6.06.2022, 11:15
Оқылды: 204

Техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ақсерік Әйтімов: «Әл-Фарабидің жердің координаттарын анықтағанын неге айтпаймыз?!»

Біздің заман – компьютерлік техниканың, озық технологияның дәуірі. Оны меңгеріп, пайдаға асыру үшін білікті мамандарды көптеп дайындау қажет. Осы бағытта «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешені жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл кешеннің құрамына Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, халықаралық цифрлық теxнологиялар, сәулет және құқық колледжі, республикалық жоғары техникалық колледж, «Андас» оқу орталығы және IT school лицейі кіреді. Университетте жалпы техникалық пәндер, экономика және менеджмент, техникалық пәндер, құқықтану, экология және тіршілік қауіпсіздігі, қоғамдық-гуманитарлық пәндер, рухани жаңғыру кафедралары жұмыс істейді. Жуырда аталмыш ғылым-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, профессор, академик Ақсерік Сарыұлы Әйтімовпен сұхбаттастық. Сұхбат барысында ол техника саласындағы түйткілді мәселелерді атап өтті.

 3

– Ақсерік Сарыұлы, сіз өз салаңыз бойынша біраз ғылыми зерттеу жүргізіп, сол ізденіс-зерттеулердің нәтижесінің өндіріске енуіне ықпал ете алдыңыз. Жалпы білім саласына, бизнеске қалай келдіңіз?

– 1990 жылдары ауыл жақта қызмет еттім. Бәйтерек ауданында агроном болдым. Сол уақыттарда жердің құнарлылығын тексеру үшін ғылыми зерттеу жүргізе бастадық. Жердің құнарлы, сапалы болғаны жөн. Көп нәрсе соған тікелей байланысты. Мысалы, жердің құнарлылығына қарап, сол зерттелген аумақта қанша бас мал өсіруге мүмкіндік бар екенін анықтауға болады. Немесе қанша гектар егіс егуге және одан қаншалықты өнім алуға болатынын болжай аламыз. Қойдың жүнінің сапасы, оның төлінің мықтылығы, бәрі де жердің құнарлылығына байланысты.

Жерді қайта құнарландыру жұмыстары жөнінде көп іздендік. Нарық елге енді ғана ене бастаған шақтарда бізге осы сала бойынша тапсырыс жиі түсетін. Осылайша ғылым саласына еніп кеттік. Ғылыми зерттеу институтының қызметкері ретінде тынбай еңбектендік. Білікті мамандармен бірге «Капустин Яр» полигонын зерттедік. Ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Иван Часников пен «Құрмет белгісі» орденінің иегері, КСРО халықтық бақылау саласының еңбек сіңірген қызметкері Кәкен Көбейсінов бізбен бірге жүрді. Бөкей ордасы, Казталов, Жаңақала аудандарына барып, біраз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бірнеше рет Ақсайдағы Қарашығанақ кен орнында да болдық. Қарашығанақтың қазынасын игеруге кіріскен мекеме-кәсіпорындар жұмысты қарқынды жүргізу үшін қоршаған ортаны қорғау сараптамасынан өткенін растайтын құжат қажет еді. Біз сол бағытта жұмыстандық. Жалпы, ғылым – нарықтың бірінші негізі болып табылады. Біз нарықты, нарық бізді көтерді. Біраз жыл бойы өз-өзімізді жан-жақты жетілдірдік. Сөйте келе, немістермен бірігіп, «Андас» оқу орталығының негізін қаладық. Тек «Андаспен» шектеліп қалмай, басқа да оқу орындарын ашып, білім саласында еңбек етуге кірістік.

– Қандай инновациялық жобалар жүзеге асырылды?

– Қазіргі таңда колледждеріміз жүйелі жұмыс жүргізуде. Лицей-мектебіміз де бар.

Осыдан біраз жыл бұрын Алматы қаласында колледж ашып, осы оқу орнына қатысты ғимараттар салдық. Компьютерлік техниканы меңгеріп, оны оқытушыларға, студенттерге үйреттік. Бүгінде жұмыстың барлығы дерлік компьютер арқылы жасалады. Компьютерлік бағдарламамен шұғылданғысы келетіндерді де тәрбиелеудеміз. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық Қазақстанды құру жолындағы бастамаларын жүзеге асыруға дайынбыз. Мемлекет басшылығы компьютерлік сауатсыздықты біржола жоюды және қаржылық сауаттылықты дамытуды талап етуде. Осы бағытта іске кірісіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек.

Роботизация бойынша шәкірттеріміз жетістікке жетуде. Халықаралық байқауларда олардың жобалары талай мәрте топ жарды. Әр түрлі бағыттағы ғылыми бағдарламалармен мақсатты түрде айналысамыз. «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінде жастарға арналған конструкторлық бюро бар. Осы конструкторлық бюро студенттердің жаңа бағыттағы идея-ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Білім саласындағы қозғалтқыш – студенттер.

Жас ғалым Сергей Офицеровтың жобасымен электрлі көлік шығардық. Яғни әуелі көліктің қозғалтқышын (двигатель) алып тастап, оның орнына электрлі чип қойдық. Сол чип көлікті жүргізеді. Көлік қозғалтқышты алып тастағаннан кейін жеңілдеді. Оның қуаты, яғни жүру жылдамдығы – сағатына 110 шақырым. Бұл – өте тартымды жоба. Көлік электрмен қуатталады. Күннің көзі сол қуатты ұстап тұрады. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Пало-Альто қаласында орналасқан «Tesla» деген зауыт бар. Осы өндіріс ошағында электрлі көліктер шығарады. Ал біз электрлі көлікті олардан бұрын жасадық.

– Ақсерік Сарыұлы, жалпы, қазір елді елең еткізіп, жұртты жалт қарататын ғылымда өзгеріс бар ма?

– Біз бүгінгі таңда Ньютон, Ом, Кулон заңдарын 100% қолданып жүрген жоқпыз. Оларды толық пайдалану үшін ұшқыр ойлы жаңа, жас толқын мамандар керек. Телефонда сым жоқ. Бірақ оған жерге ауамен келетін ток әсер етеді. Ұялы телефонның ішінде 004 вольт ток бар. Көбіне ғалымдар салмаққа сүйенеді. Ғалымдардың еңбектерін қайта қарап, зерттейтін жастар аз. Ньютон, Ом заңдарынсыз өмір жоқ. Алайда оған толықтырулар енгізген дұрыс. Сонда баламалы энергетикаға көше аламыз. Оны «ЭКСПО – 2017» анық көрсетті. Мәселен, тезектің орнына көмір келді. Көмірдің орнына газ келді. Баламалы энергия дегеніміз осы. Ғалымдарымыз көмірден басқа элементтерді жасауды көздеп отыр. Сиыр шөпті жейді. Шөп қайдан шығады? Жерден, төменнен. Ал төменде мұнай мен газ да бар. Сонда сиырға, яғни жалпы биологиялық-зоологиялық-ботаникалық жаратылысқа мұнай мен газдың қандай һәм қаншалықты әсері бар? Бүкіл әлем газ бен мұнайдың айналасында жүр. Алайда әлі де зерттелмеген, қолданылмаған кеңістіктер бар. Ғалымдар жер астына зерттеу жүргізуде. Зерттеу қорытындыларын көп ұзамай жариялайтын болар. Қазақстан ғалымдары да сан түрлі пікір айтуда. Жел қуатын (энергиясын) пайдалану жайында бастама көтерілуде. Бірақ оның бәрін тереңірек зерттеу керек. Еуропа газдан бас тартып жатыр. Әрине, олардың бір ойлағаны бар. Олар ғалымдарға сеніп отыр. Газ, мұнай саласының қажеттілігі орасан зор. Голландия мен Германияда электр қуатын алғашында қалақтар берді. Ғалым Борис Федорович Норкиннің «Тяготение» еңбегін қазақшаға аударып, жарияласа, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл кітапта біраз пайдалы дүние жазылған. Аристотель, Плутарх туралы да айтылған. Олар кезінде зерттеу жасап, ғылыми жұмыстар жүргізді. Дегенмен, содан бері қаншама уақыт өтті, заман қалай өзгерді?.. Алайда сол ғұламалар ашқан жаңалықтарға ешкім өзгеріс енгізген жоқ. Бір жағынан, аталмыш автор Ньютон, Эйнштейн секілді ғалымдарды сынға алады. Олар өмір сүрген дәуірде ғарышты зерттеу, ядролық физика саласы жеткілікті деңгейде дамымаған еді. Эйнштейн еңбегі бүгінгі күнге аман-есен жетті. Енді оны әрі қарай жан-жақты пайдаға асырып, тіпті жетілдіретін жастар керек. Бірнеше ғасыр бұрын зерттелуі тиіс нысандардың негізі қаланды. Соны зерттеп, жаңа бағытқа салу шарт. Мұнай, газдың орнына не пайдалануға болады? Мұны да алдын ала біліп отыруымыз керек. Никель, кобальт, уран элементтері жайлы білімімізді тереңдеткеніміз жөн. Уран – қазіргі таңда ең маңызды химиялық элемент. Осы стратегиялық элементтің айналасында зерттеуді қажет ететін дүние көп. Біз Президент пәрменіне сәйкес жаңа бағытпен жұмыс істеуіміз қажет.

Елімізде токарь, электрик, геолог мамандары жетіспейді. Неге? Себебі оларды дайындамаймыз. Бұрынғы жүйе, бұрынғы тақырып маңызын жоғалтпайды. Біз кейде Кеңес одағында білім саласы мықты болды дегенді айтып қаламыз. Иә, әрине, ол кездегі білім сол заманға, сол ғасырға сай мықты болды. Ал жаңа дәуірде ғылым-білім жаңа әлемдегі сұранысқа сай болуы тиіс. Міне, осы талапқа сәйкес жас ғалымдарымызды шыңдау, тәрбиелеу – біздің ең басты борышымыз.

– Жаңа Қазақстан жастарынан не талап етіледі?

– Жаңа Қазақстан жастарынан не талап етіледі дейсіз бе? Жақсы, ендеше әңгімені төтесінен тартайық. Басқасын айтпағанда, мысалы, бізге инновациялық техника-технологияны жетік меңгерген тергеушілер қажет. Өйткені онлайн қылмыстар кең етек жаюда, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету керек.

Демек, оқу бағдарламаларын да осы өте көкейкесті мәселеге бейімдегеніміз дұрыс. Ұрланған малды бұрын бірталай уақыт іздейтін. Неге десеңіз, сол кездегі мамандарды даярлауда гуманитарлық бағыт басым болды. Жалпы құқықтану гуманитарияға жатады.

Сөйте тұра, криптовалютамен Пушкинді қалай салыстыруға болады?.. Кезіндегі Самара облысының губернаторы Николай Иванович Меркушкин бір баяндамасында: «Оқу бағдарламаларын зерттесек, гуманитарлық пәндерге 780 сағат, математикаға 280 сағат бөліне­ді екен. Осыдан кейін бізде қандай экономика, қандай өндіріс болуы мүмкін?» деген еді...

Бір жылы Түркістанға бардық. Сондағы музей қызметкері Шыңғыс хан әскеріне Отырар сарбаздары алты ай төтеп берді дейді. Сол кезде жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханнан мұхиттың арғы жағындағылар қорқатын еді. Сөйткен Шыңғыс хан алақандай Отырарды ала алмай алты ай жүре ме? Отырардың қақпасы ағаштан жасалған. Ол қалай зеңбіректерге төтеп беруі мүмкін? Сол секілді жалпы қарудың, әскерилердің мүмкіндіктерін біліп жүруіміз керек. 152 миллиметрлік зеңбіректің екі добы 1 гектар жерді талқандауы мүмкін. Бұл бұрынғы заманның қаруы. Ал қазіргі заманның қарулары қандай? Олар қандай мүмкіндікке ие?

Әл-Фарабидың 1150 жылдығын тойладық. Қай мақала-материалды оқысаң да, оның білімді, сыпайы, парасатты адам болғанын айтады. Ал оның еңбегін неге айтпаймыз? Қазіргі таңда оның еңбектерін бүкіл әлем қолдануда. Ол жер шарын өлшеп, жердің координаттарын анықтаған. Неге ғұламаның осы қырын айтпаймыз? Ғарышкерлер, ұшқыштар, әуежайлар сол арқылы жұмыс істеуде. Ракета ататындар да нысанасын әл-Фараби ашқан координаттар арқылы өлшейді. Мен әскерде жүргенде тапсырмаларға сәйкес есеп шығарып, нысананы өлшеп көрдім. Ол үшін, әрине, картографияны, топографияны, геодезияны білуің керек. Осындай нәрселерді әскерде үйретті. Қалың-қалың томдарды жата-жастана оқыдық. Оның бәрін кімдер қағазға түсірді? Әл-Фараби және оның жанындағылар. Жастар әскерге барғысы келмейді. Оларға осындай дүниелерді үйрететінін айтса, барар еді. Жастар қару десе, көз алдына тек автомат пен тапаншаны елестетеді. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші, болашақта ел қорғайтын азаматтарды әскери өмірге үйден, мектептен бастап дайындау парыз.

– Ақсерік Сарыұлы, Президент тарапынан тапсырма беріліп, технология саласын дамытуға күш салынуда. Өңірлерде шетелдік іргелі оқу орындарының филиалдарын ашу көзделіп отыр. Осы орайда «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің оқытушылық құрамы мен студенттері шетелдік кәсіпорындармен, оқу орындарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасып жүр ме?

– Біз алғаш ашылған жылдары Германиядан, Швейцариядан ғалымдар келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Кейбір шәкірттеріміз ядролық физиканың астанасы Ресейдің Мәскеу облысындағы Дубна қаласында оқып жүр. Олар ондағы оқуын бітіріп, сосын білім алуды Қазақстанда жалғастырады. Ресей несімен бай?

Зерттеу еңбектерімен бай. Проректор Зәкір Хамзин, ақпараттық орталық директоры Сергей Офицеров, халықаралық цифрлық теxнологиялар, сәулет және құқық колледжінің директоры Айдана Боранова секілді жастар жақсы нәтижелерімен көзге түсуде. Бұйырса, Санкт-Петербург университетімен бірлесіп, өңірімізде филиал ашатын боламыз. Отыз жыл ішінде елімізде білім саласы реттеліп қалды. Қазақстанда білім жоқ дегенді біліксіз адамдар ғана айтады.

– Біздің елде ғылыммен айналысуға бел буған жастарға толық мүмкіндік қарастырылған ба? Техникалық бағыттағы мамандардың жаңа буынын қалыптастыру үшін не істеу керек?

– Былтыр тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәдуілгі құс саңғырығынан тыңайтқыш алу тәсілін ашқан Айдана Қаженоваға «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыс етті. Оған 3 000 000 теңге ақшалай сыйлық берілді. Бүгінде жас ғалымның жобасына жергілікті жылыжайлар мен шаруа қожалықтары қызығушылық танытып отыр. Қазір Айдана сол жобамен жұмыстануда. Экологияға сергек қарайтын адам жер астындағы құбылыстарды да зерделей алады. Ол мұнай-газ саласына арналған экология кафедрасында жобаны біржола тиянақтап, өндіріске енгізбек ниетте. Тыңайтқышты жергілікті бағбандар мен диқандар сынап көрмек. Жергілікті құс фабрикасы жобаны жүзеге асыруға қажетті шикізатты тегін беретін болады.

Біздің ғылым-білім кешенінде физика жағынан біраз жұмыс істелді. Ұлттық инженерлік академиядан тапсырмалар түсуде. Жаңа белеске ұмтылып, атом энергетикасын игеріп, баламалы экономика төңірегінде іздене түсуіміз керек. Жастардың өз-өзін жан-жақты дамытуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Мектепте, колледжде, университетте еңбек етіп, тынбай оқу керек. Сонда ғана өмір сүру жеңіл болады. Ол үшін ұстаздардың білікті, мықты болғаны жөн. Сонда ғана студенттер ұстаз тапсырмаларын орындап қана қоймай, өз еркімен ізденіп, тынымсыз еңбек ететін болады.

Ғылыми жұмыстарға мемлекет тарапынан қаражат бөлінуде. Бұл бөлінген ақша басқа елдермен салыстырғанда аздау. Жалпы ғылыми жұмыстар қаржыға тәуелді емес. Бастысы – ниет, тәрбие. Мысалы, қозғалтқышсыз көлікті жүргізген бала ешқандай ақша сұраған жоқ. Ал кәсіпорындар көлік шығару үшін қаншама ақша алып жатыр...

– Қоғамдық шараларға араласып тұрасыз ба?

– Басқасын айтпағанда, IV, V, VI шақырылым Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болдым және облыстық қоғамдық кеңесте алты жылдай жұмыс істедім. Қай салада жүрсең де, белсенді жұмыс атқару ләзім. Қоғам үшін жұмыстанып жатырмыз. Қоғам кім? Қоғам – біз! Әрбір адам – қоғамның мүшесі. Әрбір адам қоғамға пайдасын тигізуі керек. Қаңтар оқиғасы қазіргі мемлекет басшысының қасынан табылуымыз керектігін көрсетті. Стратегиялық бағыт-бағдарды дер кезінде дәл анықтап-айқындаған мемлекет те, халық та ұтады. Мүмкіндік барда жұмыс жасауға, жетістікке жетуге асығайық.

– Ұл-қыздарыңыз әке жолын қуды ма?

– Ұлым Дамир қазір ҚазИИТУ ректорының кеңесшісі, педагогика ғылымдарының магистрі. Үлкен қызым педагогика ғылымдарының кандидаты. Кіші қызым Шотландия астанасы Эдинбург қаласындағы Хериот-Уатт қоғамдық зерттеу университетінде (Heriot-Watt University) оқыды. Қазір Қазақстанда докторантураны тәмамдау қарсаңында. Немерелерім мұнай-газ саласы бойынша білім алуда.

Сұхбаттасқан Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале