30.05.2018, 16:21
Оқылды: 44

Әлеуметтік көмек жаңа мүмкіндіктер береді

111_3967Биылғы жылдың қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің төленіп жатқаны көпке мәлім. Осы уақытқа дейін шартсыз ақшалай көмек 1066,6 мың теңге болса, шартты ақшалай көмек 4433,4 мың теңгені құрайды.

Іссапармен Тасқала ауданына ат басын тіреген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау істері басқармасы басшысы Б.Баяхатова осындай көрсеткішке куә болды. Жалпы аудан бойынша мамыр айына дейін 87 отбасынан аталмыш бағдарламаға өтініш түссе, соның ішінде 86 отбасыдан 381 адамға АТК тағайындалған. Бүгінде түскен қаржыға мал алып, жеке шаруасын бастау мүмкіндігіне ие болған тұрғындар бағдарламаға деген оң пікірлерімен бөлісті. Алайда ақшалай көмекті бір жолғыдан гөрі, тағы бір-екі жылға созса дегендер де жоқ емес.

Жиынға Бүкіл әлемдік банк кеңесшісі Қ.Манабаева, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Қ.Надырғалиев, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары С.Хангереев қатысты.

Ауылдық жерлерді аралау барысында тұрғындармен жүздескен өкілдер бағдарламаның тиімділігі жайлы олардың өз аузынан естуді жөн көрді. Бұл ретте Ақтау ауылының тұрғыны Қ.Аяпқалиева өткен жылы «Өрлеу» бағдарламасы аясында жеке шаруасын бастауға мүмкіндік алғанын айтады.

-Өзімнің 3 қызым және ұлым бар. Жолдасым қарапайым қызметте, өзім бала күтімімен үйде отырамын. Алайда шаруамыз жүріп жатыр, сол қуантады. 331 мың  теңге несиеге 10 тоқты және 1 қашар алдық. Бір жыл ішінде өскені де бар. Бұрынғыдай тек жолдасымның жалақысына қарап отырмаймыз. Бағдарлама жағдайымызды түзеуге біршама мүмкіндік берді,- деді Қарлығаш Нығметоллақызы.

«Өрлеу» және «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламаларының жүзеге асырылуы туралы жиналысқа қатысқан қонақтар тұрғындармен жұмыс жүргізіп отырған мамандарға ризашылықтарын білдірді. Алайда алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, нәтижені әлі де жақсарту керектігі айтылды.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале