19.01.2021, 10:04
Оқылды: 694

Қаңғыбас иттер қаптап жүр

Мақаламыздың тақырыбы айтып тұрғандай, көше кезіп, қаңғып жүрген иттердің ауыл тұрғындары үшін қаупі басым. Әсіресе мектеп оқушыларына. Бәріміз шаңырағымызда ұл мен қыз тәрбиелеп отырғасын балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Жуырда қоғам белсендісі Нұрлан Құсайынов ағамыз facebook әлеуметтік желісінде қаңғыбас иттер туралы жазған болатын. Иә көшеде қаңғыбас иттерді әркез көзіміз шалып қалады. Сол иттің бәрі иесіз емес қой. Бірақ итті ауыл тұрғыны ауласында ұстауы қажет. Байқаймыз, көбісі бос жібере салады. Бос жүрген ит ойына келгенін істері анық. Көше, дала кезіп немесе күл-қоқысты аралап кетеді. Аурудың бәрі даладан жабысатыны белгілі. Ал иесіз көше кезіп жүрген саққұлақ, сабалақтарды залалсыздандыру тағы бар. Яғни ит ату. Мәселені қозғамас бұрын сала мамандарымен ақылдасуды жөн көріп, Казталов аудандық ветеринариялық станциясы директорының орынбасары Жасұлан Дүйсеновпен тілдескен болатынбыз. Маман қаңғыбас ит пен мысықтарға қатысты атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.

Itter

- «Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы» Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 28 тамыздағы  №28-3 шешімі негізінде қаңғыбас иттер мен мысықтардың саның биозарарсыздандыру тәсілімен реттеуге жатқызылады. Яғни жаңа қағидаға сәйкес арнайы орынға (ветеринариялық клиника) жеткізілген жануарлар ветеринариялық дәрігермен тексеріліп, тіркеледі. Кейін дегельминтизациядан (іш құрттарын жою) өткізіліп, электронды чиппен бірдейлендіру арқылы дерекқорға тіркеліп, биозарарсыздандырылады (кастрация, стерилизация). Ота жасалған орындары жазылғаннан кейін (3-7 күн) аса қауіпті құтыру ауруына қарсы вакцинация жасалған соң мекендеген ортасына кері қайтарылады, – деген маман жауабына қанықтық. Сонда аудандағы барлық ит пен мысық төрт түлік мал секілді арнайы есепке алынатын болғаны ма? Бұл жақсы жүйелі жұмыс. Тек ит пен мысықтың қожайындары бәрі ветеринариялық станцияға барып, тіркетіп жатқаны шамалы секілді. Бұл сауалымызға да Жасұлан Тұрақбайұлы толыққанды жауап берді.

– Облыстық ветеринария басқармасының бастамасымен облыс аумағындағы барлық иттер мен мысықтарды бақылауға алып, олардың нақты санын анықтап, оларға жасалған ветеринариялық іс-шаралар есебін жүргізу үшін иттер мен мысықтарды бірдейлендіру жөнінде дерекқор жасақталды. Дерекқорды тиісті деңгейде жүргізу үшін «Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» 2-бөлім 9-тармағына және Батыс Қазақстан облысы мәслихатының 2020 жылғы 9 желтоқсандағы №40-5 шешімімен өзгеріс енгізілді. Енгізілген өзгеріске сәйкес барлық иттер мен мысықтар үшін чиптеу немесе таңба басу (татуировка) салу міндеттілді. Енгізілген өзгеріс – тұрғындардың ит-мысықтарын асырау кезінде жауапкершілікті сезіндіруге бірден-бір себеп болып табылады. Сонымен қатар ит пен мысықтары жоғалған кезде микрочипінің ID-нөмірі немесе таңбасы арқылы иесінің анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін үйінде асырап отырған иті мен мысығын бізге әкеліп тіркетуі қажет, – деді.

Ж а с ы м ы з д а  ә к е - ш е ш е м і з д е н, мұғалімдерден, үлкендерден «Ит – адамға дос, серік, далаға тастап кетпейді» дегенді жиі еститінбіз. Шынымен солай көрінетін. Даладан шөп орып әкелсек те, ауылда қой кезегін бақсақ та жанымызда ит жүретін. Бір елі қалмайды. Бір жағынан серік. Қасқыр-қарсақтардан қорықпайсың. Қасыңда досың секілді қорғайтын итің бар. Осындай ойтүрткі мен ой-толғаныс себеп болды ма, мен адам мен ит егіз ұғым ба деп қалдым. Тек оның айырмашылығы хайуан болып жаратылғандығында. Сөйлемейді, бірақ айтқаныңды орындайды, не істе десеңіз, соны істейді. Иә, расымен үй жануарын асыраған адам жауапкершілікті сезінуі қажет. Жануардың сау болуы – үй иелерінің денсаулығының кепілі емес пе? Дегенмен біз қазақшылыққа барып, ит пен мысыққа қарауда салғырттық танытамыз. «Қазақпыз ғой» демекші, ата-бабамыз итті жеті қазынаға жатқызған, ерекше күтіп баптаған. Құмай, тазы, төбеттің жағдайы бөлек болған. Енді қазыналы иттің ешкімге керек болмай, көше кезіп кетуінің сыры неде?

– Бұралқы иттер мен мысықтардың санының көбеюіне себеп  – тұрғындардың асырап келген жануарларына күтім жасамай, қараусыз басқа орындарға немесе далаға тастап кетулері. Нәтижесінде аш қалған бұралқы иттер топ-тобымен үй жануарлары мен үй құстарын шығынға ұшыратып, кейде адамдарға да шабуыл жасағандығы жөнінде хирургия бөлімшесінен хабарламалар түсуде.

Жоғарыда аталған Қағиданың 1-бөлімі 3-тармағына сай қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, тасымалдау, уақытша ұстау және жою аудандар мен облыстық маңызы бар қаланың (аудандар мен Орал қаласының ветеринариялық станциялары) жергілікті атқарушы органдары құрған ветеринариялық ұйымдары  жүзеге асырады. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік – жеке меншік әріптестік жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған жағдайларда, аудандар мен облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, тасымалдау, уақытша ұстау және жоюға жеке және заңды тұлғаларды тартуға құқылы, – дейді сала маманы. Егер де мемлекеттен қаражат бөлініп, иесіз ит пен мысық уақытында зарарсыздандырылмайды? Уақытында жойылып отырса дейміз. Сонда көше кезген бұралқы иттер қоғамды алаңдатпас еді. Бұл сұраққа да сақадай сай отырған Жасұлан Дүйсенов төменгідей жауабын берді.

– Бұл ретте аудан аумағындағы бұралқы иттер мен мысықтарды аулау, уақытша ұстау және тағы басқа қызмет көрсету түрлері мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бәсекелестік ортаға ұсынылып, қызығушылық танытқан тұлға (заңды және жеке) анықтамалғандықтан аталған қызметті жүргізу «Казталов аудандық ветеринариялық станциясы» мемлекеттік мекемесінің құзыретіне берілді. Осы себептен конкурстық шешім нәтижесінің кідіру салдары орын алды. Нәтижесінде қарастырылған қаражаттың кешігуіне байланысты бұралқы жануарларды аулау тек өткен жылдың қазан айында жандандырылған болатын. Өткен жылы барлығы 63 бұралқы жануарлар ауланып, соның 45-і зарарсыздандырудан өткізілген соң қайта мекендеу орнына қайтарылса, 18 ит жойылу тәсілімен аластатылып отыр. Осы себептен бұралқы жануарларды жою ауданымызда өзекті мәселелердің бірі екенін айта отырып, тұрғындардың жануарларды асырау және серуендету Ережелерін білгені жөн деп есептейміз, – деп түйіндеді сөзін сала маманы.

Иә, ережені білмеу мен сақтамаудың өзі әкімшілік құқықбұзушылыққа жататынын ескергеніміз жөн. Атап айтсақ, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабында бәрі анық жазылған. Бапты таратсақ, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкiне залал келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекеттерге он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 408-бап бойынша 2019 жылы 107 хаттама, 2020 жылы 202 хаттама толтырылған.

Мақаламызды түйіндей келе, Абай хакім айтқандай: «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады. Сондықтан ит атаулыдан барынша сақ болайық. Қараусыз жүрген қаңғыбас төбеттердің қауіптілігін, жоғарыда көрсеткендей, оларға қолданар шараны да ұмытпағанымыз абзал.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале