31.10.2016, 11:28
Оқылды: 25

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, аудандық «Мейірбандық күндері» %d0%ba%d0%b0%d1%80%d1%82%d1%82%d0%b0%d1%801қайырымдылық айлығы  аясында аудан әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева бастаған бір топ аудан делегациясы Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  Жалпақтал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, аталмыш мекеме қамқорлығындағы жаңақалалық  қарияларға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасап келді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен өткен жоспарлы шарада сөз алған А.Шүкірғалиева:

-Құрметті қариялар! Бүгін біз өздеріңізбен қауышып, «Қайырымдылық айлығы» аясында  киелі Қамыс-Самар елінен құттықтауға келдік. Тағдырына орай сіздердің мекемелеріңізде жаңақалалық азаматтар тәрбиеленіп, қамқорланып жатыр екен. Біз сол жерлестерімізді, сонымен қоса барша қамқорланушы қарияларды мерекелерімен құттықтап, бір сәтке болса да көңілдерін бөліп, сергітіп кету мақсатында  келіп отырмыз. Тағдыр тауқыметін артып асыраушысынан айрылған немесе басқа да қиын жағдайлармен жалғыз қалған қариялар мен мүгедектерді қамқорлап, тәрбиелеп отырған осы мекеме қызметкерлеріне өз атымыздан, жаңақалалық тұрғындардың атынан  шын жүректен алғысымызды айтамыз. Үлкен кісілерді бағып-қағу, олардың көңілінен шығу, еркеліктерін көтеру оңай жұмыс емес. Оны тек үлкен кісіні бағып көрген адам ғана түсінеді. Осындай қиыншылыққа мойымай, қариялардың жағдайын туғызып отырған Асхат Құрманбайұлы бастаған ұжымға ризашылығымыз шексіз. Сіздер үшін Жаңақала ауданынан келіп, мерекелік дастархан жайып отырмыз. Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұжымының сіздер үшін дайындаған ас мәзірінен дәм татып  отырыңыздар. Тағы да «Қош келдіңіздер» дей отырып, баршаңыздың дендеріңізге саулық тілеймін,- деп қарияларды Жаңақала ауданынан келген делегация құрамымен таныстырып өтті.

Одан әрі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Елжас Қадыровтың  құттықтау сөздерінен кейін жаңақалалық алты қарияға естелік сыйлықтар табысталып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Қамкөңіл қариялар балаша қуанып, аудан өнерпаздарымен  қосыла ән шырқап, би билеп бір сергіп қалды.

Мерекелік дастарханнан соң қонақтар қариялардың бөлмелерін аралап, күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Өз үйіндей болмағанымен, бұл мекемеде қариялар үшін барлық жағдай жасалған. Әр бөлмеде тоңазытқыш, жуынатын душ, әжетхана. Төсек орындары мен киімдері мұнтаздай таза. Тек балалары мен немерелерінің мейірімінің жеткіліксіздігі болмаса, басқалай қарияларға алаңдарлық дәнеңе жоқ.

Құрмет пен шаттыққа толы шара соңында қариялар өздерін елеп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, аталық ақ баталарын беріп, көтеріңкі көңіл-күймен  тарқасты.

Н.Ғаббасов

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале