6.04.2022, 16:50
Оқылды: 45

Музейдегі күйші бұрышы

1980 жылдың мамыражай мамыр айы. Қайыңды сегіз жылдық мектебінде еңбек етіп жүрміз. Сырттан: «Ассалаумағалейкум!» айта кірген оқушы бала: «Сізді директор ағай шақырып жатыр. Үйіне қолында домбырасы бар қонақ келді»,- деді.

шалабаев (2)

«Бұл кім болды екен?-деген екіұдай оймен мектеп директоры Төлеуқайыр (Хамитов) ағайдың  үйіне бет алдым.

Үйінен қонақ арылмайтын, тамыр-таныстары көп ағамыздың үйіне жақындай бере есік алдында самаурынын демдеп жүрген Сәния жеңгемізге көзім түсті.

-Кел, төрлет, ағаңның шәкірті келді. Оралдан, күйші,- деп жеңгеміз жарқылдай сөйлеп, біраз мәлімет беріп те жіберді. Амандасып ішке енгенде ағай мен жүзі жылы, қара мұртты жасы 35-40 тардағы жігіт ағасы сөйлесіп отыр екен. Ағы көбірек қара көзі жарқырап тұр, сөзі де жарқын шығып жатыр.

Төлеуқайыр ағай әңгімешіл адам, жан-жақты терең білімді, әр мәселе жөнінде де айтары бар, қосары көп. Келген қонағымыздың да қара сөзге қамшы салғызбайтыны байқалып тұр. Сәния жеңгеміздің бабымен демдеп, қаймақ қатқан күрең шайымен әңгіме тиегі ағытылып бір кетті деңіз. Сөйлесе отырып келген қонағымыздың Болат Шалабаев деген домбырашы, күйші-композитор екенін білдік. Оралда тұрады екен. Музыка тарихын зерттеумен де айналысады екен. Шайдан соң біраз дамылдаған ағамыз қара домбырасын қолына алды. Бабына келген домбырамен күй тартуды бастап та жіберсін. Байқап отырмын. Тартатыны-Құрманғазы күйлері... Екпінді «Адай», сары даланың гимніндей «Сарыарқа», мұңға, ашу мен кекке құрылған «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» күйлері бірінен соң бірі күмбірлей төгіле берді, төгіле берді...

«Мен Құрманғазы күйлерін жақсы көремін, зерттейтінім де, насихаттайтыным да осы атамыздың шығармалары»,- деген күйші ағамыз енді әр күйдің шығу тарихын майын тамыза айтуға кірісті.

Тізбектеле тартылған күйлер мен келістіре айтылған күй тарихы жалықтырар емес, өзінің тереңіне тартып, сиқырлы сырларына сүңгітіп алып барады.

Төлеуқайыр ағай да берік тыңдап отыр. Жүзінде әрі таңданыс, әрі мақтаныш сезім де жоқ емес. Олай болатын жөні де бар. Күйші өнерпаз - Төкеңнің шәкірті әрі оқушысы.

Түстен кейін Оралдан келген күйші ағамыз Қ.Сығырбаев шығармаларынан лекция-концерт өткізді. Ауыл тұрғындары өнерлі ағамыздың әдемі күйлері мен аңыз-әңгімелеріне қуана қол соғып, қошемет көрсетті.

Балалар жағы қолдан жасаған «Ортеке» атты домбыраға қосыла билеп, секіретін қондырғыға қатты қызығып қарады. Шағын клубтағы кешті Болат аға өзі жүргізіп, әдемі әзілімен, жағымды даусымен асқан шеберлікпен орындаған күйлерімен баурап алды.

Қиыр Шығыста әскери борышын өтеген күйші теңіз кемесінде болған кездерінен естелік айтып, орыс халқының «Морский танец», «Светит месяц» ән-әуендерін домбырада ойнап, би элементтерін көрсетіп, халықты әбден риза етті.

Шалабаевтың қолданған заттары

«Менің «Құрманғазы» деген атамызға арнаған күйім бар. Сол күйімнің нотасын Ресей жерінде Астрахань облысындағы бабамыздың құлпытасына түсіруге мүмкіндік болғанына әрі қуанамын, әрі мақтанамын»,-деген ағамыздың сөзі әлі есімде.

Бүгінде ауданымыздың өлкетану музейінде күйші-композитор Болат Шалабаевтың өмірін ұлықтайтын арнайы бөлім жасақталды. Онда жерлесіміздің түрлі марапаттары, төсбелгілер мен жеке заттары орналасқан. Әйгілі «ортекесі» де осында. Өнер халықпен бірге жасай береді деген осы да.

Бүгінгі ұрпақ домбырашы, күйші-композитор Болат Шалабаевты біліп, еске алып тұрса деген тілегіміз бар. Соңғы кезде ауданымызда домбыраны серік еткен күйші жастардың көбейіп келе жатқаны көңілге демеу.

Балалар музыка мектебінде де талантты күйшілер тәрбиеленуде. Осының бәрі күйші Б.Шалабаевтың өнері жалғасып келе жатқанының дәлелі. Біз соған қуанамыз.

                                                                                                  А.Шотпанов,

                                                                                                   музей қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале