24.04.2024, 20:25
Оқылды: 48

Пиндуодуо саудасы шарықтап тұр

«Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» дейді халқымыз. Еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты қоғам да, адам да түбегейлі өзгерді. Осы жылдарда нарықтық қарым-қатынас қалыптасып, бекіді. Нағыз базарлы өмір салтанат құрып, ол біздің күнделікті тіршілігіміздің құрамдас бөлігіне айналды. Қымбат болар, арзан болар, бір тәуірі, кешегі кеңес заманындағыдай қардарлық жоқ. Қайда барсаң да, қалтаңда қаржың болса, жанға керектің бәрі толып тұр.

scale_720Сурет: dzen.ru

Электронды коммерцияның дамуымен елдер арасында сауда-саттық бұрынғыдан да тиімді бола түсті. Қазір жаһандық электронды сауда нарығының көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта ел азаматтары қытайлық электронды коммерция өнімдерін жаппай сатып алып жатыр. Басты себеп – тартымды баға және ауқымды ассортимент. Қытайлық интернет-дүкен¬дер арқылы электроника мен киімнен бастап тұрмыстық техника мен аксессуарларға дейін әртүрлі санаттағы өнімдерге қол жет-кізуге болады.

Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 2022 жылы 31 млрд долларды құраған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 40 млрд долларға жетеді» деп межелеген еді. Осының ішінде электронды сауданың үлесі зор. Осы орайда елдер арасындағы сауда-саттықты өрістетуге себеп болып тұрған танымал маркетплейстерге тоқ¬талып өткеніміз жөн болар.

AliExpress. Қытайдан бөл¬шек сауда үшін ең танымал маркетплейстердің бірі болып қала береді. Бұл платформадан көтерме және бөлшек саудада сатып алуға болатын түрлі санат¬тағы тауарлардың кең ас¬сор¬¬тиментін табуға болады.

Taobao. Ең алдымен Қы¬тай¬дың ішкі нарығына бағытталған танымал маркетплейс. Taobao пайдаланатын біздің азаматтар ондағы тауарларды сатып алу және жеткізу үшін делдалдық компаниялар көмегіне жүгінеді.

Қазіргі таңда сұранысқа көп ие және екінің бірі жасап жүрген Pinduoduo.com. электронды коммерция бойынша ірі Қытай кәсіпорны. Әлемнің ең ірі онлайн-дискуантер және маркет-плейсі. Қолданысы жағынан жеңіл болған соң, қазіргі уақытта елімізде кеңінен танымал.

Тауар алу үшін делдал компания іздеуге тура келеді. Оны ел арасында «карго» деп атап кеткен. «Карго» тауарларды қытайлық сайттардан сатып алып, оларды Қазақстанға жөнелткен кезде әуе поштасы, теңіз контейнерлері немесе ха¬лықаралық курьерлік қыз¬меттер сияқты әртүрлі жүк әдіс-терін пайдаланады. Қайсы маркетплейстің де жеткізу мерзімі шамамен бірдей – бір аптадан бір айға дейінгі аралықта тапсырыс берген тауарыңыз келіп жетеді. Осындай өзіне жеке карго ашып, ауданымызда саудасын дамытып отырған саудагермен тілдесуді жөн көрдік.

- «Мен Pinduoduo сайтынан тауар алып-сатумен бір жарым жылдан бері айналысып келемін. Тауардың келуі «каргоға» байланысты, дегенмен өзім 17-20 күн аралығында тапсырысымды аламын. Өте арзан және сапалы заттар сатып алуға мүмкіндік бар. Ватсап желісінен ортақ чат ашып, ішіне керек заттардың бәрін салып, тапсырыс алып жеткізіп беріп отырмын. Өзім бала күтіміне байланысты үйде отырғандықтан, бос отыруды жөн көрмей, табыс көзі ретінде айналысып жүрмін»,- дейді Балауса Берікқызы.

Мұхиттың ар жағынан келген затыңыз көңіліңізден шықпай қалуы да мүмкін. Мұндайда біресе тапсырыс берген өзіңізді, біресе интернет алаяқты кінәлап, не күлеріңізді, не жыларыңызды білмей, дал боласыз. Өкінішке қарай, осындай келеңсіздікке тап болғандар өз таныстарымыздың арасынан да табылып жатады.

Интернет-дүкеннің саудасы заттың сапасын, өлшемін білмей-ақ таңдауға негізделген. Мысал келтірсек, Жадыра есімді ауыл тұрғыны қытайлық пиндуодуо интернет-дүкенінен қыстық пальтоны ұнатып, тапсырыс берген. Пальто қолға тигенде өлшемі сай емес екені белгілі болады. Сапасы да сын көтермейді. Жадыраның айтуынша, тапсырыс берердің алдында интернет-дүкеннің парақшасында көрсетілген сыртқы киімнің ұзындығын, өлшемін мұқият тексерген. Тауардың өлшемі мен сапасына налыған ол сатушымен хабарласады. Мән-жайды түсіндірген сатушы: «Тапсырыс берген кезде тауардың құнын төледіңіз. Яғни, біздің шарттарымызбен келістіңіз деген сөз. Сырт киімді таңдаған кезде Қытай, Еуропа, Ресей елдерінің өлшем бірлігі көрініп тұрады. Сіз өлшеміңізді нақтыламағансыз», – деген жауап қайтарған. Амал нешік, тапсырыс берген киім алынды, сандықтың түбіне салынды. Аз-кем тәжірибесімен бөліскен Жадыра бойжеткендерге интернет-дүкенге тапсырыс бермес бұрын тауардың сипаттамасын бүге-шігесіне дейін сұрап білген дұрыс деп кеңес береді.

-Мен осы пиндуодуо сайты ашылғалы бері керек-жарақ заттарымды алып келемін. Сенсеңіздер үйге ыдыс жуғыш секілді ұсақ-түйек заттан бастап, үлкен жиһазға дейін тапсырыс бердім. Өз басыма сапасы да, бағасы да қолжетімді. Ешқандай затым не жетпей қалып, ыдыстарым сынып келген емес. Бұл сайтты шындап меңгеріп алсаң пайдасы көп деп ойлаймын. Басқа адамдарға да тапсырыс алып өзіңізге кәсіп қылсаңда болады. Балаларыма ең қымбат тұратын ойыншықтарды осы сайт арқылы қолжетімді бағада алып жүрмін. Қорықпай тапсырыс беруге болады деп ойлаймын-дейді сайттың тұрақты тұтынушысы Аида Дүйсенбаева

«Интернет-дүкен пайдасыз» деп біржақты пікір айтудан аулақпыз. Себебі, бүгінде ғаламтор арқылы сауда-саттық ерекше қарқын алуда. Қазақстандықтардың 70-80 пайызы ғаламторды қолданады. Сауданың тең жартысы электронды жүйеге көшкен. Бірақ көбінің иелері – шетелдіктер.

Интернет-дүкеннің игілігі мен тиімділігі – ұнаған затыңызды үйден шықпай-ақ иемденуіңізде. Заманауи үрдіспен тапсырыс беру бірінші кезекте уақытты және қаржыны үнемдейді. Бірақ оқырманға интернет-дүкендер арқылы сауда жасау дұрыс не бұрыс деп кесіп айту қиын. «Сауда сақал сипағанша», – дейді халқымыз. Сондықтан тапсырыс берген кезде барлық жағдайды ескере отырып, толық ақпарат алғаныңыз жөн. Кейін «қап» деп сан соғып қалғанша, алдын ала сұрап-білгеннің айыбы жоқ.

Аруғаным Қазиева, 

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале