3.07.2020, 15:31
Оқылды: 172

«Мен ұрпағымыздың аман қалғанын тілеймін»

Қымбатты ағайын! Айналайын, туыс, достар, жамағат! Айтқанымызға құлақ асыңыз!

DB866D5A-77EA-4F7F-8A9F-0D2C1F29D983

Бүгінгі таңда әлемді жайлаған коронавирус эпидемиясы біздің азғантай ғана санаулы саусақпен санап алатындай ұлтымыздың да басына төнді. Бұны адамзатпен бірге кешіп отырған қасіретті күндердің бірі деп санауымыз керек. Бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бұл ауру өтірік ойлап тапқан деген сөзден аулақ болыңыздар! Мінекей, азғантай уақыттың ішінде карантинді өзіміз бұздық, өзіміз жасырынып, той-томалаққа бардық. Соның салдарынан бүкіл елге тарап кетті. Қайтадан карантиндеміз. Ал бұл отырыс бүкіл экономикаға, бүтін тұрмыс-тірлікке кеселін тигізетіндігі сөзсіз. Оның бәрін түсінерге керек. Бәрін жақсы ұғынып отырсыздар ғой деймін. Сондықтан ауру жоқ дегендерге, өздерін батыр көрсететін адамдарға ермеңіздер, олардың айтқандарының бәрі жалған. Барлығы надандықтан шығады. Оқуы аз, сауатсыздар бұның барлығын өздерінше болжап, өздерінше айтып жатыр. Ондайдан аулақ болыңыздар. Мәдениетті болу керек, сауатты болу керек, адамзат ұрпағы сонда ғана жеңеді мұны!

Жас ұрпаққа жеке бас мәдениетін бесіктен үйрету керекпіз. Медицинаға көңіл бөлетін кез келді. Ал енді тек әшейін «мынау тер кетеді ғой, сорпа ішсем жазыламын ғой» деп алданышқа түспеңіздер. Бір үйден бірнеше адам кетіп отыр. Таныстарымыз, жолдас қимастарымыз кетіп жатыр өмірден. Оның барлығы ойыншық емес. Абайлаңыздар, ойлаңыздар, ұқыпты болыңыздар! Тым болмаса, балаларды үйретіңіздер! Салауатты, сауатты ұрпақ қалсын артымызда.

Айналайын ағайын! Бәріне жауапкершілікпен қараңыздаршы! Мен өтінемін, ана ретінде! Мен өз ұрпағымның аман қалғандығын тілеймін! Ал бірақ жер бетінде адамды азайтуға жасалған осы әрекет бұл енді бүкіл әлемнің 80 пайызы ауырып шығатын болса, ғалымдардың айтуы бойынша бұдан кім аман қалады, аман қалудың жолын іздейік!

Сондықтан сауатты, салауатты, мейірімді, қайырымды болайық, абайлайық!

Барлық жиған-тергендеріңізді пайдаланып, аман сақталудың жолын ойлаңыз. Елдікке бірігейік, адамшылдыққа бірігейік! Айналайындарым менің, жүрегім соңғы кезде қатты аурады. Мен қатты алаңмын! «Сақтансаң, сақтармын» деп айтты Жаратқан Алла деп бес түн үйретіп еді ғой ата-бабамыз. Сақтаныңыздар! Сақтаныңыздар!

Барма деген жерге бармаңыздар. Дәрігердің айтқанын тыңдаңыздар, қазір орын жоқ емделетін. Үйде жатып қалмаңыздар. Екі күн жетеді. Қызу мен суық тиген сияқты болып басталған, жөтел немесе өкпенің қабынуы екі-үш күн жетеді, о дүниеге аттанып кете барады... Қай жаста екеніне қарамайды. Үлкенге де, кішіге де, иммунитеті аз адамдарға өте қатты соғып жатыр. Ойланыңыздар, халқым, ойланыңыз ағайын, абай болыңыз! Аман болыңыздар! Мен баршаңа тілекшімін!

Ақұштап Бақтыгереева,

ақын, қоғам қайраткері

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале