2.07.2019, 19:22
Оқылды: 90

Бәйтерек ауданының 97 пайызы табиғи газбен қамтылған

Облыс әкімі Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар мен басқарма басшылары Бәйтерек ауданындағы актив жиынына қатысты.

IMG_4026

Жиында аудан әкімі Асхат Шахаров ауданның 2019 жылдың I жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады.

Аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есептік баяндамасында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 68580,7 млн. теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6843,9 млн. теңге, негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 26673,3 млн. теңге, орташа айлық жалақы 91 279 теңге екендігін атап өтті.

Асхат Берлешұлының сөзінше, биыл көктемгі далалық жұмыстарға аудандағы 320 ауылшаруашылық құрылым қатысқан. 2019 жылы егілген егіс алқабы 235,0 мың гектарды, жоспарлы түрде жаздық дәнді-дақылдар алқабы 106,1 мың гектарды құрайды.

-Бүгінге дейін Мұнайшы және Калинин ауылдарында 23 тұрғын үйдің жұмысы толыққанды аяқталып, Калинин ауылында екі пәтерлі үйдің құрылысы басталды.

Қаражар, Көшім, Щапов, Павлов, Ақжол ауылдарына таза су жеткізіліп, таза сумен қамтылу көрсеткіші 79,9 пайызға өсті. Володар ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Поливное, Октябрское, Асан, Үлкен Шаған елді мекендеріне су құбыры құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасақталды, - деді аудан әкімі.

Ал аудан тұрғындарының 97,1% көгілдір отынмен қамтылған. Аудан бойынша 50 елді мекенге көгілдір отын жеткізіліп, қалған 18 ауылдың жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда.

2018 жылғы аудандық маңыздағы 35,2 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Үлкен Шаған-Переметный күре жолының 32-42 шақырымын орташа жөндеуге 459 млн. теңге бөлінген. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

IMG_4034

Ауданда 2 797 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 100,5 % артып, 42 945,0 млн. теңгенің өнімі өндірілген.

Облыс әкімі де аудан активі алдында жұмыс бағытымен және алдағы жоспарлар туралы сөз қозғады.

-Әр өңірде атқарылып жатқан игі істердің барлығы да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі Жолдауы аясында жүзеге асырылып жатыр. Өздеріңізге белгілі, күні кеше Ел Президенті алдында мемлекеттік бағдарламалардың қаншалықты облыс экономикасына оң ықпалын тигізіп жатқанын баяндадым. Елбасы қабылдаған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «5 әлеуметтік бастама» бағдарламалары, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының айтқан 10 басымдығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей бағытталған,-деді облыс әкімі.

Жергілікті жерде жасалып жатқан істер де өңір басшысының назарынан тыс қалмады. Ол өз сөзінде облыстағы және Бәйтерек ауданындағы көгілдір отын, таза су тарту, жол жөндеу, тұрғын үй салу секілді ауқымды істердің барысына тоқталды.

-Әрине, аудандарда немесе елді мекендерде түйткілдер жетерлік. Шешімін табуы қажет мәселелерді тұрғындармен кездесу барысында жиі естиміз. Кей жерлерде кеңес заманында салынған ғимараттар мен басқа да құрылыстардың тозығы жетіп тұрғандығы бізге жақсы мәлім. Оларға күрделі жөндеу жүргізу немесе қайта салу көптеген қаражатты талап етеді. Сондықтан бірінші кезекте уақыт күттірмейтін мәселелерді шешуіміз керек. Бұл жұмыстарда тек респубдикалық немесе жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырмай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын жүзеге асыруымыз керек. Ел Президентінің өңір басшыларына қойған талаптарының ең бастысы жаңа жұмыс орындарын ашу болып отыр. Жасыратыны жоқ, аудан-ауылдардағы ағайынның басым көпшілігі әкімшілік, мектеп, аурухана, мәдениет пен спорт секілді бюджет саласында жұмыс жасайды. Ол жерлерге де мамандар қажет. Дегенмен біздің алдағы мақсатымыз - кәсіпкерліктің өрісін кеңейте түсіп, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу. Болашақта аудан әкімдерінің жұмыс жасау деңгейін кәсіпкерлік саласында ашылған жаңа жұмыс орындарының санына қарай бағалайтын боламын.

Сонымен қатар атқарылған істерден есеп бергенде, мемлекет қаражатына жасалған істерді бөлек, жеке инвесторлардың құйған қаржысын бөлек есептеуді тапсырамын. Екеуін бірге санап, құйылған инвестиция деп есептеу қате түсінік. Сондай-ақ басқармалар да статистикалық деректер ұсынғанда, олардың дұрыс есептелуіне аса мән беруі керек. Мемлекет басшысы мамыр айындағы өңірге сапары кезінде біздің облыста ауыл шаруашылығы саласының еңбек өнімдігі төмен екендігін айтқан болатын. Бұл көрсеткіш бойынша біз он алтыншы орында екенбіз. Бізден кейін тек Жамбыл облысы тұр. Ауыл шаруашылығы саласынан түсетін кірістің облыстың әр тұрғынына шаққандағы үлесі 1,2 миллион теңгені құрайды екен. Ал көршілес Атырау, Маңғыстау өңірлеріндегі бұл көрсеткіш - 7-8 миллион теңге. Бұл жердегі қателігіміз статистикалық есептеуде болып тұр. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметтер бойынша, жылына 35-40 мың бас мал тірілей басқа аймақтарға жөнелтіледі екен. Ал көршілес облыстарға кеткен біздің өнімдер көрсеткіш ретінде есепке алынбайды. Бір қарағанда, майда нәрсе секілді көрінгенмен, статистикалық деректерге зор әсер етеді. Екіншіден, біз малды етке тапсырғанда, әр бастың тірілей салмағы статистика бойынша 329 киллограм деп есептеледі. Ал соңғы он жылдағы қалыптасқан көрсеткіштің одан едәуір жоғары екендігі баршамызға аян. Бүгінде етке тапсырылатын малдың салмағы 370-380 келіден төмен болмайды. Бұл да болса, цифрлардың төмендеуіне әкеп соғады. Сондықтан ауыл және аудан әкімдеріне есепті дұрыс тапсыруды жүктеймін. Қолда бар нәрселерімізді дұрыс көрсете білуіміз керек.

Бізде бизнес саласына қолайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндіктер бар. Кәсібін ашқысы келетін жандарға несие ұйымдарымен бірлесіп, бірнеше жобаларды ұсынуымыз керек. Елімізде бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Тек соны тұрғындарға дұрыс жеткізе білуіміз қажет. 10-15 жылға 4-6 пайызбен несие беру көптеген мемлекеттерде жоқ. Қаражат көзін тауып, бизнес ашамын деген жандарды әрқашан қолдауға, оларға жағдай туғызуға біз дайынбыз.

Жақында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бес жылға арналған жоспарын жасақтадық. Оған барлық аудандар мен қаладан ұсыныс-пікірлер жинақталды. Әрине, түскен өтініштер көп. Олардың барлығын бірден орындау үшін, бес есе көп қаржы қажет болады. Мемлекеттен бөлінген қаражаттың көмегімен жасалатын ауқымды істерді тиімділігін жан-жақты қарауымыз керек. Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жолдарын да қарастыруымыз керек.

Сонымен қатар халықпен жұмыс жасауда жаңа тетіктерді енгізгеніміз жөн. Біздер заман талабына сай идеологиялық-ақпараттық жұмыстар бойынша бағытымызды өзгертуіміз қажет. Біріншіден, аудан әкімдігіне саны көп түрлі мәдени, қоғамдық-саяси шараларды азайтуды тапсырамын. Науқаншылдыққа берілуге болмайды. Басты мақсатымыз – шараның санында емес, оның мән-мағынасында, тұрғындарға берер пайдасында. Сондықтан да шаралардың ревизиясын жасауды тапсырамын. Бүгін аудан активімен жұмыс барысында алғашқы кездесуім. Алдағы уақытта мұндай басқосуларда адам санын көбейту үшін мектептің, аурухана мен Мәдениет үйлерінің қызметкерлерін қатыстыру міндетті емес. Аудан-ауылдардың түйткілдері көтерілмейтін, ешқандай ұсыныс-пікірлер айтылмайтын, түк пайдасы жоқ басқосулардан арылуымыз керек. Мұндай жиындарға жоғалтатын алтын уақытымызды ауыл-аймақты аралап, халықтың мұң-мұқтажын білуге жұмсауға дағдыланғанымыз жөн.

 Өздеріңізбен кездесуге апта сайын немесе ай сайын келіп тұра алмайтыным да жасырын емес. Осы орайда әр ауданда облыс әкімінің қоғамдық өкілдерін тағайындауды жөн көрдім. Аудан әкімімен қатар, қоғамдық өкілдер халықтық бақылаушылар ретінде менімен тікелей байланыста болады. Бәйтерек ауданындағы облыс әкімінің қоғамдық өкілі болып Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ғайса Хамедоллаұлы Қапақовты ұсынамын және де сіздер қолдайды деп есептеймін,-деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Басқосуда сөз алған Бәйтерек аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мәлік Өтешев, «Zhas Project» жобасының жеңімпазы Райгүл Дилмұхановалар өңірде атқарлыған істерге ризашылықтарын білдіріп, облыс әкімінің еңбегіне жеміс тіледі.

Актив жиынынан соң, өңір басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелер бойынша қабылдады.

Шыңғыс Ромашев

Нұрбек Оразаев

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағыпарақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале