22.01.2018, 13:12
Оқылды: 31

Ауыл халқын жол сапасы мазалайды

Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровтың халық алдындағы есеп беру жиыны Сұлукөл ауылынан басталды. 

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған әкім аталмыш ауылда бұған дейін өткен кездесуде көтерілген жол жиегіндегі тал-теректі күзеп, жүру алаңын кеңейту мәселенің шешім тапқанын, енді ауылды облыс орталығымен қосатын жолды жөндеу қолға алынатынын жеткізді.

Сұлукөлдіктерді Орал қаласы мен ауыл арасына қатынайтын қоғамдық көліктің тұрақсыздығы толғандыруда. Жиында бұл мәселені ауыл тұрғындары арасынан жолаушы тасымалымен айналысуға ниетті адам табу арқылы шешуге болатыны айтылды.

Ауыл тұрғындарын толғандырған келесі мəселе интернет желісінің əлсіздігі. Облыстың немесе ауданның қауқары жете бермейтін ауқымды мəселенің үкімет деңгейінде қаралып жатқандығын айтқан аудан басшысы интернеті нашар ауылдар тізімінің жоғарыға жолданғанын жеткізді. Елбасының тікелей қадағалауында тұрған мәселенің шешім табарынан ауыл халқы үмітті.

Чеботарев ауылындағы кездесуде де аудан, ауыл әкімдері атқарылған жұмыстары жайында баяндаған соң, ауыл тұрғындарының бұған дейін көтерген жол мәселесі біртіндеп шешіліп келе жатқаны айтылды. Жол түгел жөнделмесе де, бойлай өскен тал-терегі кесіліп,  көктем, күз мезгілінде жүру мүмкін болмайтын тұстарын ретке келтіру керектігі ескертілді. Сондай-ақ округке қарасты Хамино ауылы тұрғындарының ауылішілік жолдарды тазалау, ауыл клубының жылыту қазандығын жаңарту, интернет жылдамдығын арттыру, мектеп автокөлігін жаңалау, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін түрлі үйірмелер ашу туралы сұрақтарына нақты жауап берді. Аталған ауыл тұрғындары «Шынар» кенішіндегі мұнай өндіруші кәсіпорындардың экологияға тигізер əсерін бақылауға алып, қатаң тексеруді ұсынды.

Чиров округінде тұрғындар жол жиегінің тазаланып, ауылдық медпунктті жылыту мəселесінің оң шешілгеніне ризашылықтарын білдірді. Мұнда да ауылға қатынайтын жолдың кей тұстары тіптен жүруге келмей қалады. Аудан әкімі жолдың бəрін бір сəтте жөндеп алу мүмкін еместігін, қатынасқа қиындық тудыратын тұстарын жөндеу мүмкіндігін қарастыратынын айтты.

Түгелбай Бисен,
Зеленов ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале