28.08.2019, 18:03
Оқылды: 62

Бәйтеректе білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті

Бүгін Бәйтерек аудандық мәдениет үйінде аудан білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесінің пленарлық мәжілісі өтті. Пленарлық мәжіліс «Жаһандық құндылықтар және қазақстандық білім мен ғылымның сапасы» тақырыбын қамтыды.

tamyz baiterek (2)

Аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған лауазымды тұлғалар алдымен аудан білім беру саласының жетістігінен дайындалған көрме жұмысымен танысты. Мұғалімдер алдында сөз сөйлеген Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласындағы жетістіктер мен алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталды.

Одан соң көпшілік ауданның білім беру саласының жұмыс барысынан сыр шертер бейнекөрсетілімді тамашалады.

tamyz baiterek (1)

Педагогтарды жаңа оқу жылымен құттықтаған аудан басшысы Асхат Берлешұлы:

- Мұғалім – мәртебелі мамандық иесі. Елімізде педагогтарға жасалынып отырған қолдау олардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Білім – өмір шырағы. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде ұстаздар қауымының мәртебесі арта берсін! Жаңа оқу жылында педагогикалық табыс, отбасылық бақыт тілеймін, - деді.

tamyz baiterek (4)

Пленарлық мәжілістің марапаттау салтанаты бөлімінде аудан әкімі А.Шахаров «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен Дариян мектеп-гимназия интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Жұмағазиеваны марапаттады.

Сонымен қатар аудан басшысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын, аудан әкімінің алғыс хаттарын білім беру саласында табысқа жеткен бірқатар мұғалімге табыстады. Ауданның білім беру ұйымдарына әркез қолдау танытып жүретін демеушілерге құрмет көрсетілді.

Пленарлық мәжілісте аудандық білім беру бөлімі мамандары мен мұғалімдер қауымы жарыссөзге көшіп, алда тұрған нақты міндеттерді алға тартты.

Ертай Бимұханов,

суреттерді түсірген Сәлім Мәмбетәлиев

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале