4.06.2020, 10:22
Оқылды: 359

 «Сайлауалды бағдарлама бойынша жұмыстар ширатылуы қажет»

    Бүгін «Nur Otan" партиясы облыстық филиалында облыстық мәслихат депутаттарының фракция отырысы өтті. Онлайн режімінде ұйымдастырылған жиынға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

D91F6697-E509-40CD-A21C-E4C336AD8A14

       Шарада «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы бойынша өңірімізде  атқарылған жұмыстар талқыланып, «Nur Otan" партиясы облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихат депутаттарының көтерген өзекті мәселелерінің орындалу барысы сөз болды. Сондай-ақ «Nur Otan" партиясы облыстық филиалының қайта жүктеу бойынша атқарған жұмыстары мен «Біргеміз" қайырымдылық акциясы аясындағы іргелі істер жөнінде толыққанды айтылды.

   - Өңірімізде өзекті мәселелердің бірі – мектеп ғимараттарының жағдайы. Бүгінгі таңда облысымызда 12 апатты жағдайдағы мектеп болса, 8 үш ауысымды мектеп бар. Апатты жағдайдағы мектептер сүріле бастады. Былтыр «Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында үш мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, биыл тағы үш мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында биыл өңіріміздегі 28 білім беру нысанын жөндеу, төрт нысан салу үшін 9,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Өңіріміздегі өңдеу өнеркәсіптері былтыр 215 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өсім 108, 9 пайызды құрады. Дайын металл бұйымдарын өндіру 1,7 есеге, металлургия өнеркәсібі 1,6 есеге, машина жасау 30,4 пайызға, химия өнеркәсібі 21,8 пайызға, тамақ өнімдері 5 пайызға өскені байқалады. Өткен жылы 6 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері экспортталды. Инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Казталов ауданында 7 мың мал басына арналған бордақылау алаңы, Бөрлі ауданында қуаттылығы жылына 3355 л сүт тауары фермасы, Тасқала ауданында 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы аяқталды. Орал қаласында мал терісін қайта өңдеу цехының құрылысы мен голланд технологиясы бойынша көкөніс жылыжай кешенінің, Теректі ауданында 3 мың мал басына арналған бордақылау алаңының құрылыс жұмыстары жүруде,- деген облыстық экономика және бюджетті жоспарлау  басқармасының басшысы Т.Каюпов өңірдегі индустриялық жобаларға тоқталды.

1700A3CF-89E8-4B77-9FD4-C9FAF1580702

"Nur Otan" партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары болған Серік Сүлейменовтің айтуынша, облыстық мәслихаттың депутаттары табыс-кірісі аз отбасыларға жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ биыл 20 қаңтардан бастап 13 наурызға дейін тұрғындарды әртүрлі мәселе бойынша 400-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізген. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері азаматтардан барлық деңгейдегі депутаттардан 463 арыз түсіп, қаралған. Былтыр қоғамдық қабылдауға фракция мүшелері өздері келмей, көмекшілерін жіберген деректер кездессе, биыл мұндай дерек тіркелмеген. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары былтыр 34 өзекті мәселе көтеріп, оны биыл жылдың соңына дейін орындауға уәде берген. Айта кетсек, Аветик Амирханян қаладағы жаяу жүргінші жолдарын жарықтандыруды қолға алса, бүгінде 206 жарықтандыру құралы сатып алынып, 177-сі қондырылған. Депутат Ляна Тұрсынова оқушылардың денсаулығын   сақтауда, балалардың диабет және асқазан-ішек жолдары ауруының алдын алу үшін арнайы жеке мәзір енгізген. Осы секілді бірқатар депутаттар игі істердің жаршысы болып келеді. Алайда уәделерін орындамай келе жатқан облыстық мәслихаттың депуттары да бар екен. Олардың арасында Бөкей ордасы, Жәнібек ауданынан сайланған депутаттар бар.

       «Nur Otan" партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Мұқаевтың айтуынша, Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Біргеміз» қайырымдылық қоры төтенше жағдай кезінде Орал қаласындағы 14 мың 174 тұрғынға 50 мың теңгеден көмек көрсеткен. Бір реттік көмектің жалпы сомасы 708 млн. теңгені құраған. Сондай-ақ болашақта барлық аудан-ауылдардың көмекке мұқтаж азаматтары бір реттік материалдық көмекпен қамтылмақ.  

    Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы облыстық мәслихат депутаттарына «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале