Тереңкөл ауылдық округінде округ әкімінің 2026 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ищанов, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары, ветеринария саласының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесуде Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Даурен Ашихов І жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға тоқталып, округтің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндады. Оның айтуынша, округ аумағында ауыл инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған.
– Тереңкөл ауылдық округінде бүгінде 168 аула, 800-ге жуық халық тұрады. Биыл бірқатар шаруа қожалықтары жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, материалдық-техникалық базасын нығайтты. Сонымен қатар Нұрсай ауылындағы көбікті тереңдету жұмыстары толық аяқталды. Ветеринариялық блок құрылысы да тәмамдалып, құжаттары рәсімделу үстінде. Алдағы кезеңде Нұрсай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу, ауылішілік жолдарды жөндеу және Мереке ауылындағы көбікті тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, – деді округ әкімі.

Жиында аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ищанов ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері алдағы уақытта да назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ал «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының басқарма басшысы Бисебай Төлепов киік популяциясын бақылау және киік өлекселерін жинау жұмыстары жөнінде баяндаса, Тереңкөл ауылдық округінің жетекші мал дәрігері Бекболат Аяпов округтегі эпизоотиялық ахуалға тоқталып, мал ауруларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан ветеринариялық шараларды түсіндірді.
Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерін ескере отырып, салық түсімдерін арттыру, ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті қолдау, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
– Ауылдың дамуы – ортақ жауапкершілік. Сондықтан салық түсімдерін ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуы қажет, – деді аудан әкімі.

Кездесу барысында тұрғындар мал ауруларын емдеу және алдын алу шараларын күшейту, киік санын реттеу, аудан аумағынан алынған киіктерге салық салу және одан түсетін қаражатты жергілікті аумақтың дамуына бағыттау мәселелерін көтерді. Сонымен қатар Мереке және Беспішен елді мекендеріндегі көбіктерді қазу, Нұрсай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу, ауылішілік жолдарды жөндеу жөніндегі ұсыныстар да айтылды.
Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытында тиісті бөлімдер мен мекемелерге, округ әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы