2.10.2017, 17:40
Оқылды: 35

Өнер жұлдыздарының қатысуымен Оралда қайырымдылық акциясы өтті

1Орал қаласында өткен биылғы ІІІ Қайырымдылық Гранд-балы «Бар махаббатпен-Love for ALL» тақырыбын арқау етті. Гранд-бал аясында танымал отандық эстрада және өнер жұлдыздарының қатысуымен облыс аумағында көптеген қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Бар махаббатпен» қайырымдылық акциясының жұлдызды қатысушысы - қазақ өнер көгіндегі ең жарық жұлдыз, тума талантымен төрткүл дүниені тамсандырған Димаш Құдайбергенов қалалық әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінде болып, қамкөңіл қариялармен кездесті.

Қытайдағы ән байқауында Димашқа жанкүйер болған қалың көрерменнің қатарында осы қарттар үйінің тұрғындары да бар. Сүйікті ұлдарымен кездесуді асыға күткен қариялар Димашты ерекше көңіл-күймен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Көпшіліктің құрметіне ризашылық танытқан әнші «Бір бала» әнін музыканың сүйемелдеуінсіз әуелете шырқап берді. Димаш көрерменнің көзайымына айналып үлгерген «Дайдидау» әнін тамылжыта төгілткенде музыканың тылсым құдіретіне елтіп, көздеріне жас алғандар көп болды. Қарттар өздерімен арнайы сәлемдесе келіп, өнерімен тәнті қылған әнші ұлдарына ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудырды.

-Сіздерді Қазақстанда өтетін жеке концертімде күтемін. Сәті түсіп, өздеріңізбен қауышқаныма өте қуаныштымын. Алтын уақыттарыңызды бөліп, кішігірім қонақ кәде өнеріме қол соғып отырғандарыңызға рақмет. Аңсағандарыңыз орындалсын, - деді кездесу соңында Димаш Құдайбергенов.

«Бар махаббатпен-Love for ALL» қайырымдылық акциясы аясында танымал әншілер Гүлнұр Оразымбетова мен «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы, тележүргізуші, продюсер Жанар Байсемізова отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездессе, талантты композитор, әнші Ренат Гайсин облыстық көздері соқыр және нашар көретін балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатында болып қайтты. «Евровидение-2011» байқауының жеңімпазы, актер Эльдар Гасымов пен жұлдызды визажист Сәнді Бексырға облыстық есту-сөйлеу қабілеті бұзылған мектеп-интернатының оқушыларымен дидарласып, шеберлік сағатын өткізді. Бұған қоса «Ардагерлерді ардақтайық» акциясына қатысқан дарынды жас актер Асылхан Төлепов тыл ардагері Раиса Сүлейменоваға көмек көрсетса, «Асар» жобасы бойынша «Бастау» тобының жігіттері жалғызбасты қария Петр Тарасенконың үйінде болып, қайырымдылық танытты.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале