21.06.2016, 10:55
Оқылды: 24

Еңбектерің жансын, қособалықтар!

Еңбектерің жансын, қособалықтар!  Сырым ауданы әкімі Абат Шыныбеков Қособа ауылдық округіндегі жұмыс сапары барысында былтыр желтоқсанда жұмысын бастаған халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығында болды. Бұл орталықта қолынан кәсіп келетін ауыл азаматтары ауылдастарына қызмет көрсетеді. Осы мақаламызда кейбір ауыл тұрғындарының еңбегін елге насихаттағанды жөн көрдік.


    Жәнібек Жұма - Қособа орта мектебінің былтырғы жылғы түлегі. Оның оқушы кезінен қайшы мен тараққа ептілігі бар еді. Жәнібек биыл Орал қаласындағы сервис және жаңа технологиялар колледжін «Шаштараз» мамандығы бойынша аяқтайды. Қазір ауылдағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығында өзін өндірістік тәжірибеден өткізіп жүр.

    - Орталықта жұмыс жасағаныма ай жарымдай уақыт болды. Бұл маған әрі жұмыс әрі тәжірибе. Шаш қию деген – талғамның ісі. Қызметіңді тұтынған адамды разы қылу – басты міндет. Ерлердің шашын қиямын. Күніне 3 – 6 кісі шаш қидырады. Қызметімнің құны қолжетімді. Ерлерге – 600 теңге, ал балаларға 400 теңге. Қазір тәжірибе жинау үстіндемін. Болашақта әйелдердің шашын қиюға да мүмкіндігім болатын сияқты. Кәсіптік білімді игергендігім жөнінде дипломымды алғаннан кейін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы ауылдағы жұмысымды жалғастырамын. – дейді бізге шаштараз жігіт.

    Сұлу Ғазезова – тігінші. Өзі - Қособа ауылының келіні. Бала күнінен іс тігуге икемді Сұлу өзінің тігінші болғысы келетінін  сол кезде-ақ білді. Кейін облыс орталығындағы Орал сервис және жаңа технологиялар колледжін «Тігінші» мамандығы бойынша аяқтады. Колледж Сұлуды кәсіби тігінші етіп қалыптастырды. Тігіншінің жұмысы жөнінде бізге айтқаны мынау:

   - Ауылда қызметіме сұраныс бар. Ауылдастарымыз көрпелердің тыстарын тігуге тапсырыс береді. Әжелеріміз көйлектер тіккізеді. Күнделікті киімдерді жөндетуге келетін тұрғындардың да қарасы көп.

   Өзімде электронды тігін машинасы бар. Енді торлап тігетін машина алсам ба деп отырмын. Жергілікті жерде оқушылардың мектеп формасын тіктіру жөнінде ұсыныстар айтылуда. Тапсырыстар түсіп жатса сұранысты орындауға мүмкіндігім бар.

  Қазір жеңіл киімдер тігумен шектеліп отырмын. Тұрғындардың ішінде стандартты үлгідегі киімдер келіңкіремейтіндері бар. Олар киімдерді өздеріне арнап тіктіргенді жөн көреді. Болашақта ерлердің классикалық киімдерін тігуді қолға алғым келеді.

www.zhaikpress.kz
Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале