28.08.2019, 15:40
Оқылды: 164

Шаруалар Qoldau.kz бағдардамасымен жеріне мониторинг жасай алады

Мал жайылымы мәселесінде шешілмеген түйіндер көп. Еліміз ұлан-байтақ жерді иеленіп отырса да елді мекендерде ауыл тұрғындарының мал жаятын жері жоқ. Болса да түбегейлі шешілмеген. Тұрғындар: «бөлінген жер – сенің жерің, менің жерім» -деп бір-бірімен дауласып, жайылымдағы малдарды әрі-бері қуу арқылы олардың оңалу күйін қашыруда.

qaztalov (2)

Қазталов ауданында бағымдағы малға жайылым көлемі қай жағынан болса да жеткілікті болғанымен оның бөлінісі мен пайдалану тәртібі дұрыс үйлестірілмеу салдарынан тұрғындардың бағымындағы малдарына жайылым жетпей отыр. Бұл мәселе бойынша еліміздің көптеген жерлерінде заңмен қамтамасыз ету олқылықтарының бар екені де жоққа шығарылмайды.

Егер жайылым өрісі ұтымды пайдаланылмаса, малдың басы қалай өседі? Ал мал басы өспесе сапалы ет өнімі қайдан пайда болады?! Кезінде ата-бабаларымыз жайылымдарды жылдың төрт мезгіліне шақтап, ұтымды пайдалану арқылы мал басын бүгінгіден бірнеше есе артық өсірген жоқ па еді?

Мамандар «маусымды мал жайылымдары» әдісінің тиімді екенін жиі айтып келеді. Ең болмағанда осы үрдісті қолға алып, жүзеге асыруға болатын еді ғой. Елбасымыз Н.Назарбаев жайылым мәселесіне назар аударып, «мал өсірудегі дәстүрлі әдістерімізді кейінгі озық технологиялармен ұштастыра отырып неге пайдаланбаймыз, алыс жайылымдарды суландыру мәселесін неге қолға алмаймыз» дегенді ашық айтқан еді. Бірақ, өкінішке орай ұсынылған осы бастаманы қолға алып жатқан маманды көрмедік.

qaztalov (1)

Ауылдық округтердегі жерлерді түрлі шаруа қожалықтары мен жергілікті серіктестіктер жалға алған. Олар ауылдық әкімдіктің билік ету құзыретіне енбейді. Жерді жалға алғанда олар жер ресурстарын басқару жөніндегі өкілетті органмен келісімшарт жасасады. Олардың көбі жайылым толы малы болмаса да, малы бар шаруаларды өз жеріне жібермейді. Салығы мен жалдау ақысын төлеп отырғандықтан бөтен біреулердің өз жеріне мал жайғанын қаламайды. Осыдан келіп тұрғындар арасында өзара келіспеушілік басталады.

Осыны ескеріп біздер, ауыл тұрғындары жағдайында кездесетін осындай өзекті мәселенің түйінін шешу үшін заңға сәйкес аудандық атқарушы билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органы бірлескен комиссия құрылып, ауылдық округтердің жайылым жоспары қайтадан қаралғанын ұсынар едік.

Сондықтан ауылдық жердегі негізгі мәселе ретінде қозғаған мал жайылымы туралы ұсыныс тілекті талқыға сала отырып, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов мырзаны әңгімеге тартып, оның маман ретіндегі пікірін білдік:

-Аудан бойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 745 мың гектар болса, соның 618 мың 723 гектары - жайылым жер, 127 мың гектары шабындық жер. Қазіргі танда аудандағы жер пайдаланушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер Qoldau.kz бағдарламасына өз жерлерін енгізіп, жұмыстанып жатыр.

1 тамыздағы статистикалық мəліметке жүгінсек, жалпы саны 429 жайылымды пайдаланушы 1 272 жер учаскесінің 429 мың 704 гектарын аталмыш бағдарламаға енгізді. Ол пайыздық көрсеткішпен 69,5 пайызды құрап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.

Біздің негізгі бағыт-бағдарымыз ауыл тұрғындарының пайдасына шешілетін жұмыстар болғандықтан кедергілер де болмай тұрмайды. Қазір кездегі жер алған шаруалардың қажетті құжаттарынан қателіктер табылуда. Немқұрайлылық танытқан жандар да кездесіп жатыр. Сондықтан жер пайдаланушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер Qoldau.kz бағдарламасына өз жерлерін енгізсе, болашақта тиім болар еді. Себебі, біріншіден онда жайылымдар жаппай цифрландырылады жəне геокартаға енгізіледі. Екіншіден, шаруа қожалықтары үшін осы бағдарлама арқылы мемлекеттік қолдауға (субсидияға, несие алуға, лизингке түрлі ауылшаруашылық техника, арзандатылған бағамен жанар-жағар май алуға, жайылымдарды суландыруға құдықтар және күн сəулесімен электроэнергия өндіретін қондырғыларға), бір сөз бен айтқанда мемлекеттік қолжетімді қаржылық құралдар мен қызметтерге жол ашылады. Оның үстіне Qoldau.kz бағдарламасына жерді енгізген шаруалар жердің ылғалдылығын, шөп өнімділігін, өрт қауіпсіздігін жіті бақылап, ғарыш арқылы мониторинг жасай алады, -дейді Сергей Тоқпанов.

Қыдыр Қарабала,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале