3.05.2026, 10:00
Оқылды: 19

Тұрғындар пікірі – басты назарда

Казталов ауданында ауыл тұрғындарымен тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Ауыл тынысы: пікір және ұсыныс» атты көшпелі кездесулер легі жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бастама – ауылдағы өзекті мәселелерді жергілікті жерде талқылап, нақты шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.

image-02-05-26-10-21

Осы ретте Ақпәтер ауылдық округінде кезекті мазмұнды кездесу өтті. Аталған жиынға «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев бастаған облыстық деңгейдегі бірқатар басқарма өкілдері арнайы іс-сапармен келді. Делегация құрамында білім беру, денсаулық сақтау, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жер ресурстарын басқару, мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері салаларының жауапты мамандары болды.

Кездесуге сондай-ақ Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, аудандық мемлекеттік мекеме басшылары, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты. Бұл – билік пен халықтың ашық диалог алаңында бас қосқан маңызды жиын болды.

image-02-05-26-10-21-1

Жиын барысында Ақпәтер ауылының тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді ашық көтерді. Ең алдымен, білім беру нысандарының жағдайы сөз болды. Ата-аналар мен ұстаздар мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушыларға қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар ауылдағы мәдениет үйінің жағдайы да назардан тыс қалмады. Тұрғындардың айтуынша, мәдениет ошағының орындықтары мен ішкі жабдықтары ескірген, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұл – ауыл жастары мен тұрғындарының мәдени-рухани дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екені айтылды.

Инфрақұрылым мәселесі де кеңінен қозғалды. Атап айтқанда, ауылға кіреберіс жол мен ауылішілік көшелердің сапасы сын көтермейтіні, көктем-күз мезгілдерінде қатынас қиындайтыны тұрғындар тарапынан нақты жеткізілді. Жол мәселесі – ауыл өмірінің сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі екені белгілі.

Денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстар да айтылды. Тұрғындар медициналық қызмет сапасын арттыру, қажетті мамандармен қамтамасыз ету және дәрі-дәрмек қолжетімділігі мәселелерін көтерді. Сонымен қатар қыс мезгілінде балаларға арналған спорттық құрал-жабдықтардың (шаңғы, коньки) жеткіліксіздігі де сөз болып, бұл бағытта қолдау қажеттігі жеткізілді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары жеке мәселелерін де ортаға салды. Әрбір сұрақ назардан тыс қалмай, тиісті сала мамандары тарапынан нақты жауаптар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір мәселелер бойынша жауапты мекемелерге тапсырмалар беріліп, бақылауға алынатыны айтылды.

Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат алуына, өз құқықтары мен мүмкіндіктерін толық түсінуіне үлкен септігін тигізді.

Іс-шара аясында облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев ауылдың әлеуметтік нысандарымен де танысты. Атап айтқанда, Ақпәтердегі күрес клубының жұмысы мен ауылдық мұражайдың тыныс-тіршілігіне назар аударып, олардың маңыздылығын атап өтті. Бұл нысандар – ауыл жастарын спортқа баулып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде ерекше рөл атқарып отырған орталықтар.

image-02-05-26-10-21-3

Жалпы, мұндай көшпелі кездесулер халық пен билік арасындағы ашық әрі тиімді байланысты нығайтуға бағытталған. Ең бастысы – тұрғындардың мәселелері жергілікті жерде тыңдалып, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беріледі. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі.

Ернәсіл Рысқалиев

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале