21.10.2022, 16:30
Оқылды: 43

Батыр қыздың ерлігіне ел риза

Бүгін Қаратөбеде Қайыржан Хасанов және Алаш атындағы өлке-тану музейінде Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған  қазақтың қайсар қызы, Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл болуына орай тағылымды іс-шара өтті.
WhatsApp Image 2022-10-21 at 16.18.35 (1)

Аталмыш іс-шарада Мәншүк Мәметованың ерлік істері туралы көршілес Ресей елінде түсірілген бейнекөрсетілім тамашаланды.

Айтулы шарада еңбек ардагері Еркінбек Жәнібеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин Мұхит атындағы орта мектептің оқушыларына қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың майдандағы ерлік істері туралы әңгімелеп берді.

Іс-шарада сөз алған Мұхит атындағы орта мектептің 10-сынып оқушылары да өз ойларын ортаға салып, Мәншүк, Әлия апаларының майдандағы ерлік істерінің арқасында баянды бейбіт өмірде бақытты өмір сүріп жатқандарын айтып, пікір алмасты.

WhatsApp Image 2022-10-21 at 16.18.35

Мәншүк Мәметова 1922 жылы Орал облысы, Орда ауданы, Жасқұс ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты - Мәнсия. Бес жасынан бастап оны әкесінің немере інісі Ахмет Мәметов және әйелі Әмина асырап алған. Үлкен қара көзі, пысықтығы, ширақтығы үшін олар баланы еркелетіп «Моншағым» деп атады. Өзінен атын сұрағанда, бала «Мәншүк» деп жауап берген. Солай аты Мәншүк боп қала берді. 1937 жылдың қуғын-сүргініне Мәметовтер әулеті де ұшырады. Ғылыми-зерттеу институтының директоры Ахмет Мәметов қамауға алынды. Ол кісінің әйеліне айтқан соңғы сөзі: «Менің Мәншүгімді ренжітпе, аман сақта». Кейіннен Ахмет Мәметовті ақтады, бірақ олардың отбасы қудаланып, «халық жауы» аталды. Есейген Мәншүк әкесінен бас тартпады, оны сатпады. Ол әкесінің қамалуын қате деп санады. Мектепті бітіргеннен соң Мәншүк медицина институтына оқуға түсті.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Мәншүк 18 жаста болатын. Ол соғысқа бару, Отанын қорғау туралы шешім қабылдады. Өтінішінде: «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз»,- деп жазған. 1939 жылдан бері комсомолмын. 1941 жылдың 7-ші тамызы».

Бір жыл бойы Мәншүк әскери комиссариаттан өзін әскерге жіберу туралы өтінді. 1942 жылдың 13-ші тамызында Алматыдан 100-ші атқыштар бригадасы майданға аттанды. Оның құрамында 4890 жауынгер, оның ішінде 2 қазақ қызы – дәрігер Мәриям Сарлыбаева және Мәншүк Мәметова болған екен. Әскердің қиындығын Мәншүк ерлермен қатар көрді – жер жорғалап, судан жүзіп, қалың ну ормандардан өтті, пулемет атып үйренді. 21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының ең жақсы пулемет атқышы атағына ие болды. Ол ержүректіктің үлгісі болды, оны дивизия жауынгерлері мақтан тұтты. 1943 жылдың 15-ші қазанында Псков облысындағы Невель қаласын босату үшін Изоча станциясындағы 173,7 биіктігінде өте қатал соғыс болды. Мәншүк осы кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапты.

Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1-ші наурызында неміс басқыншыларымен соғысу майданындағы қолбасшының әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін, көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz


 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале