24.03.2016, 13:12
Оқылды: 43

Жан жадыратқан Жыл басы

????????????????????????????????????

   Ақжайық ауданы орталығының басты алаңында бұл жолғы Наурыз аса бір тағылымды өткенін айтқан жөн. Мәдениет саласының басшы-қосшысы бастап, еңбек ұжымдары қостап, мерекені этнографиялық көріністерден гөрі Ұлыстың өз философиясына орай ұйымдастыруға күш салғанын орынды бағалаған жөн.


Дәстүрлі әншілер жырының аясында «Жайлауға көшу» көрінісімен басталған салтанат Жаңа күннің бүкіл рухын жеткізді. Қазақтың күллі Жер бетіндегі тыныштықты, үйлесімді, беймарал күйді Құдайдан сұрайтын тілегіне сай, адамның жаңаруының, әлемнің жаңаруының лебі есті алаңда. Күн мен түн теңескен мезгілдің идеалы осы ғой. Әні, қыз бен жігіттің айтысы да, атбәйгесі мен көкпардың да, алтыбақан басындағы ойын-сауықтың да айтары сол. Ұлыстың мәңгі соққан жүрегі бар, жол бастаған тұлпар тыныс жүрегі бар... Алаңның қос қанатынан қаздай тізіліп шыға келген әжелердің тіршіліктің далақтаған даудан, жалақтаған жаудан ада болуын тілеп, айналасын аластауы да көпшілікті толқытты. Адам табиғатпен үйлесімді, табиғаттың заңдарына бағынып өмір сүруге тиісті екенін қаперлейтін осындай көріністердің өнегесін айт, ой салуын айт.

Міне, тарих тағы да жаңғырды. Жайлауға келген жұрт ағайынның алты жастағы немересінің ат жалына жармасып, ашамайға отырған тойына куә болды. Оң қолына қамшы ұстаған сәби – халқының үміті, ертеңгі қолғанаты, сақшысы, сүйеніші. «Ал, ақ тілек, ақ тілек, Атқа тоқым сал білек, Атқа да жақсы шаба біл, Жасыңнан малды баға біл, өнеге, өнер таба біл, Аймағыңа жаға біл...».

Қазақтың сөзі қандай, батасы қандай де. Одан әрі «Қыз Жібек» композициясы да тамаша қойылды. Ежелгі мейрам тағдыры – адам тағдыры. Наурыздың осындай мұратын әйгілейтін ажарлы, айшықты көріністер бірінен бірі асты, тасыған тау суындай лекітті. Осы орайда мәселен, Ақжайық агротехколледж, орталықтандырылған кітапхана, Ақжайық балалар музыка мектебі, мектептер, басқа да ұжымдардың, көркемөнерпаздардың, барлық мәдениет қызметкерлерінің атсалысуына алғыс арнаған абзал.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов ақжайықтықтарға құттықтау сөз сөйледі.

Біздің Наурызда жарық дүниедегі күллі озық мәдениеттің, саналылықтың, еркіндіктің жарқылы бар. Сан ғасырдан халықпен бірге жасап келе жатқан мейрамның адам баласының жаңаруындағы, бүгінгі жаңа Қазақстан үшін береке-бірлігіміздегі маңызы жайында айта келіп, Әділ Тауфиқұлы Ұлыстың дәл алдындағы айтулы саяси шара – еліміз Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға ұйымшылдықпен қатысып, жарқын тағлдырымыз үшін мүдделілік танытқан ақжайықтықтарға зор алғысын арнады.

Ә.Т.Жоламановтың құттықтау сөзінен соң мерекелік сахнаға бірнеше ауылдан кәсіпкерлер шықырылды. Ауданның ортақ істеріне белсене қатысып жүргендері үшін оларға естелік сыйлықтар тапсырылды.

Еңбек ардагері Раушан Слямғалиева, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай, «Радуга» славян мәдени орталығының жетекшісі Валентина Боричевская қалың жұртқа игі тілектерін айтты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мереке Зиналиев өз саласының үздіктеріне – Наурыз қарсаңындағы тағылымды шара, байқауларда дараланған мұғалімдер мен шәкірттерге естелік сыйлықтар тапсырды.

Қазпоштаның аудандық байланыс торабы мереке барысында «Мықты денсаулық несиесі», «Юнистрим» ақша аударымы, «Сенім» қызметі, т.б. акцияларын тұрғындарға кеңінен насихаттады, сондай-ақ Чапаевтағы 3 отбасындағы оқушыларға оқуға ажетті құралдарды тегін тапсырды.

Қарияларға арнайы тігілген киіз үйде мерекелік дастарқан жайылды.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале