28.05.2026, 11:00
Оқылды: 9

Ақжайықта «Үздік оқырман – 2026» байқауының жеңімпазы марапатталды

«Берсең, балаға бер» деген халық даналығының мәні ешқашан жоғалған емес. Күні кеше ғана сияқты, мектеп қабырғасында білім алып жүрген түлектер бүгінде ел қатарына қосылып, өздерінен кейінгі буынға қолдау көрсетіп келеді. Осындай игі істің бірі жуырда Чапаев ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте өткен «Кітап – рухани қазына» атты «Үздік оқырман–2026» байқауында көрініс тапты.

1779459802328

Жыл бойы жалғасқан байқауға 2-4 және 5-10 сынып оқушылары қатысты. Қорытындысында 3 «г» сынып оқушысы Аяна Артықалиева «Көп кітап оқитын оқырман» аталымымен, 10 «в» сынып оқушысы Ақниет Хамидулла «Жас әдебиет жанашыры» номинациясымен марапатталды.

Ал байқаудың бас жүлдесін 5 «г» сынып оқушысы Серәлі Жексембай иеленіп, «Үздік оқырман - 2026» атанды. Жеңімпазға сыйлық ретінде қымбат велосипед табысталды.

Бұл сыйлықты мектептің 2001 жылғы түлектері демеушілік жасап алып берді. Түлектердің айтуынша, мұндағы мақсат – балалардың кітапқа қызығушылығын арттырып, білімге ұмтылған оқушыларды ынталандыру. Өйткені кітап оқуға құштар бала ертең ойы озық, дүниетанымы кең азамат болып қалыптасады.

Шара барысында белсенділік танытқан өзге оқушылар да марапатталып, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Түлектердің бұл бастамасын туған мектебіне деген құрмет, сонымен қатар өскелең ұрпақтың білімді әрі рухани бай болып қалыптасуына қосқан үлесі деп білеміз. Бала кітапқұмар ма, демек ол білімге ынтық деген сөз. Сондықтан мұндай игі істер жас оқырмандардың қатарын көбейтіп, кітаппен дос ұрпақ тәрбиелеу үшін ауадай қажет.

Рақым Берікқали,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале