Бөкей ордасы ауданы басшысы Нұрлыбек Даумов Хан Ордасыдағы құрылыс, жөндеу және жаңғыртуды қажет ететін нысандардың жай-күйімен танысты.

Іссапар Жәңгір хан атындағы мектептің түлектер саябағынан басталды. Округ әкімі Ғайса Махимовке аталған аумақтағы абаттандыру жұмыстарын жандандыруды тапсырған аудан басшысы кейін болашақ техникалық қызмет көрсету станциясының құрылыс барысын көрді.
Кездесу барысында Нұрлыбек Жасқайратұлы құрылыс нысанының иесіне мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ұсынылатын жеңілдетілген несиелер туралы айтып өтті.

Сонымен қатар, аудан басшысы ауыл орталығындағы саябақ пен балалар ойын алаңын аралап, олардың қазіргі жағдайына назар аударды. Жөндеуді қажет ететін нысандарды көрген аудан басшысы округ әкімі Ғайса Темірболатұлына тиісті жұмыстарды жедел түрде бастауды тапсырды.
Іссапар барысында инвестиция тарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Жергілікті кәсіпкерлермен кездескен аудан әкімі әлеуметтік нысандар салу мүмкіндіктерін талқылады.

Бұдан бөлек, сала басшыларымен өткен кездесуде Нұрлыбек Жасқайратұлы спорт және туристік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бірқатар жоспарларымен бөлісіп, мамандардың ұсыныс- пікірлерін тыңдады.

Еркебұлан Бисенғалиев
Суретке түсірген автор