Мамандық, бір қарағанда, белгілі сипаттағы әрекет қана болып көрінуі мүмкін, бірақ ол бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы. Жүрек қалауымен таңдалған мамандық бойынша жұмыс істеу – өмір сүрудің материалдық қана емес, рухани да негізі. Ол белгілі бір дайындық пен жауапкершілікті талап етсе де, өзің қалаған мамандық болған соң, оған аса үлкен шығармашылықпен бар ғұмырыңды арнайсың. Бас кезінде дұрыс таңдау жасалған болса, онда адам уақыт өткен сайын жетіліп, өсіп, дамып, шынайы бақытқа кенеледі.
Мектеп оқушыларын, биылғы жылдың түлек атанатын білім алушыларын кәсіптік бағдар беру тұрғысынан ақпараттандыру, мамандықтармен таныстыру, кәсіби қызығушылықтарын байқау мақсатында жуырда Бөрлі №1 ЖОББМ-де «Мен таңдаған мамандық» атты кездесу ұйымдастырылды. Танымдық жобаның жетекшісі мектептің кәсіптік бағдарлаушысы Сәндеш Ештекенова оқу орнында түрлі салада қызмет атқарып жүрген маман иелерінің басын қосты. Атап өтсек, аудандық полиция бөлімінің инспекторы Ж.Қарабалиев, №13 өрт сөндіру бөлімінің командирі Е.Оразғалиев, орман шаруашылығының жетекші маманы Г.Жандусинова, Бөрлі колледжнің оқытушылары Н.Лұқпанова, Е.Беков, Бөрлі ауылдық дәрігерлік амбулаторияның медбикесі Г.Байниязова сияқты кездесу қонақтары өз кәсіптеріне келу жолы, еңбектің қадірі туралы құнды естелік, ойларымен бөлісті. Жасөспірімдер тарапынан да мағынасы терең сауалдар қойылды.
Мамандықты дұрыс таңдап, қоғамда лайықты орнын табу оңай шаруа емес. Таңдау жасамас бұрын, «Болашақ мамандығыңыздан не күтесіз?» деген сұраққа шынайы жауап іздеп көріңіз. Көп нәрсе осыған тікелей байланысты. Барлық мамандық маңызды. Кейбіреулері математикалық қабілеттерді талап етеді, бірқатары шығармашылықты қажет етеді, енді біреулері дене дайындығын, шымырлықты қажет етуі мүмкін. Жақсы немесе жаман мамандық болмайды, тек өзіңізге ұнайтын немесе ұнамайтын мамандық болуы мүмкін. Өмірде бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан, дұрыс мамандық өмірдің барлық саласына әсер етеді. Таңдау неғұрлым сәтті болса, өмір жолы соғұрлым қызықты және табысты болады.
Айжарық Нұр,
Бөрлі ауданы