12.03.2022, 12:20
Оқылды: 100

Хьюстонда күй шалқымақ

Қазақстан Күйшілер одағының төрағасы, домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиев 2000-ға жуық қазақ тұратын АҚШ-тың Хьюстон қаласында домбыра мектебін ашты. 

E434B9CA-50BF-4E92-836E-44367DBC59EE

Асқар Кенжеғалиев шетелдегі қандастарымызға 2019 жылдың 1 маусымынан бастап домбыраны онлайн түрде үйретіп келеді. Сол уақыттан бері талмай, жалықпай жұмыс жасаған Асқар Кенжеғалиев шетелдегі шәкірттеріне біраз күй үйретті.

Біз әңгімелегелі отырған Хьюстондағы домбыра мектебі 5 ақпаннан бастап жұмысына кірісті. Жалпы бұл қалада 2012 жылы қазақ мектебі ашылған. Бұл мектепте балалар қазақша үйреніп, тарихи отанының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, тарихымен танысып, домбыра үйренеді. Алайда домбыра үйрететін кәсіби мамандар аз көрінеді. Біз Асқар Кенжеғалиевпен watsapp әлеуметтік желісі арқылы тілдесіп, домбыра мектебі жайлы сұрап білдік.

– Менің Хьюстонға келудегі басты мақсатым – оркестрлік ансамбль құру. Бесінші наурыз күні 8 наурыз мейрамына арналған концерт өткіздік. Алла қаласа, осы айдың жиырмасыншы жаңасында Наурыз мерекесіне орай Хьюстондағы түрік орталығының маңында, ашық аспан аясында тағы бір концерт беруді жоспарлап отырмыз, – деп бастады әңгімесін Асқар Мұхамбетқалиұлы.

– Домбыра мектебін шетелдерде ашу керектігін айтып жүргенімізге біраз уақыт болды. 2013-2015 жылдары Ресейде және басқа мемлекеттерде домбыра мектебін ашуды ұсындық. Алайда мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілген жоқ. Ұсыныс тыңдалғанымен, жабулы қазан жабулы күйінде қала берді, – дейді Асқар Кенжеғалиев.

B5858202-8485-41FB-A9D5-B95666035A77

Кейіпкеріміздің Хьюстонда әзірге 15 оқушысы бар. Бірақ домбыра үйренуге ниеттеніп жүргендер көп. Хьюстон – АҚШ-тағы қазақтар көп шоғырланған қала. Асқар Кенжеғалиев қазіргі таңда осы қаладағы түрік лицейінен бір-екі кабинетті жалға алып, жүйелі жұмыс жүргізуге кірісті. Оның шәкірттерінің арасында анасы қазақ болғанымен, әкесі өзге ұлт өкілі болып табылатын бір қыз бала, бір ер бала бар. Олар домбыраны мектепке апарып, ұстаздарынан үйренгенін достарына, сыныптастарына, мұғалімдерге ойнап береді екен. Екеуінің өнеріне тәнті болғандар домбыраға қызығушылық танытып, ұлттық аспабымыздың ерекшеліктері жайлы біле түсуге талпынатын көрінеді. Яғни Хьюстонда домбырамен танысып, күй өнерін түсінгісі келетіндердің саны артуда.

– Алдағы уақытта осы екі оқушының достары да домбыра үйренуге ниеттенеді деген ойдамыз. Жер бетін мекен еткендердің бәрі өз өнерін, мәдени мұрасын жаңғыртқысы келеді. Мәселен, Қазақстанда түрік, орыс мектептері көп. Өзге мемлекетте мектеп ашқанынан-ақ олардың тілі мен салт-дәстүрінің кең көлемде насихатталуын қалайтынын аңғарамыз. Ал біз шетелдегі қандастарымызға қандай көмек көрсете аламыз? Қандай көмек көрсетіп жатырмыз? Шетелде қазақ мектебін ашуға мүмкіндік жоқ. Қазақ тілінің халі өзге елді айтпай-ақ қояйық, өз елімізде мүшкіл. Қазақтың өнерін, домбырасын, күйін, әнін, қобызын насихаттау арқылы біз өзімізді әлемге танытамыз. Тіліміз секілді күйіміздің де халі мүшкіл. Тыңдалмайды. «Үміт үзбек – қайратсыздық» демей ме Абай атамыз. Қазақтар көп мекендейтін ірі-ірі мемлекеттерде қазақ мектептері ашылса екен деп армандап қоямыз кейде. Егер домбыра жеткілікті деңгейде насихатталса, домбыра үйренуге өзге ұлт өкілдері де талпынар еді, – дейді Асқар Кенжеғалиев.

Асқар Мұхамедқалиұлын Хьюстонға келместен бұрын Моңғолияға, оқушыларға домбыра үйретуге шақырыпты. Әрине, бір адам бәріне бірдей үлгермейді. Барып оқытуға қолы тимейтінін айтыпты. Алайда кейіпкеріміз Ресейдегі әріптестерімен хабарласып, оларға әр кез көмектесіп тұрады.

– Саратов қаласында үлкен мектеп қалыптасуда. Оған да үкімет тарапынан қолдау көрсетілсе, мамандар жіберілсе, жақсы болар еді. Оқытушыларды ауыспалы түрде жұмысқа жіберіп отыру керек. Мәселен, бір мұғалім 3-4 айға барып келсе, екіншісі де 3-4 ай жұмыс жасап келеді. Осылайша 9 айлық оқу циклы қалыптасса деген ниеттеміз. Қазіргі таңда Бакуде, Дубайда, Түркияда менен онлайн түрде дәріс алатын оқушылар бар. Сіздің онлайн сабағыңызға қатысқымыз келеді дейтіндердің де қарасы көп. Олармен жұмыстануға менің қазіргі таңда уақытым болмай жүр. Алайда келесі оқу жылында домбыра үйренуге талпынғандардың өтінішін орындауға тырысамыз, – дейді Асқар Кенжеғалиев.

Сабақты онлайн сипатта оқымағасын ба, маған қашанда мұғалімнің тақта алдында тұрып түсіндірген сабағы ұғынықты, қабылдауға жеңіл көрінеді. Алайда онлайн оқудың да өзіндік пайдасы бар сияқты. Қазіргі таңда онлайн сабақтарға оқушылар әбден үйреніп алды. Бұған уақыт өте келе мұғалімдер де дағдыланып, оқытудың әдіс-тәсілін онлайн оқуға сәйкестендіріп жасауда. Онлайн оқытуды Асқар Кенжеғалиев те қолдайды. Оны мына сөзінен байқадық:

– Онлайн оқу арқылы уақытты үнемдеуге болады. Мысалы, оқушы мектепке келу үшін жолға бір сағаттай уақытын жұмсайды. Үлкен, ірі қалалардағы балалар, тіпті, жолға екі сағат жұмсауы мүмкін. Оқушының сабаққа дайындық барысы да уақыт алады. Қыс мезгілінде сырт киімін шешеді, домбырасының құлақ күйін келтіреді дегендей... Сонда 2 сағатқа жуық уақыт жолға, сабақ алдындағы дайындыққа кетеді. Ал үйден оқыса, сабақ басталатын уақытта телефонның, я компьютердің алдына отыра қалады да, домбыра үйренуге кірісіп кетеді. Үнемдеген уақытына үй тапсырмасын орындайды немесе басқа да пайдалы іс-әрекетпен шұғылданады. Қысқасы, онлайн сабақ өткізу өте тиімді. Бұл жерде тек мұғалімнің шеберлігі сыналады. Алайда оқытушылардың дені онлайн оқытуды қош көрмейді. Себебі онлайн оқыту тәжірибелілікті қажет етеді. Өзім де шәкірттермен ғаламтор арқылы байланысқа шығудың қиындықтарын көріп жүрмін. Үлкен ізденіспен, дайындықпен келмесе, онлайн оқыту оңайға соқпайды. Мәселе онлайн немесе офлайн оқуда емес. Мәселе оқушының қалай оқитындығында. Мысалы, кейбір күйді офлайн оқып жүрген оқушы емес, онлайн оқып жүрген оқушы тез үйреніп алады. Сабаққа қалмай қатысып, тапсырманы бұлжытпай орындап, үздіксіз дайындалатын шәкірт қашанда жақсы нәтиже көрсетеді. Балаларды алаламаймын. Бірақ сабаққа бірде келіп, бірде келмейтін, домбыра үйренуге немқұрайлы қарайтын оқушылар да кездеседі. Ата-аналардың көмегімен сабақты уақтылы бастап, уақтылы аяқтауға тырысамыз, – дейді Асқар Мұхамедқалиұлы.

9D67ADF1-4004-4C66-A28B-D9A52482667F

«Бұрынғылар күй, жыр десе, делебесі қозып, қанша уақыт болса да, тапжылмай отырып тыңдауға дайын еді. Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романында күй мен жырды тыңдайтын, түсінетін жандар азайды деген сынды ойлар айтылады. Бұл тақырып төңірегінде сіз не ойлайсыз?» деп едік:

– Үкімет күй өнеріне жанашырлық таныт­пайды. Қазіргі таңда айтыс-тартысқа толы шоу бағдарламалар көбейіп кетті. Күйге көп көңіл бөлінбейді, насихатталмайды. Радиодан берілмейді, теледидардан екібастан тыңдай алмайсыз. Концерттерде күй орындалмайды. Орындала қалған жағдайда бір-екі күй ғана... Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақтың ары мен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды» депті ғой. Бағзы заманнан бері келе жатқан күй – қазақтың шежіресі. Сондықтан да бұл қасиетті өнердің дәріптелуі, насихатталуы керек. Әйтпесе күйдің де күйі кетеді, – дейді Асқар  Кенжеғалиев.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале