11.03.2019, 12:12
Оқылды: 31

Шаңырақ шаттығы

Халқымыз «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп, шаңырақтың шаттығын еселейтін бала санының көп болуын қалаған. Әр бала өз несібесімен келеді десек те, нарық заманының нәзікжандылары жан бағу мен нан табуды мақсат етіп, ерлермен иық тірестіре еңбекке араласып кеткені рас. Өлшеулі өмірдің орасан бөлігін қызметке арнаған қыз-келіншектер қатары артып, бесік тербеп, бала бағатын аналар азайып кетті деп жүрміз.

IMG-20190306-WA0033

Әйел затының ең басты міндеті – ұрпақ өрбітіп, шаңырақтың жылуын сақтау» деген ұстанымды ту еткен Әсият Иманқұлова – Орал қаласының тұрғыны. 38 жасар жас ананың бүгінде 7 перзенті   бар.

– 2001 жылы Орал қаласында-ғы медициналық колледжді акушерлік мамандығы бойынша тәмамдадым. Дәл сол жылы жұбайым Ержан екеуміз танысып, шаңырақ көтеруге бел будық, – деп бастады әңгімесін Әсият Әлібекқызы.

Оңтүстікқазақстандық оғлан мен Оралдың ерке аруы құрған отауға биыл 18 жыл толды. Осы уақыт аралығында олар Лилия, Диана, Даниса, Аделя, Альмира, Алика есімді қыздар мен Ерасыл атты батырдың ата-анасы атанып үлгерді.

– Жұбайым Ержан Әлімжанов жеке кәсіппен айналысады. Еразамат ретінде отбасын қамтамасыз ету жолында талмай еңбектеніп, балаларымыздың болашағы үшін тер төгуде. Шүкір, азаматымның арқасында бала тәрбиесімен алаңсыз айналысып, балаларымыз қатарынан кем қалмай өсуде. Қанша жұмысбасты болса да, бос уақытын балаларына арнап, отбасылық демалысты ұйымдастыруды, қыс қызықтары мен жаз кереметін көрсетуді де ұмыт қалдырмайды отағасы. Үйдің үлкендері Лилия, Диана, Ерасыл мен Даниса – Орал қаласындағы М. Ықсанов атындағы №36 мектептің оқушылары, ал Аделя Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназияның 1-сыныбында оқиды. Сабақтан кейінгі уақытты текке өткізбеу керектігін кішкене кезінен ұғынып өскендіктен, әрқайсысы өзі қызыққан салада шыңдалу үстінде. Лилия биыл ҰБТ тапсыратындықтан, негізгі уақытын дайындыққа жұмсайды. Екінші қызымыз Диана бокспен шұғылданады, ал Ерасыл Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры жанындағы актерлық шеберлік үйірмесіне қатысып жүр. Даниса, Аделя, Альмира көркем гимнастиканы таңдады, – дейді жүзі жылылыққа толы жас ана.

2017 жылы «Алтын алқа» иеленген бақытты ана жас ғұмырын бала тәрбиесі мен үй шаруасына арнағанына еш өкінбейтіндігін, үйдің үлкендері кішілерін қамқорлап, аналарына көмектесетін-дігін айтып өтті.

– Барлық танысымыз бен жақын-жуықтарымыз балалардың татулығына таңданып, мектептегі ұстаздары тәртіптері мен сабақ үлгерімдерін мақтап-мадақтап отырады. Сондай кезде марқайып, керемет риза болып қаламын.

Ата-ана үшін ең маңыздысы берген тәрбиеңнің текке кетпегені деп ойлаймын.

Балаларымыздың жетеуінің мінезі жеті түрлі, дегенмен бірін-бірі сөзсіз ұғады. Әрдайым әкелерінің қабағына кірбің түсірмеуді ойлап тұрады. Еркеліктері шектен шығып бара жатса, «Әкелеріңе мұндай қылық ұнамайды» деген бір ауыз сөзбен қалыпқа келтіріп аламын, – деп күледі Әсият Әлібекқызы.

Балалары туралы әңгімелеген сәтте жанары шуаққа толып, ерекше нұрланып кететін кейіпкеріміз отбасының ырыс-берекесі артып, несібесі молаюы үшін бала санына шектеу қоймау керек деп есептейді. «Әр бала шаңыраққа шексіз шаттық ала келеді. Адамдар көктемнің келуіне ерекше қуанып, керемет күй кешетіні сияқты, әр баланы жарық дүниеге әкелген сайын өмірімнің жаңа көктемін қарсылағандай сезімде боламын» деген әсерлі сөзімен жанды жылытқан Әсият пен Ержан Әлімжановтардың шаңырағына тағы да көктем келер, бұйыртса!

IMG-20190305-WA00201

Аяужан Кереева,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале