23.12.2016, 18:41
Оқылды: 29

Ақжайықта бизнес-форум өтті

????????????????????????????????????

  Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта өткен кәсіпкерлер форумы мерейтойлық жылдың айтулы бір шарасына айналды. «INVEST-AKZHAIK»: бизнес идеялардың тоғысы» атты бұл форумға өңірімізден, Ақсай қаласынан, көршілес Атырау облысынан да шаруа қожалықтарының жетекшілері, басқа да кәсіп иелері, ауданның өзінен алдағы кезде өз істерін ашуға дайындалып жүрген тұрғындар да шақырылды.


  Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов жиналғандарды 18 ауылдық округтегі кәсіпкерлік көкжиегімен жан-жақты таныстырды. Жыл өткен сайын бұл салада тұрақтана түскен оң өзгерістер аз емес. Биыл 364 жаңа жұмыс орындары ашылды. Өткен 11 айда саладағы өнім өндіру мен көрсетілген қызмет көлемі 5 млрд. 317 теңгені құрады, бұл былтырғы осы кезеңдегіден 16,6 пайызға артық.

  Бұл үлкен шара барысында кәсіпкерлерге экономикалық тиімді бірсыпыра жобаларды қолға алу ұсынылды. Мысалы, аудан аумағында тауарлы сүт фермасын, сүт өңдеу, шұжық цехын ашуға мүмкіндік бар. Құс, балық шаруашылықтарын, мал бордақылауды да дамытуға болады, сондай-ақ жем өндірісін, жылыжай құрылыстарын, алма бақтарын жасақтауды да қолға алатындар белсеніп шықса, оларға әрине, қолдау болады. Айталық, түлік бордақылаумен, балық өсірумен айналысып жатқан кәсіп иелерінің тәжірибесі егер ұмтылыс болса, іс көп ұзамай-ақ нәтиже беретінін көрсетіп отыр.

  Форумға қатысушылар аудандағы маңдайалды кәсіпкерлердің беталыстарымен танысты. «Меридиан-Орал» ЖШС директоры (Орал қаласы) Ерлан Ахонғожиев ауданда құс фермасын ашу жөнінде жоспары барын жеткізді. Бударин ауылы тұсынан автосервис кешені құрылысын бастаған оралдық Айбатыр Хангереев алдағы көктемде бұл құрылыс аяқталатынын, жер-жердегі кәсіпкерлердің бір-бірімен байланыс ұстап тұру қажеттігін айтты. Ақсайлық Ержан Бекеев жылыжай құрылысын салуды көздеп отырғанын баяндады. Аудан орталығындағы бұрынғы модульдік ғимаратты жеке бизнес үшін жасандыруды аяқтаған кәсіпкер Ерхат Досқалиевтың (Орал) да жоспарларын әріптестері қызыға тыңдады. Кәсіпкерлер Жанболат Шәкімов пен оның ұлы Қайырбек сүт фермасын жасақтау жөніндегі жоспарларымен, Атыраудан «Айка» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Жанғалиев Тайпақ ауылында құрама жем өндірісі және қасапхана ашу жөніндегі ойларымен бөлісті.

  Осыдан соң аудан әкімі Ә.Жоламанов пен бірнеше кәсіпкер ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Қатысушылар аудан орталығына таяу жердегі «БатысМарқаЛамб» ЖШС-нің ет комбинатының жұмысымен танысты. Олар сондай-ақ В.И.Чапаевтың мемориалдық музейінде болып, бұл тарихы терең мекеменің жұмысынан да кеңінен хабардар болды.

  Форумға облыстық кәсіпкерлер және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Сатқалиев қатысып, сөз сөйледі.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале