26.02.2021, 10:15
Оқылды: 57

Мың алғыс, қазақ халқына!

1 наурыз – қазақстандықтар үшін айтулы мереке. Себебі, көпұлтты елімізде Алғыс айту күні. Бұл күн – түрлі этнос өкілдері қиын-қыстау шақта құшақ жайып қарсы алған дархан қазақ халқына жүрекжарды алғыстарын білдіреді. Сондай-ақ әрбір адам тума-туыстарына, дос-жарандарына, әріптестеріне, көршілеріне және жай ғана таныстарына да алғыстарын айтса, нұр үстіне нұр. Ендеше, біз өзге ұлт өкілдерінің кеңпейілді қаза жұртына білдірген алғыстарын жариялауды жөн көрдік.

Ұлтым басқа болғанымен, жүрегім – қазақ

- Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Ксения Колесникова1

Отбасым КСРО уақытында Қазақстан жерінде тұрды. КСРО құлағаннан кейін қазақ жерінде қалып қойған. Ал мен Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Бударин ауылында дүниеге келдім. қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын оқыдым. Қазіргі таңда Орал қаласындағы №6 А.С.Макаренко атындағы мектепте куратор қызметін атқарамын. Ұлтым – орыс. Ата-анам да орыс. Қазақ тілін мектеп жасынан үйрендім. Мені оқытқан мұғалімге алғысым шексіз. Осындай абзал жанның арқасында қазақ тілінде бір кісідей еркін сөйлеймін. Ұлтым басқа болғанымен, жүрегім – қазақ. Біздің отбасы өзіміздің мерекемен қатар қазақ мерекелерін де тойлайды.

Алғысты сөзбен немесе қимыл, іс-әрекет, заттай сыйлық беру, тіпті жақсы қарым-қатынас түрінде де білдіруге болады. Әркім алғыс алу арқылы өзінің басқалармен қарым-қатынасын, өмірдегі орнын бағалай алады. Қазақ халқыныңұғымында неғұрлым көп алғыс алған адам бақытты болады. «Алғыспен ер көгерер» деген мәтел соған меңзейді.Мен қазақ жұртына, Қазақстанда тұрғаныма алғыс білдіремін. Қиын-қыстау кезде бізге бір уыс нан, үй беріп, құшақ жая қарсы алып көмек көрсеткеніне алғысым шексіз, - дейді орыс ұлтының өкілі Ксения Колесникова.

Тағдырыма ризамын

- 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына шынайы алғысын білдіретін күні. Бұл мерекені атап өтудің басты мақсаты – өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие беру, тұрғындарды толеранттылыққа, бірін-бірі құрмет етуге баулу деп есептеймін. Алғыс айту күні – барша қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігі мен достығын, шынайы махаббатын паш ететін күн.

Рашит Салахиев1

Менің ұлтым – татар. Осы жерде туып-өстім. Сол себепті бірінші кезекте мені өсірген еліме алғыс айтамын. Қазақстанда өсіп-өнгенім үшін тағдырыма ризамын. Бұл елде жанға қажеттінің бәрі бар, әр түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген құрметі қалыптасқан.Жаңақала ауданында тұратын татар өкілдерінің атынан Алғыс айту күнінде қандас, бауырлас, ағайын  қазақ халқына, тума-туыстарыма ризашылығымды білдіремін, - дейді татар ұлтының өкілі Рашит Салахиев.

Бізді бауырына басты

- Тоталитарлық жүйенің қатал саясаты қазақ жерін ұлттар лабораториясына айналдырғаны бүгінде еліміздің 130 ұлт пен ұлысқа мекен болуына әкелді. Қазақ халқы аштық нәубеті мен саяси қуғын-сүргін қасіретінен зардап шексе де, режимнен жапа шеккен өзге этностардың ауыр тағдырына алаңдап, қолұшын беріп, көмек көрсетті. Депортациялауға еріксіз көніп, атажұрт, әзиз мекенінен жат қиырға келген олар Қазақстаннан екінші Отанын тапты. Жаңа жерге келіп, саны көп ұлтқа сіңіп кетудің орнына ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуға, білім алып, білікті маман болуға, өсіріп, баба дәстүрін жалғауға мүмкіндік берген елмен кейін көпшілігі қимай қоштасты. Қазақстаннан басқа Отаным жоқ деген тағы бір бөлігі өскен жердің гүлденуіне еңбек етуде.

Тағдыры ауыр, биліктің көзіне сүйелдей болған ұлттың бірі немістер десем еш қателеспеймін. Жаһандық қырқыс кезінде және аяқталғаннан кейін де сенімсіз ұлттар қатарына қосылған немістерді үкімет кез келген уақытта бауыр басқан жерінен жаңа аймаққа жер аударудан жалықпайтын.

Петри Адам1

Қазақстанға дәм-тұз айдап келіп, Отанын тапқандардың бірі – біз, яғни Петрилер дер ем. Өзімнің туып-өскен жерім осы Жаңақала өңірі. Ал атам Владимир Адамұлы Петри бұл жаққа Целиноградтан жұмыс бабымен келген. Арғы аталарым сонау қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріне Саратов облысының Энгельс қаласынан ауған. Үлкен әжем негізі Әзірбайжан ұлтының өкілі екен. Үлкен атаммен Целиноград облысының Астрахан ауданында бас қосып, сол жақта тұрып қалады. Атам Владимир сол жерде дүниеге келіпті. Мектеп бітіріп, кейін 1974 жылы Целиноград құрылыс техникумына түскен. Оқуын аяқтағаннан кейін жол саласында жұмыс істеп, жұмыс бабымен 1976 жылы Оралға, одан Жаңақала ауданына келген. Жаңақаладағы күндері 1976 жылы әскерге алынған сәттен бітуі бек мүмкін еді. 1978 жылы Балқашта борышын өтеген соң қайтадан аттанған аймағына жол тартуды жөн көріпті. Дәм-тұздың жібермейтіні осы болса керек. Содан бері бір салада, бір жерде тапжылмай қызмет етіп келеді. Әжем Зәуреш екеуі 1979 жылы отбасын құрған. Әжем Петри Зәуреш Қадырбекқызы сол кезде Факеево атанған ауылдың қызы. Ол 1960 жылы дүниеге келген. Қазір зейнеткер. Әкем Петри Валентин Владимирұлы ұлты неміс. Анам Петри Эльмира Халелқызының ұлты татар. Өзіміз үш ағайындымыз. Менен басқа екі қарындасым Наталья және Диана бар. Өзіме келер болсам, мен Петри Адам Валентинұлы Оралдағы қазақ-түрік лицейін бітіріп, Сүлейман Демирель атындағы университеттің «Филология» факультетінде оқып жатырмын. Мектеп қабырғасынан қазақ тілі мен әдебиетінен жұрттың алды болып, олимпиадаларда үнемі жүлдеге ие болатынмын. Артымнан ерген қарындастарым Наталья мен Диана да оқу үздіктері.

Риза болатыным, сан ұлттың басы тоғысқан өңірде шыққан тегіне қарап алалау жоқ. Қанша табысқа қол жеткізген кей мемлекеттер осынау ғаламатқа әлі жете қоймады. Дүниеде түсіністік пен татулыққа жетер сый жоқ. Сол бағымызды бағалай алсақ қой тек…

Бәрін айтта, бірін айт бізді бауырына басып, кеудемізден кері итермеген қазақ ұлтына алғысымыз шексіз. Әлемді жайлаған індет тез жойылып, Қазақстан халқына мамыражай күн туғай. Тәуелсіздігіміз тұғырлы боп, еліміз өркендеп, дами берсін! – деп ақ тілегін ақтарды неміс ұлтының өкілі Адам Петри.

Қасиетті Отаныма алғысым шексіз!

- «Адамға алғыс айтпағанның – Аллаға шүкірі жоқ» демекші, алғыс айту халықтың жан ділі психологиясының қуатты болмысын дәлелдейтін, ризалық сезімін білдіретін бата-тілек дәстүрі. Қазақ халқы тумысынан, жалпы ерте заманнан кез келген жауапты іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық.

Айсұлу Юсупова1

Көктемнің алғашқы шуақты күнімен тұспа-тұс келетін 1 наурыз елімізде – Алғыс айту күні. Осы күн тағдырлары тоғысқан Қазақстанның көп этносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Бүгінде бүтіннанын бөліп беріп, үйдің төрін ұсынған, өзге ұлт деп өгейсінбей, бауырына басқан қазақ елінде туып-өскеніме биыл 22 жыл толды. Ұлтым – башқұрт. 1967 жылы атамЮсуп Латифұлы Таштемиров отбасымен қазақ жеріне қоныс аударып, бас сауғалап келген екен. 1997 жылы әкем Ильдар Юсупұлы Таштемиров пен анам Жансұлу Сиыққызы Таштемирова (қазақ)екеуі өз алдына бөлек шығып, Пятимар ауылдық округіне көшіп барып, мал шаруашылығымен айналысқан. Хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» дегендей, Пятимар халқы бөліп-жармай бауырына басып, барымен бөліскен. Қазақ жері – біздің Отанымызға айналды. Отбасымызда үш қыз, екі ұл тәрбиеленіп, өстік. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығын оқып, бітірдім. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы М.Өтемісұлы атындағы университетінде «Филология» мамандығы бойынша магистратурада білім алудамын. Бұдан бөлек, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінде мамандығым бойынша жұмыс жасаймын. Қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Ақын, жазушылардың шығармаларымен түгелдей дерлік таныспын.Қазағымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, алғыс айту күнінде ұстаздарыма жүрекжарды алғысымды білдіргім келеді. Ең алғаш мемлекеттік тілді толық игертіп, аудандық, облыстық, Республикалық жарыстарға қатыстырып, шеберлігімді шыңдаған ең алғашқы қазақ тілінен білім берген ұстазым Балжан Камалова мен Шолпан Мұхамбетоваға алғысым шексіз. Бұл күні ұстаздарыма ғана емес, өзім туып-өскен қайырымды қазақ халқына да ерекше ризашылығымды білдіремін, - деп ой сабақтайды башқұрт ұлтының өкілі Айсұлу Юсупова.

 

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале