, өзі шақарлау шал шақшиып шыға келді: «Әй, Базарғали, қарсаққа түтін салып жатсың ба? Шамаласайшы!».

Базекең жасы үлкендеу ағасына қарсы келмейді, жартылай тартылған шылымын алақанына бүрістіре ұстап, дәлізге шығып кетеді. Сөйтіп, темекісін бір жайлы қылып келіп, жұмысына қайта кіріседі. Осы уақытта жауапты хатшымыз Өтеғалиев Жүсіп ағай жайлап басып, бөлмеге енеді. Бастауыш сыныпта оқып жүрген балаң шәкірттей домаланып қалған кісі. Жауапты хатшы болғандықтан, бізден материал ғана сұрамайды, еңбек тәртібін қатаң талап етеді. Базекеңе барлай қарап алып: «Базарғали, осылай жүргенде түс болады ғой... Еттен, сүттен, жүннен, шөптен ақпараттар қайда? Қашан бересіңдер?» дейді. Базекең болса, бурыл тартып қалған шашын шалқасынан бір қайырып тастап: «Жүке, күнде істеп жүрген жұмысымыз, береміз ғой. Аудандармен байланыс болмай жатыр» деп ашулана үн қатады. Жүкең айттым, болдым дегендей бұрылып жүре береді. Есікке таяп барып, есіне әлдене түскендей кілт тоқтайды. Ғилаж ағай екеумізге қарай бұрылып: «Құрылыс бөлімі, сендерден еңбек вахтасына тұрған озат бригада жетекшісінің мақаласы керек, тездетіп беріңдер!» дейді. Тап осы кезде бөлмеге Исағалиев Қуаныш ағай келіп кірді. Өлең жазады, ақын. Мейрам-мерекелерге, партия мен комсомолға арнау жазуға машық, қызды-қыздымен махаббат тақырыбына да сүйкетіп жібереді. Онысын өзіміз оңаша отырғанда біздерге оқиды. Біз алып келіп мақтаймыз. Қуақаң жауапты хатшыны іздеп жүрсе керек, Жүкеңнің шалғайына орала кетті. «Жүке, бұл не масқара, менің топтама өлеңдерімнің жатқанына үш айдан асыпты... Неге шықпай жатыр?» Қуаныш ағай шашын шалқасынан қайырып, ылғи да осы қазір қалыңдығына ұрын баратын күйеу жігіттей мұнтаздай болып киініп жүреді. Бір нәрсеге өкпелесе, онсыз да томпиыңқы көрінетін екі ұрты мұндайда тіпті шығандап кетеді. Қазір де солай, екі ұртына екі құртты тығып алғандай. Жүкең екеуі біздің бөлмеден  шыға  берді.

Бастығым, Ғилақаң, өте мұқият адам. Бағанағы Жүкең сұраған еңбек вахтасына тұрған бригадирдің мақаласын маған  «Керек болып қалады» деп күнілгері дайындатып қойған, «Бірақ сұрағанда тапсырасың» деп тартпама салған. Сол материалды жауапты хатшыға тапсырайын деп дәлізге шығып едім,  Иманбаев Азамат ағай кезіге кетті. Қабағы түйіліңкі, көзілдіріктің арғы жағынан әлденеге мазасыздана қарайды. «Біздің бала қайда жүр, білесің бе?» деді сыбырлап. Біздің бала деп тұрғаны – өзінің қарауында жасайтын Рақымжан Отарбаев. Білгенде қандай, кеше «Сәлем» мейрамханасынан жұрттың аяғын ала тарқағанбыз. Азекең Рақымжан кешіксе, осылай мазасы кетеді «Бір пәлеге ұшырап қалған жоқ па?» деп.

*   *   *

Арада 45 жыл өтсе де, нар үйге бара қалсам, осы суреттер көз алдыма келе қалады. Жоғарыда есімдері аталған ағалардың бәрі арамызда жоқ. Рақымжанның  солардың соңынан аттанғанына да төрт жыл болып қалыпты... Зымыраған  жылдар!

Есенжол Қыстаубаев,

 zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале