19.01.2024, 15:30
Оқылды: 95

Тәжірибелі кондитер торт пісіруді үйреніп жүрген қыз-келіншектерге пайдалы кеңестер айтты

Адам сүйікті ісімен айналысқанда ғана бақыттырақ деген таныс тәмсіл бар. Расымен де, алтындай уақытыңды жаның рахаттанып, беріліп тұрып жасайтын ісіңе арнасаң еңбегің де өнімдірек, табысың да молынан болары сөзсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ажар Құрымбаева да өз ісін дәл тапқан бақытты жан десек артық айтқанымыз емес.

59a761b3-0b6d-409c-9c5c-3bc18e0dbe9a

Тәтті торттардан бас тартатын адам өте сирек шығар. Әр қонақтық пен туған күндерге арналған дастарханды «вупи пай», «қоңыр барқыт» секілді бәліштерсіз елестету мүмкін емес. Ел көлемінде ғана емес, әлем бойынша кондитер мамандарына сұраныс өте жоғары әрі зор бәсекелестік байқалады. Үздіктердің қатарына ілігу үшін кондитерлер алуан түрлі экспериментке барып жүр. Бірі атақты тұлғалардың мүсінін айнытпай шығарса, енді бірі 6 метрлік, салмағы 1,5 тонналық тортты бағалы әшекейлермен безендіреді. Адамның үстіне киілетін көйлек-торттарды да жасап, таңқалдырған кондитерлер бар. Айтпағымыз, тәтті тортты шеберлікпен жасай білу де қыруар пайдасын тигізер сәтті бизнес екен.

8479faa4-130a-47e9-906b-76ee5f8bfd23

Сайқындық кондитерлер де жергілікті тапсырыс берушілердің көңілінен шығып келеді. Бүгінде торт пісіруді тұрақты кәсібіне айналдырған бірнеше кондитер халыққа қызмет көрсетіп жүрсе, солардың ішінде Ажардың қолынан шыққан тәттілеріне деген елдің сүйіспеншілігі бөлек. Қажырлы еңбектің, ерекше ұмтылыстың арқасында «Ажардың торттары» деген бренд өздігінен қалыптасып үлгерді.

Әдетте шебер аспаз не кондитерлер бала күнінен аспаздық өнерге жақын болғанын, асүйде анасымен жағаласып жүріп тағам пісіргенді жақсы көргенін айтатын. Біздің кейіпкеріміз керісінше тағам жасауға аса қызығушылық танытпаған көрінеді.

- Алдымда екі әпкем болғасын ба соларға арқа сүйеп асүйдің тірлігіне көп араласа бермейтінмін. Күндердің бір күнінде торт жасап, тапсырыс аламын деген ой түсіме де енбеген шығар. Күйеуге шыққан соң неше түрлісін пісіруді үйрене бастадым. Instagram-да кондитердің онлайн курсына қатысып, торт пісірудің қыр-сырын үйреніп алдым. Кейін қолымды үйрете берейін деген оймен қонақ шақырған сайын тортты сатып алмай, өзім пісіре бастадым. Ең бастысы «дұрыс шықпады, бисквит күйіп кетті» деген сан мың сылтауды алға тартып, пісіруден бас тартпау керек екен. Тәжірибе жинақталған сайын торттарың да тәтті, әдемі боп шығады. Сөйтіп, қайын апамның туған күніне торт жасап апардым. Сол шаңыраққа келген меймандардың барлығына ұнапты. Келесі күні тапсырыс алыңызшы деп қолқа сала бастады. Торт жасау кәсібіне осылай келгенмін. Жарнама жасап бер деп ешкімге өтініп көрмеппін. Бірінен бірі естіп, таралып кетті. Әлеуметтік желіде статусқа салып қоятын мүмкіндік пайда болғалы одан әрмен таныла түстім, - деп еске алады Ажар.

6e7d42c5-1e20-4a25-b7ae-e44292880c21

 Тәтті бизнесіне нық қадам жасау үшін қажетті құралдары болуы заңдылық. Әйтпесе, кең көлемде тапсырыс ала алмасы анық. Бағасына сапасы сай келмесе оның да абыройына сын. Жолдасы да жан жарының кәсібіне қолдау білдіріп, 100 мың теңгеге миксер, түрлі пішіндегі формалар, қоспалары және тағы басқасын алуына қолдау көрсетіпті. Кейін «Жас проджект» секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қомақты грантқа ие болады. Кәсіби кондитерлер қолданатын ыдыс-аяқтар, тоңазытқыш, газ сияқты керектіні түгел алады. Осындай мүмкіндіктің арқасында 2019 жылдың наурыз айынан күні бүгінге дейін сайқындықтарға тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

- Торт пісіру сүйікті хоббиіме айналды. Орда, Мұратсай, Темірмасин, Саралжын елді мекендерінен де тапсырыс жиі түседі. Оралдан да қалап алдыратын тұрақты тұтынушыларым бар. Әлі күнге дейін мен жасаған торттарға қатысты жағымсыз пікір естімедім. «Кремі тәтті, бисквиті өте жұмсақ» деп мақтауларын асырып жатады. Мереке күндері тапсырыстың екі-үш есе ұлғая түсетіні анық. Жай күндері ең аз дегенде бір-екі тортты  міндетті түрде жасаймын, - дейді ол.

Ажардың торт пісіруге қолғабыс қылатын сенімді көмекшілері бар. Қашан да жанынан табылатын әрі анасына қуана-қуана көмектесуге дайын қыздары да тортты шеберлікпен жасай алады. Әрқайсысы өз деңгейлерінде көмек қылады. Айаруы коржды пісірсе, Әйгерімі кремін дайындайды. Жеті жастағы Еркесі де миксерді ұстауға жарап қалыпты. Бес жастағы Даянасы да құр отырмайды. Торттың сыртқы безендірілуіне қатысты өз бағасын беріп отырады екен. Бір сөзбен айтқанда Ажар мен оның қыздарын «Ажар және оның компаниясы» деп айтуға болатындай. Алдағы уақытқа құрған жоспары баршылық. Арнайы цех ашып, ісін жаңа бағытта дамытқысы келеді.

-Тұрақты тұтынушыларым, ай сайынғы табысым да жетерлік. Бәріне шүкірлік етемін. Осыдан бес жыл бұрын торт пісіріп бастаған мен осы аралықта үлкен жетістікке жетемін дедім бе... Еңбектің наны тәтті деген осы шығар. Менің жасағанымды қыздарым да үйренуде, - дейді марқайып.

Торт пісіруді үйреніп жүрген қыз-келіншектерге де Ажардың айтары бар:

- Осы күнге дейін қанша мың торт жасағанымды нақты санамаппын. Бірақ қанша торт жасасам да рецептіге мән беріп, құрамына кіретін қоспаларды тек өлшеммен ғана саламын. «Бәрін де білемін, көзбен өлшеймін» деген түсінік жоқ. Мен әлі де таразының көмегіне сүйенемін. Сосын қосатын ингридиенттердің сапасы жақсы болғаны маңызды. Пісіру ұзақтығы, пештің жай-күйі де роль атқарады. Кілегейді де дұрыс таңдау керек, - дейді.

Тәтті торттардан бөлек былтырдан бастап шұжық өнімдерін өндіруді қолға алды кейіпкеріміз. Бұл салаға ол кездейсоқ келмепті.

- Бес жылдан бері дүкендерде сатылатын шұжықтарды мүлдем жемеймін. Не болса да өз қолыңмен таза ингредиенттерді қосып жасағанға ештеңе жетпейді. Орал қаласына арнайы барып, 60 мың теңгеге курс оқыдым. Шұжыққа қосатын қоспалар, дәмдеуіштерді Алматыдан алдырамын. Қалған керекті заттарды қала орталығынан жеткізіп береді. Етті әкем, қайын інім әкеледі. Тапсырыс берушілер аз емес. Қазір көпшілік дұрыс тамақтануға көшіп жатқан сыңайлы. Құрамы күмәнді шұшықтардан гөрі, қолдан жасалған өнімдерді құп көреді. Курсқа жұмсаған ақшам да ақталды, - дейді әңгімесінде.

Тәтті торттардан шұжыққа дейін... Ниет-ынта болса адамның тауды да қопарып, толағай табысқа жете алатынына Ажар Құрымбаева секілді кейіпкерлер дәлел.

Арайлым Есмағұл,

Фото кейіпкердің мұрағатынан

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале