12.06.2020, 16:57
Оқылды: 134

Шыңғырлаулық шаруа қожалығы малды электронды бақташымен бағып отыр

Шыңғырлау даласында иесіз жайылған малды көрсеңіз, таңданбаңыз. Бұл – Усманғалиевтердің малы. Заманның озығы да, тозығы да бар демекші, жаңашылдыққа жақын жүрген шаруалар, міне, заманның озығына да қол жеткізіп, малды электронды бақташыға бақтырып жүр.

Elektrondy baktashy (1)

Шаруа қожалықтары, соның ішінде мал өсірумен айналысушылардың көптен бері шешуі табылмай келе жатқан мәселелері бар. Соның бірі – бақташының  жетіспеушілігі. Мал бағу, әрине, бәріне бірдей қол емес. Қыс пен жаз бойы жұмысы жетерлік. Десек те, жаз айларында мал жайылымға шыққанда жұмысы аз-мұз болса да жеңілдейтіні рас. Сонда да мал бағудан көпшілігі ат-тонын алып қашады. Мал басын көбейтемін деген шаруаға малшы табу - жерден алтын іздегенмен бірдей. Енді бұл мәселенің де шешуі табылатын кез келді. Нақтылай айтсақ, кем дегенде 200 жүзден аса малы бар әрбір шаруа үшін қолжетімді электронды бақташы құрылғысы Қазақстанда кең көлемде қолданысқа енуде.

Ғылым мен ілімі тез дамыған талай елдерде мұндай құрылғылар көптен пайдаланылып келе жатқаны аян. Дейтұрғанмен, оны мал шаруашылығына пайдалану үрдісі елімізде соңғы жылдары ғана ене бастады.

Elektrondy baktashy (2)

Шыңғырлаулық «Усманғалиев» шаруа қожалығы да бұл жаңа тәсілді  ауданымызда бірінші болып қолға алды. «Жаз бойы жылқы табынының соңында жүру, одан қалса, ірі қараны шашау шығармай ұстау оңайға соқпайды. Оның үстіне бүгінде қанша қаражат төлесең де мал бағуға ешкім келіспейді. Қараусыз қалған мал егінге түсіп, шығын жасайды немесе ұрыларға, ит-құсқа жем болады. Үнемі көзден таса қылмай бағып отырғанның өзінде жақында ғана бір құлынды қасқыр тартты. Сол себепті осы бір электронды бақташының көмегіне жүгінуге тура келді», – дейді шаруашылықтың жылқыларына бас-көз болып жүрген Абай Усманғалиев.

Шаруашылықтың 400 гектар жайылымындағы төрт түлікті осы кішкене ғана құрылғы шашау шығармай бағып отыр. Күн панелінен тоқ алатын 8 вольттық электр заряды қолдан жасалған кәдімгі қоршауға екі қатарлы лентамен өткізілген. Күн панелі үзіліссіз электр қоршауларға тоқ жіберіп тұрады. Оның бір ұшы жерге, бір ұшы қоршауға тиіп тұр. Қоршауға мал жақындаған сайын бірнеше вольттық электр қуаты шымырлатып тоқ береді. Мал оның әлсіз тоғының өзінен шошып, кері қайтады. Бірнеше рет тоқ ұрған мал екінші рет оған жуымауға тырысады екен.

«Жұмысым жеңілдеп қалды» дейді осы шаруашылықта 18 жылға жуық малмен айналысқан бақташы Байболат Боранбаев малға қарайтын иттерін еркелетіп тұрып. Иә, әрине, ғылым-ілім, техника қаншама қарыштағанымен оның бәрі де адамды алмастыра алмасы анық. Десек те, осындай тынымсыз тірлікте адамға мынадай сенімді көмекшінің болуы қандай керемет!

Elektrondy baktashy (4)

Сонау өткен ғасырлардан ата-бабамыз төрт-түліктің жайын жақсы білген. Жайылымын да, ішер суын да малдың жағдайына қарап ыңғайлап келген. Мал төлдейтін кезде арнайы күтімге алып, оны  тіпті сұқ көздерден де сақтаған. Малдың ауруларының да алдын алу шараларын жасап, ауырған кезде емін де таба білген. Сайын даланың мектебінен дәріс алған, малдың соңында жүріп, іс-тәжірибені молынан жинақтаған сол кездің зоотехник, веттехниктерінің еңбектері ұшан-теңіз емес пе?! Осындай ескі мен жаңаны біріктіре отырып, оның барлық тиімді жағын мал шаруашылығына неғұрлым пайдаланған сайын жұмыстың ілгерілеуі маңызды. Ал қазір көзіміз көріп отырғандай, технология жетістігінің заманы. Малды дронмен аспаннан бақылап, чип арқылы телефонмен іздеп, енді, міне, электронды бақташыға мал бақтырып, жұмысты жеңілдетуде.

«Осындай жан-жақтылықтың арқасында болар, ауданымыздың мал шаруашылығы өркендеп келеді. Әсіресе ірі қараның етін өндіру жақсы жолға қойылды. Шет елден әкелінген асыл тұқымды мал жерімізді жерсініп, алғашқы төлдерін де бере бастады. Әрине, медальдің екі жағы болатыны сияқты, мал басы көбейген сайын арасында ауру малдың болуы да заңды құбылыс, десек те барлық шаралар қабылданып, жойылып келеді. Ал шаруаларымыз жаңашылдыққа жаны құмар, әсіресе мал шаруашылығына интернет пен жаңа технологияны пайдалануда іргерілеу байқалады», – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов.

Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале